Ащы жанайқайын жергілікті құзырлы органдардан бастап министрлікке дейін талай мәрте хабардар еткенімен ауылдардағы медициналық емдеу мекемелерінің сапасы сын көтермейді. Жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жедел жәрдем көлігі жоққа тән. Салдарынан ауылдағы ақ халаттылар қабырғалары қақырап, төбелерінен су сорғалайтын тозған ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр. Мұнымен қоса, тиісті құрылғылары жоқ ескі жедел жәрдем көлігі күнара бұзылып қалатынын айтады. Ал ауыл тұрғындары жекеменшік әрі жабдықталмаған жекеменшік көліктерді жалдап аудандық ауруханаға баруға мәжбүр.
Түйткілді мәселе Аршалы ауданына қарасты Константинов, Белоярка, Шортанды ауылдарының тұрғындарын аса қатты алаңдатып отыр. Бүгінде 1500 адамға жуық халық түтін түтететін ауылдарда медициналық жағдай аса мүшкіл жағдайға жеткен. Бұл жолы жоғарыда аталған ауылдарда тұратын жұртшылығы ауылдағы медицина саласындағы халықтың шымбайына батқан ауыр жағдайды бүге-шігесіне дейін баян етті.
Тұрғындардың айтуынша, үш бірдей ауылдағы қалың қауымға жалғыз жедел жәрдем көлігі жеткіліксіз болып тұр. Әрі оның жүргенінен сынып тұрғаны көп. Салдарынан, тұрғындар аудан орталығына үнемі науқастарды шырылдап жүріп, көлік іздеп оны жалдап жеткізетінін айтады. Мұнымен қоса, халыққа ем-дом жасайтын ақ халатты дәрігерлердің де мардымсыз жалақыға жұмыс істеп жүргені айтылмай қалмады.
– Аршалы ауданына қарасты біздің Белоярка, Константинов, Шортанды ауылындағы жұртшылық ащы жанайқайымызды биліктің құлағына жеткізе алмай келеміз. Бізде үш ауылда тек бір ғана жабдықталмаған әрі тозығы жеткен жедел жәрдем көлігі бар. Үнемі бұзылып жөндеуде жатады. Оның өзін жергілікті шаруашылық серіктестік берген. Сондықтан тұрғындар жеке жүргізушілерден аудан орталығына жеткізіп тастауға, өтінуге мәжбүр. Ал оның өзі аз қаржы емес. Кім көрінген келісе де бермейді. Бізде ауылда балалар мен жасы жеткен зейнеткер адам көп. Мен өз басым көп жағдайда науқас адамдарды көлігіммен тегін де, кейде жанармай үшін ғана қаражат алып апарып келемін. Өйткені халықтың мұң-мұқтажын көріп, жеткізіп салмауға арым жібермейді. Ал ауруханаларда науқастарды қабылдайтын мүлде жағдай жоқ. Тіпті, алғашқы жәрдем көрсететін дәрі-дәрмектер де тапшы. Қалыпты жағдайдағы медициналық тексерістен өту мүмкін емес. Ауруханаларымыздың халі мүшкіл. Константинов ауылындағы аурухана кабинеттерінің бәрінде қабырғалар қақырап, төбелерінен су сорғалайды. Ешқандай жөндеу жұмыстары жүрмейді. Дәрігерлер азғантай жалақы алып, тіпті жылыну үшін жамылғыны (плед) өз қаржысына сатып алады. Өздері жуады. Тіпті, мұнда әжетхана да жоқ. Электр сымдары үнемі қысқа тұйықталып жатады. Жергілікті шаруа қожалығының басшысы Маленеченко үнемдегіш фонарь сатып әперген. Дәрігерлер еш көмек бере алмайды. Өйткені жедел жәрдем көлігінде еш жабдық жоқ. Біздің әкім де, депутатымыз да еш назар да салмай отыр. Ал үш бірдей ауылға басты қажеттілік үш бірдей медициналық ғимараттың жайы аса мүшкіл, – дейді аршалылық тұрғын Ирина Аксенова.
Тұрғындар егер бір медбике бір ауылға балаларға екпе салуға кетсе екі бірдей ауыл көліксіз қалатынын айтады. Мұнымен қоса, тұрғындар қарапайым ауруханағы қыз-келіншектердің мардымсыз төрт сағаттық жалақыға жұмыс істеп жүргенін айтады. Түйткілді мәселені алдымен Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасынан анықтамақ болдық. Басқарманың баспасөз қызметі мәселені өздері де сол аудандық ауруханадан алатын болғандықтан Аршалы аудандық аурухана басшылығынан сұрауымызды өтінді.
