Қорғаныс министрлігі бейбіт күнде қынадай қырылып жатқан жас жігіттердің өліміне түрлі себептерді атайды: ауру-сырқау, суицид, жол-көлік оқиғасы, тағы басқалар.
Төрт жылдың ішінде қазақ әскерінде 310 сарбаз көз жұмған
Фото: Қорғаныс министрлігі
406
оқылды

2020 жылдан бері әскерде қаза тапқан сарбаздардың саны 310 адамға жеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz Atameken business арнасына сілтеме жасай отырып.

 

Қорғаныс министрлігі бейбіт күнде қынадай қырылып жатқан жас жігіттердің өліміне түрлі себептерді атайды: ауру-сырқау, суицид, жол-көлік оқиғасы, тағы басқалар.

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғандардың өлімі жылдан-жылға артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев былтыр 2020 жыл мен 2023 жыл аралығында армияда 270 сарбаздың бақилық болғанын мәлімдеген еді.

Төрт жылда 310 сарбаздан айырылсақ, жылына 77 жас жігіт қыршынынан қиылады деген сөз, олай болса аптасына бір сарбаз жан тапсырады деп топшылауға болады. 

Кеше ғана Маңғыстау облысында қатардағы жауынгер Марат Барқұлов кісі қолынан қаза тапты. Оны Оймаша полигонында гвардия лейтенанты тапаншамен атып салған. Жалғыз ұлынан айырылған әке кінәлі адамның әділ жазалануын шырылдап сұрап, құзіретті органдарға видеоөтініш жолдап жүр. Әлеуметтік желіде «баламды әскерге жібермеймін» деген сарындағы пікірлерге көз шалынады. Қазақ ұлдарынан патриотизмді, ел мен жерге деген адалдықты сұрау үшін армияға тәртіп енгізіп, бірізге салуды билік органдары міндетіне алуы тиіс деп санайды халық. 

Айта кетейік, петициялар сайтында міндетті әскери қызметті жою туралы бастама пайда болған. Петиция 2024 жылдың 21 қыркүйегіне дейін талқыланады. Егер ол 50 мың қол жинаса, Қорғаныс министрлігі өтінішті қарауға міндетті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.