Мектеп оқушысының айтуынша, 2022 жылы 10-сыныптан бастап Н. есімді қызбен дос болған.
"200 ер адам тергеліп жатыр": Қызылордада сексуалды құлдықта болған 16 жастағы қыз жантүршігерлік оқиғасын айтты
фото: egemen.kz
2,143
оқылды

Қызылордада 10-сынып оқушысын сыныптас құрбылары құлдыққа салып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бойжеткен басынан өткен жантүршігерлік оқиғасын айтып берді, – деп хабарлады Aikyn.kz  «Не молчи» қорына сілтеме жасап.

Мектеп оқушысының айтуынша, 2022 жылы 10-сыныптан бастап Н. есімді қызбен дос болған.

«2023 жылы жаңа жылға бір апта қалғанда құрбым Н.-мен және оның бөлесі Ж.-мен бірге  Alen клубына бардық. Ол алкоголь іше бастады, сосын бізге ұсынды. Біз келісіп, іше бастағанда ол бізді видеоға түсірді. 7 қаңтарға дейін ол менен сұрамай телефонымды ломбардқа өткізіп, ақшасын алып алған», – деді бойжеткен. 

«Құрбылар» қызды жалаңаш суретке де түсіріп алған екен.

«Ал 7 қаңтарда  Djoo Bar-да құрбым маған менің жалаңаш суретімді түсіріп алғанын көрсетті. Мен бірден өшіріп тастадым. Алайда кейін білгенімдей ол сурет кетпеген екен. 4 ақпанға дейін Ж. менің рұқсатымсыз анкета толтырып, мені Kyzdar.net cайтына тіркеп тастаған. Мен қарсыласып едім, Н. мен Ж. жалаңаш суретімді отбасым мен жақындарыма көрсететінін айтып қорқытты. «Біз ақша табамыз, сен жұмыс істейсің деді», – дейді қыз.

Бойжеткен олардан қорқып қалғанын айтты.

«Алғашқы клиент Е. есімді жігіт болды. Мен қатты қорқып, қатынасты қаламадым. Алайда ол мені күштеді. Мұның барлығы 4 ақпан күні болды. Бұл уақытта сайтқа тіркелген анкета модерациядан өтіп, тағы бір клиент пайда болды. Бұл іспен мүлде айналысқым келмеді. Алайда бұрын суреттерді көрсетемін деп қорқытса, кейін ашық ұрып-соғып, қысым көрсететін болды. Ақпан айының соңында менің денсаулығым нашарлай бастады. Алайда дәрігерге қаралуға Н. мен Ж. қарсы болып, тыйым салды. Шарасыздық, қорқыныш күйін үнемі кешіп жүрдім», – деді ол. 

Бойжеткен сыныптастарының бақылауында болған. Олар қызды бопсалап, ұрып-соғып, қорлаған. 

«11 наурызда клиент Д. мені «меф» тұтынуға мәжбүрледі. Қарсы болғанымда қолымды ұстап, күштеп тұрып, иіскетті. Кейін не болғанын мүлдем білмеймін. 1,5 тәулік ұйықтаған екенмін. Бір аптадан соң ол маған қайта хабарласып, есірткі тұтынуға шақырды. Ол кезде мен Н. мен Ж.-ның пәтеріне барған едім. Олар менің есірткі әсерінде болған кезімді видеоға түсіріп алыпты. Соны көрсетіп, «интернетке таратамыз, жақындарыңа жібереміз, кейін полицияға береміз» деп қорқытты», – деді қыз.

Бойжеткен полиция қызметкерімен қалай танысқанын да баяндады.

«2024 жылдың сәуір айында Д. есімді 25 жастағы жігіт менің нөмерімді Г. есімді досына берген. Г. менің істеп жүргендерімді жақындарыма айтамын деп бопсалай бастады. 30 сәуірде Д.-ның өзі полицияда жұмыс істейтінін, жезөкшелік есепке мені қоймайтынын айтты. Есесіне өзінің қонақтарына қызмет көрсетуге мәжбүрледі. Соңында оның ешқандай полиция қызметкері емес екені белгілі болды. Сәуір айында сыныптасым Д. қолымдағы телефонымды тартып алып, хабарламаларды оқып, жағдайымды біліп, күніне 5 мың теңге беруімді бопсалап, талап етті», – деді қыз.

Сонымен қатар сыныптастар қыздан ақша бопсалап отырған. Ал қыз әкесінен алып беріп отырған.

Қос құрбы қызды былай жазалаған:

Оттықпен аяғын күйдірген, майлықты өртеп, оны ішкиіміне салып сөндірген. Полиэтилен пакетті өртеп, оның ыстық қалдығын ішіне тамызған. Салдарынан әлі күнге дейін қыздың денесінде күйгеннен қалған тыртық іздері бар. Тек түнде емес, күндіз де жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Аудандағы бокспен айналысатын қызға ұрғызған. Ұйықтатпаған, тамақ бермеген. Қыз ашыққаннан олардан қалған тамақты жеп жүрген. Қыздың денсаулығы кетіп, мазасы қашқанын білген құрбылар орнына басқа қыз табуын тапсырған.

«Таңертең қатты шарасыздықтан Б. есімді таныс жігітке хабарласып, оқиғамды айтып бердім. Ал ол әкеме хабарласып, бәріміз кездесіп, болған жайды баяндаған соң учаскелік полицияға бардық. Орнында болмаған соң үйге келіп ұйықтап демалып алдым да, оянған соң кешкі сағат  20:00 шамасында бар шындықты анама айтып бердім. Кейін бірден қалалық ішкі істер бөліміне барып, арыз жаздық», – деп түсіндірді бойжеткен. 

Қазір қыздың қызметін бірнеше рет пайдаланған 200 ер адам тергеліп жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.