– Толыққанды сұрақтарыңызға жауап алу үшін аудандық аурухананың бас дәрігеріне хабарласқаныңыз жөн болар, – деді Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Камила Әбделманова.
Содан мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Аршалы аудандық ауруханасының басшылығымен тілдестік. Аурухана басшысының айтуынша, жоғарыда аталған ауылдарға құрылғылары бар көлік берілмейді. Сондай-ақ әзірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу де жоспарға енгізілмеген. Дегенмен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
– Қазір Константинов селосында 939, Шортандыда 209, Белоярка селосында 217 адам тұрып жатыр. Көлік Константинов селосындағы дәрігерлік амбулаторияға бекітілген. Ол Белоярка мен Шортанды ауылдарына да қызмет көрсетеді. 2017 жылғы УАЗ маркалы көлік жартылай тозғаны рас. Сегіз жыл пайдалану кезінде екі мәрте жөндеу жүргізілді. Салдарынан көлік ұзақ уақытқа орташа бір аптаға тұрып қалды. Дегенмен орнына басқа машина ұсынылған. Осы жылы аталған көлік 3-4 мәрте бұзылып қосалқы бөлшектерді жеткізудің ұзақтығына байланысты әрі жөндеу жұмыстарымен 1-2 тәулікке тоқтап қалған. Константинов дәрігерлік амбулаториясына қажетті медициналық жабдығы бар санитарлық автокөлікті сатып алуға осы жылдың басында жергілікті бюджет есебінен облыстық Денсаулық сақтау басқармасына өтінім берілген. Шақыртуларға қызмет көрсету алғашқы медициналық көмек дәрігердің қашықтықтан кеңес беруі арқылы жүзеге асырылады, – дейді Аршалы аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Кенжеболат Бәкіров.
Бас дәрігердің мәліметінше, науқастарға қажет жағдайда жедел жәрдем бригадалары жақын маңдағы елді мекендерден жолданады. Сондай-ақ аурухана басшылығы алғашқы медициналық көмекке арналған дәрі-дәрмектің де тапшылығын жоққа шығарды.
Бас дәрігер ауылдардағы амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пунктердің тозығы жеткенін мойындады. Бірақ құрылыс жұмыстары қаржы тапшылығына байланысты тек 2026 жылға ғана жоспарланыпты.
– Иә, Констстантинов амбулаториясы сонау 1958 жылы салынған ғимарат. Жүз пайызға тозған. Өңірлік инфрақұрылымдық даму жоспарына сәйкес құрылыс тек 2026 жылға жоспарланып отыр. Демеушілердің көмегімен биыл ғимараттың шатырына ағымдағы жөндеу жүргізілген. Шортанды медициналық пункті ғимараты 1969 жылы салынған. Бұл ғимараттың да толықтай тозғаны рас. Құрылыс 2030 жылға жоспарланып отыр. Белоярка медициналық пункті 1988 жылы пайдалануға берілген. Бейімделген бұл ғимарат та қазір 100 пайызға тозған. Құрылыс жұмыстары 2029 жылға көзделіп отыр. Дегенмен аталған ғимараттардың қабырғалары қақырап, төбелерінен су ағып жатқан жоқ, – деп толықтырды Кенжеболат Қабдөшұлы.
Медициналық мекеме басшылығы ауыл дәрігерлері мен медициналық персоналдарының жалақы жағдайының да талапқа сай екенін айтып ақталды. Бас дәрігердің мәліметінше, Константинов ауруханасында штаттық кестеге сәйкес 14,5 штаттық бірлік бар. Бір жалпы тәжірибе дәрігері, 5,75 орта медициналық персонал мен 2 мөлшерлемелі санитар және 5,5 басқа қызметкерлер мөлшерлемесі бар.
– Барлық дәрігерлер мен орта буынды және санитарлар мен жүргізушілер сияқты жұмысшылар штаттық кестеге сәйкес жалақыларын алады. Тек жарты ставкалы санитар мен әлеуметтік қызметкер күніне 4 сағаттық жұмыс күнімен табелденеді. Жалақы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсанындағы «Мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен жұмыс істейтін ұйым қызметкерлерін азаматтық қызметкерлердің еңбек ақысын төлеу жүйесі туралы» қаулысына сәйкес бекітілген, – дейді бас дәрігер.
Қалай дегенмен де ауылдағы денсаулық сақтау саласының шектен тыс асқынып тұрғанын аңғару қиын емес. Құзырлы органдар мен министрлік халықтың басты байлығы – денсаулық сақтау саласына, әсіресе ауылдық емдеу мекемелерінің жай-күйіне селсоқ қарау болашағымыз үшін де қауіпті екенін естен шығармаса дейміз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы