Қылмыстың қалай болғанын ашық айтқан марқұмның қыздары Бас прокуратурадан көмек сұрайды.
"Үш баласы мен жүкті келіншегі бар": Түркістан облысында анасы мен қызын өлтірген күдіктіге қатысты тың дерек шықты
Фото: видеодан алынды
1,754
оқылды

Түркістан облысында анасы мен қызын қатыгездікпен өлтірді деген күдіктінің ақыл-есінің дұрыстығы тексеріліп жатыр. