Балет үш бөлімнен тұрады: «Үйлену тойы», QASH және «Рух».
«Астана балет» ұжымы «Киелі биді» сахналайды
402
оқылды

Almaty Theatre бірлесе қойылған «Киелі би» балет-триптихының «Астана Балет» театрының сахнасындағы премьерасы 4-5 қазанда өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Режиссер-хореограф Мукарам Авахри мен «Астана Балет» театрының дарынды солистері заманауи би тілінің күшімен замана арасындағы рухани байланыс туралы ой толғайды. Балет үш бөлімнен тұрады: «Үйлену тойы»,  QASH  және «Рух». Бұл туындыда түрлі мәдени және тарихи қатпарлар өзара өрілген.

Игорь Стравинскийдің музыкасына қойылған «Үйлену тойы» жас жұбайлардың тасадағы ойлары мен сезімдерін паш етеді. Себебі, үйлену тойы жай ғана салтанатты той емес, мағынасы терең жоралғы. Стравинскийдің таңдаулы туындыларының бірінің қыр-сыры көрермен назарына тағы бір паш етіледі.

 QASH  – мәдениет әу бастан шектеуге көнбейтін, қалыпқа салуға болмайтын құбылыс екені жайлы толғаныс. Халықтардың тарихы бір мезетте қалыптаса қойған жоқ, бұл – әрбір сәті мән-маңызға толы мәңгілік импровизация. Осы бөлімде Chemirani тобының  Le Retour de Molla Nasr’din  композициясы мен Муштари Исламованың вокалды партиясы орындалады. Гүзел Зәкір әзірлеген көркемдік тұжырымдама осы бөлімді ерекше визуалды стильмен екшеп, сахнадағы көріністің әсерін еселей түседі.

Абылай Әбілқасымұлының және Bugarabu тобының музыкасы мен Венера Оразбаеваның вокалды партиясына қойылған «Рух» қойылымы көрермен қауымды өткен дәуір атмосферасына жетелейді. Үйлесуі мүмкін еместей көрінетін дүниелердің қабысуы өзіңізді уақыт шеңберінде саяхат құрғандай әсерде қалдырады.

«Киелі би» триптихы – рухани және мәдени құндылықтар әлеміне бойлау, бұл жалғанда алар орнымыз жайлы мәңгілік сұрақтарға жауап іздеп, ішкі диалогке шақыру. Декорациядағы минимализмге қарамастан, триптих визуалды тұрғыда аса бай. Символдар мен бейнелері тартымды. Ғажайып музыка ырғағы, тартымды костюмдер мен дарынды әртістердің һас шеберлігі көрермен қауымды киелі би әлеміне жетелейді. Өзіңізді сахнадағы көрініспен тұтасқандай сезініп, замана мен мәдениет қатпарларына саяхат құрғандай күй кешесіз.