Жетісудағы жерге қатысты жаңа жоба

Ел дамуының маңызды мәселелері бойынша республикалық референдумда мақұлданғандай, жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі.

Ата Заңға енгізілген өзгерістерден соң жерді толықтай ел игілігіне асыруға қатысты нақты шаралар қолға алынып, бірқатар жұмыс жүзеге асырылды. Алайда кезінде жүздеген, мыңдаған гектар жерді түрлі жолмен меншігіне қаратып алған латифундистер ұлан-ғайыр алқаптардың қызығын не өзі көрмей, не халыққа қимай отырғаны да рас. Соның салдарынан ауылдарда тұратындар жайылым мен шабындыққа жарымай, егіншілер егістікке қол жеткізе алмай отырғаны да шындық.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, эко­номикалық өсім, қоғамдық оптимизм» ат­ты биылғы Жолдауында жер ауыл шар­уа­шылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екенін және оны тиімді пайда­ланудың маңызын ерекше атап өтті. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді түгендеуді және қараусыз қалған, заңсыз берілген алқаптарды мемлекетке қайтаруда батыл қадамдар қажеттігін қадағалап тұрып айтты. Осы орайда Жетісу облысында «Заң бойынша жер» пилоттық жобасы іске асырылатын болды. Ауыл шаруашылы­ғы жерлерін бөлудің барлық процедурасы цифрландырылатын бұл жобаны әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында облыс прокуратурасы мен облыстық Жер қатынастары басқармасы бірлесіп қолға алмақ. 

Жоба республикада бірінші болып пил­от­тық режимде алдағы қараша айында Сарқан ауданында жүзеге асырыла бас­тайды. Егер ол өз тиімділігін көрсетсе, кел­есі жылдан бастап барлық ел аумағында іске қосылады деп жоспарланған.

– Жергілікті жерде кемінде 5 жыл тұр­ған азаматтар мен кәсібін бастағанына үш жылдан аспаған кәсіпкерлерге артық­шылық беріледі. Оған қоса егістік жерлер үшін техникаларының қуаттылығы, жайы­лым жерлер үшін мал басының саны, соның ішінде техника мен малдың кемінде он екі ай бұрын тіркелгендігі есепке алын­а­ды. Тіпті, шаруашылықтағы қызмет­керлер саны, олардың зейнетақы мен салық аудар­ымдарының болуы да ескеріледі. Осының бәріне белгілі деңгейде балл беріледі. Бұл түптеп келгенде ауыл шаруа­шылығын тиімді дамытуға бағытталып от­ыр, – дейді Жетісу облыстық Жер қа­ты­настары басқармасының басшысы Ермек Әпеков.

Басқарма басшысының айтуынша, электронды конкурстың өткізілу процесіне жергілікті атқарушы органның қызмет­керлері қатыспайды. Және онда бұрынғыдай инвестиция көлемі ескерілмейді. Оған қоса ірі жер көлемінің бір қолда шоғырлануы­на жол бермеу де қарастырылған. Сон­дай-ақ конкурсқа қатысушылар түрлі анық­тама мен құжаттар жинап әурелен­бейді, себебі цифрлық жүйе Ауыл шаруашы­лығы, Әділет, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің дер­ек­тер базасымен интеграцияланған. 

Қазіргі қолданыстағы конкурс тікелей комиссия мүшелерінің қатысуымен, яғни адам қолымен атқарылатындықтан, онда жемқорлық тәуекелдері жоқ дей алмаймыз дейді облыстық прокуратура өкілдері. Олар талдау барысында ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу мәселесі қоғамда жиі көтер­ілетінін анықтаған. 

– Бұл орайда біз Жер қатынастары бас­қармасымен бірігіп, конкурс өткізудің цифрлық жүйесі жобасына кірістік. Бұл қа­дам жерді бөлудің ескірген тәсілінен бас тартып, оны толық автоматтандыруға қол жеткізуге бағытталған. Конкурсқа рейтингтік-балдық жүйе енгізіліп, оның қорытындысы адамның қатысуынсыз бірден жарияланады. Заман талабына сай енгізілген жаңалықтар жемқорлықтың алдын алуға, бизнесін жаңа бастаған және әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлерді қол­дауға, бизнес өкілдерінің өз ісін ашық жүр­гізуін ынталандыруға, шаруа қожалық­тарында істейтін жұмысшылардың құқығын қорғауға оң ықпалын тигізеді деген сеніміміз бар, – дейді облыс прокуратура­сының Қоғамдық мүдделерді қорғау бас­қармасы бастығының орынбасары Б.Ерұзақов. 

Жобаны жүзеге асырудың сынақ алаңы ретінде Сарқан ауданының таңдалуына келер болсақ, Жер кодексіне сәйкес облыста нысаналы мақсаты мен пайдала­нылу режимi бойынша жер аумағы 7 са­н­ат­қа толыққанды бөлінген алғашқы аймақ осы аудан болғандықтан, пилоттық жо­баға алғашқы қатысушы ретінде таңдалыныпты. Жерді аумақтарға бөлу қазір тағы 4 ауданда: Ақсу, Көксу, Ескелді, Кербұлақ аудандарында жүргізіліп жатыр. 

Жалпы, Жетісу облысында биылғы жылдың басынан бері жер бөлуге қатысты 28 конкурс өткізілген. Оған 659 адам қатысып, оларға 84 мың гектардан астам жер бөлініп беріліпті.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы