Дамыған елдер өз нарығын шығыстан келетін арзан тауарлардан қорғау үшін сауда соғысына дайын екенін білдіруде. Олар неден қауіптенеді?
Қытай электромобильдері неге қорқынышты?
Қытай электр көліктері Тайцанг портынан АҚШ пен ЕуроОдақ нарығына жөнелтілуге дайын. Фото japantimes.co.jp сайтынан алынды. Авторлығы: Bloomberg
1,489
оқылды

Financial Times еуропалық елдер өздерінің ішкі нарығын қорғауда қандай шешімдер қабылдауға дайын екенін жазды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz бұндай саясаттың түпкі себептерін талдайды.

Қытайлық электр көліктері тарифтер көтерілгеннен кейін ЕуроОдақ пен АҚШ нарығына кіре алмай тұр. Фото fortune.com сайтынан алынды

ЕуроОдақ Қытайда өндірілген электр көліктеріне 50%-ға жуық баж салығын енгізуді ұсынды. Осы себепті Еуропалық комиссия келесі аптада Бейжің мен Брюссель арасында болуы мүмкін маңызды келіссөздер алдында қытайлық электр көлік өндірушілерінің тарифтерді күрт көтеруді жұмсарту туралы ұсыныстарын қабылдамады.

Тарифтер комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен бастаған бірнеше айға созылған тергеуден кейін қабылданды. Бұл блокқа мүше 27 ел мен әлемдегі екінші үлкен экономика (Қытай) арасындағы сауда шиеленісін күшейтті.

ЕуроОдақ шенеуніктері бұл тарифтер еуропалық өндірушілерді Бейжің тарапынан әділетсіз субсидияланатын арзан қытайлық электр көліктерінен қорғау үшін қажет екенін айтады.

Қытай сауда соғысын қаламағанымен, қарсы соққы беруге дайын. Фото techzine.eu сайтынан алынды

Сауда комиссиясының өкілі Олоф Гилл бейсенбіде (12 қыркүйек) комиссия бірнеше қытайлық автокөлік экспорттаушылардың «баға міндеттемелері туралы ұсыныстарын» қабылдамады, бірақ Еуропа «келіссөздер арқылы шешім қабылдауға ашық» екенін мәлімдеді.

«Біз субсидиялардың (Қытай мемлекетінің) зиянды әсерін жоюға және оларды тиімді бақылауға және жүзеге асыруға болатындығына көз жеткізгіміз келеді. Комиссия ұсыныстардың (қытайлық компаниялардың) ешқайсысы аталған талаптарға сай емес деген қорытындыға келді», – деді ол.

Қытайлық компаниялардың баға ұсыныстарын еуропалық шенеуніктер жарияламай, құпия ұстауда.

Тарифтер Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен бастаған бірнеше айға созылған тергеуден кейін қабылданды. Фото Еуропарламенттің ресми сайтынан алынды

ЕуроОдақ мүшелері қазан айының соңында қытайлық электромобильдерге салынатын тарифтерді дауысқа салады. Қытайлық автоөндірушілердің ұсыныстарын қабылдамау шешімі сауда соғысынан қауіптеніп, Қытайға қатысты ЕуроОдақ мүшелері арасындағы келіспеушіліктер күшейген кезде қабылданды.

Қытайдың Сауда министрі Ван Вэнтао келесі аптада Брюссельде ЕуроОдақ сауда комиссары Валдис Домбровскиспен кездеседі. Олоф Гиллдің айтуынша, Қытай тарапы ЕуроОдақ өнеркәсібіне зиян келтіру қаупі жоғары электр көліктерге қатысты даудың шешім табуы керек. 

«Комиссия бұл шешімнің қандай болуы керектігі туралы нұсқау бере алмайды, ондай құқық бізде жоқ. Біз келіссөздерге ашықпыз. Сөз кезегі оларда», – дейді ол.

АҚШ қытайлық электромобильдерге салынатын тарифтерді 100%-ға көтерген соң, ЕуроОдақ та Қытайда шығарылған электромобильдерге 50%-ға жуық баж салығын енгізбекші. Бірақ бұндай қадамға баруға Испания мен Германия қарсылық білдіруде. 

 

Қытай болса ұсынылған тарифтерді сынға алып, оларды климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күреске нұқсан келтіретін батыстық протекционизмнің күшею деп атады. Қытайдың Дүниежүзілік сауда ұйымындағы бұрынғы елшісі И Сяочжун бұл мәселені әлі де келіссөздер арқылы шешуге үміттенетінін айтады: 

«Қытайда ешкім сауда соғысын қаламайды. Менің ойымша, Қытай оны болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Дегенмен Қытайға АҚШ-пен келісімге келу одан да қиын. Біз ЕуроОдақ Қытайды сауда соғысына итермелейтін мұндай біржақты протекционизмге қосылмайды деп үміттенеміз».

Брюссельдің тергеуінен кейін Бейжің де еуропалық сүт өнімдеріне, коньяк пен шошқа етіне тексерулер жүргізіп, ДСҰ-ға шағым түсірді. Бұндай симметриялы қадам Қытайдың ЕуроОдақ-тың негізгі мүше мемлекеттерінің сезімтал мүдделеріне қарсы соққы беруге дайын екенін көрсетеді.

Қытайлық арзан Onvo L60 жол талғамайтын электромобилі. Фото japantimes.co.jp сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

ЕуроОдақ импортына қатысты тергеулер электромобильдерге тарифтердің салдары ма деген сұраққа қытайлық лауазымды тұлғалар бұнда «тікелей байланыс жоқ» деген жанама жауап бергенімен, «екі жаққа да тиімді саясат пен іскерлік қарым-қатынас қажеттігін, әйтпесе, қарсы жауап қайтарылатынын» да ескертуде.

Ұзақ жылдар бойы жалғасып келетін көшбасшылықтан айырыла бастаған, көпполярлы әлемге қарсылық танытқан Батыс елдері Қытайдың экономикалық дамуына тұсау болатын барлық әдіс-тәсілдерді қолдануда. Алайда даму заңдылықтары жасанды кедергілердің тиімділігін жоққа шығаратынын қазіргі Украина мен Израильдегі жағдай айқын көрсетіп беруде. Қазақ елі бұндай жағдайдан сабақ алады деп ойлаймыз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.