Елімізде тұңғыш рет WILD-LIFE.KZ деп аталатын жаңа сайттың тұсауы кесілді. Сайт «Қазақстанның тұмса табиғаты» деген атпен интернеттегі ашық көздер желісіне орналастырылды.
Жануарлар дүниесін жақыннан таны
1,118
оқылды

Таныстырылым барысында сайт фототілшілерінің объективіне ілінген ерекше кадрлардың фотокөрмесі жиналғандарды таң-тамаша етті. 

Сайт ғылымға деген қызығушы­­лық­ты арттырып, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтаудың маңызы мен тұмса табиғатқа жұртшылық назарын аударуды мақсат еткен. Жоба Қазақстанның Зоология институты мен National Geographic Qazaqstan журналының қолдауымен жүзеге асырылған.

Жоба авторларының бірі, National Geographic Qazaqstan журналының редакторы Айбын Шағалақтың айтуынша, жаңа сайт интернет пайдаланушыларға Қазақстанның жан-жануарлар дүниесін жақынырақ таныстыруды, аңдар мен құстардың бірегей фотоларын нақты танып білуге мүмкіндік бермек. 

«Қазақстанның тұмса табиғаты» де­ген атауға ие болған сайтымызды үнемі жетілдіріп отыратын боламыз. Бұл сайт Қазақстанның барлық аң-құсы, жан-жануар, жәндіктеріне дейін түгел қамтылатын кешенді платформа болады. Оқушылар, студенттер, табиғатқа, зоологияға қызығатын кез келген адам үшін қолжетімді. Кез келген ақпарат үш тілде жарияланатын болады. Сайтта әрбір тіршілік иесінің өзіне арналған жеке парақша болады. Ол жерде бірнеше портреттік немесе табиғат аясындағы суреттерінен бөлек энциклопедиялық ақпараттарды да салып отырамыз. Сайт жұмысын қолға алған шақтан бастап 2 ай бойы біздің фототілшілер еліміздің бірнеше өңіріне фотоэкспедиция жасады. Оның ішінде Қарағанды мен Алматыда орналасқан еліміздегі ең үлкен хайуанаттар бағына бардық. Сол жердегі сирек кездесетін аңдарды студиялық деңгейде фотоға түсіру жұмыстары жүргізілді. Одан кейін Қорғалжын қорығындағы құс базасына, Алакөл, Зайсан, Іле, Балқаш, Алтынемел резерваттарына барып арнайы суреттер түсірдік. Қазірдің өзінде елімізде бар 150-ге тарта аң-құстың суретін өңдеп жатырмыз», – дейді Айбын Шағалақ.

Жалпы, сайттың атауы да кездейсоқ таңдалмаған көрінеді. Жоба авторлары «Тұмса» сөзі табиғатымыздағы тіршілікті дәлме-дәл сипаттайтынын айтып отыр. 

National Geographic Qa­zaq­­stan журналының фотографы Ерболат Шадрахов та­­­би­­­­ғат аясында жүру бір қарағанда қы­­­­­­­­­­­­зықты болып көрінгенімен, аса төзімділік пен шыдамдылықты талап ететінін айтады. 

«Суретке түсіру үшін жануарларды табиғат аясында кездестіру өте қиын. Оның жолын аңду, інін бақылаудан бөлек оңтайлы сәтті қалт жібермеу аса маңызды. Тіпті, аң мен құстың мінезін де зерделеп кетеді екенсің. Қай жерге қонып, қай жерден ұшатынын зерттеу де бір үлкен жұмыс. Қолдан келгенше түрлі тәсілді жасап бақтық. Тіпті, бір түлкіні түсіреміз деп бір күн бойы саз үстінде етбеттеп жатқан кездеріміз де болды. Ал хайуанаттар бағының қызметкерлері аң мен құсты оқыстан үркіту қорық пен бақ үшін орны толмас шығын болуы да мүмкін екенін қатаң ескертті. Сол себепті бізге әр қимылды аса сақтықпен жасауға тура келді», – дейді фотограф Ерболат Шадрахов.

Ашылу салтанатында көпшілік назарына ұсынылған фотокөрме қалың көпшіліктің келіп көруіне ыңғайлы болуы үшін Астанадағы «Сарыарқа» ойын-сауық орталығының 2-қабатына қойылған. 

Бердібек ҚАБАЙ