Қарапайым оқырман спорттық жарысқа ветеринарлардың не қатысы бар деуі әбден мүмкін. Бір қарағанда, тосын естілетіні де рас. Бірақ бұл мамандардың көшпенділер ойынына тікелей байланысы бар екен. Өйткені ойын түрінің көбі жылқының жалында өтеді. Бәйгені, аударыспақты, жамбы атуды, көкпарды арғымақтарсыз елестету мүмкін бе? Жоқ, әрине. Мұнда ер-азаматтың білегі мен ептілігі ғана сыналып қоймайды, астындағы сәйгүліктерге де ерекше күш түседі. Желмен жарысып, ауыздығымен алысқан тұлпарларға да бап та, бақ та қажет. Сондықтан жарыстардың дұрыс және ретті ұйымдастырылуында жануар денсаулығы мен жайлылығын ветеринариялық бақылау өте маңызды.
Мал дәрігерлері жарыс алдында спорт сәйгүліктерінің физиологиялық және клиникалық жағдайын жан-жақты тексерістен өткізеді. Бұл ойынға қатысатын жануарлардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоғына кепілдік береді. Жарыс кезінде жарақаттар пайда болған жағдайда дәрігерлер жануарларға қажетті медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ ойын кезінде жануарларды гуманды пайдалану ережелерінің сақталуын бақылау да – ветеринариялық қызметтің тағы бір маңызды міндеті. Бұл жұмыс спорт малының қауіпсіздігін қамтумен қатар ойындардағы жалпы әділеттік пен спорттық этиканы сақтау негіздерінің бірі саналады.
Осы ойындардың ветеринариялық қызметін атқару үшін елордамыздағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Ветеринариялық медицина кафедрасының меңгерушісі, «Болашақ» президенттік бағдарламасының түлегі, ветеринария ғылымдарының кандидаты Жомарт Кемешов бастаған бір топ маман атсалысып жатыр.
Еске сала кетейік, Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көшпелі халықтардың 21 дәстүрлі ойын түрі бойынша 89 елден 2 500 спортшы бақ сынап жатыр. Дүбірлі дода кеше өз мәресіне жетті.