Qazaqstan телеарнасы белгілі әнші Ақбота Керімбекова мен «Жұлдызды жұп» бағдарламасының продюсері Динара Адам арасындағы дауға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Qazaqstan телеарнасы Ақбота Керімбекова мен Динара Адам арасындағы дауға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: жеке парақшасынан
3,813
оқылды
Qazaqstan телеарнасы белгілі әнші Ақбота Керімбекова мен "Жұлдызды жұп" бағдарламасының продюсері Динара Адам арасындағы дауға қатысты ресми мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
 
"Qazaqstan телеарнасының жаңа маусымдағы жобаларының бірі «Жұлдызды жұп» бағдарламасының түсірілімі қарсаңында қатысушылар орналасатын қонақүй нөмірін алдын ала рәсімдеуде қателік кеткен. Нақты айтқанда, әнші Ақбота Керімбекова келіп түскен қонақүйде оған арналған нөмір бос болмай шыққан. Ұйымдастырушылар тарапынан мәселе шешімі ретінде бірден өзге бірнеше қонақүйден нөмір таңдау ұсынылды, бірақ әнші одан бас тартты.
А.Керімбекова мен ұлы Біржан Шалқар – бағдарламаның таңдаулы жұптарының бірі. «Жұлдызды жұп» – тек музыкалық шоу емес, отбасылық құндылық, ән өнеріндегі дәстүр жалғастығы мен сабақтастығын көрсетуге бағытталған жоба. Жобада дәстүрлі әндер де, танымал композиторлардың халық арасында кең танылған шығармалары да, заманауи эстрада әндері де орындалады. Бағдарламаның қатысушылары мен олардың репертуарын Корпорацияның Көркемдік кеңесі іріктеп, бекітеді. Динара Адам продакшн компанияда жоба кеңесшісі міндетін атқарады. Одан бөлек, бұл жобада 195 маман қызмет етеді. Бағдарлама продюсері – арнаның бұған дейінгі «Егіз лебіз», «Дара бала» сияқты жобаларына жетекшілік еткен тәжірибелі маман Сандуғаш Рахымжанова.
Qazaqstan  телеарнасының музыкалық бағыттағы жобаларын өндіруші компаниялар арасындағы байқау ірі продакшндар арасында әр маусым сайын жарияланады. Отандық нарықта мұндай жобаларға маманданған шығармашылық ұжымдар көп емес.
Qazaqstan  телеарнасы мен арна көрермендері А.Керімбекова мен әншінің ұлы Біржан Шалқарды жобадан әрі қарай да көргісі келеді.  «Жұлдызды жұп» жобасы әр сенбі сағат 20:00-де тікелей эфирде шығады", – делінген мәлімдемеде.
 
Оған Ақбота Керімбекова былай деп жауап берді.
 
"Менің үндеуім түнгі 1-лерге таяу шықты. Ал оқиға түстен кейінгі уақытта болды. Еститін сөзді де сол уақытта естідім. Ал енді, түнгі 1-де үндеу жариялауға дейін тоқтатып тұрған бір нәрсе болса, ол – Ұлттық арнаға деген құрметім мен махаббатым. Бір бөскен әйелдің күйесі ұлттың бүтін арнасына жұғып кетті. Мені ең бірінші ел алдына шығарып, насихаттаған бір арна болса, ол – Қазақстан телеарнасы. Сонау жас күнімді, жас үнімді көзінің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізген де осы арна! Содан қалай аттап кетейін?.. Корпорацияға қарасты AbaiTV арнасы ұлт музыкасына музыкалық арналар жасай алмаған еңбекті жасап келе жатыр. Мен сол арнаның да көрерменімін. Дегенмен  Динаражанның әрекеттері менің сабырымды тауысып жіберді. Істеп жатқан әрекеттері мүлдем ақылға қонбайды. Әлі де кеш емес, менің үндеуіме жазылған халық пікірі – арнаның жұмысына берілген баға. “Маман жоқтықтан Украина, Ресейден режиссер жалдауға тура келеді”, – депті. Сонда Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы, “Шабыт”, т.б. университеттер не үшін режиссер мамандығын оқытып жатыр? Соларға ұлттық арна тапсырыс беріп, телевизия режиссерін дайындатса болмай ма?! Менің өкпе-назыммен емес, халықтың пікір-уәждерімен айналысып, оң шешім шығарыңыздар! Халық қаражатын кім көрінгеннің қалтасына жібермей, ұлттық өнерімізді, дәстүрлі әнімізді, жырымызды брендке айналдыруға тырысыңыздар! Қалған шаруамды шешіп алуға өз шамам жетеді. Таңнан кездесуге шақырып жатқан Ләззат Танысбай ханымның ықыласына да алғыс білдіремін! Бұл арна – ешкімнің меншігі емес. Ұлтпен санасып еңбек етіңіздер!", – деп жазды Ақбота Керімбекова.
 
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.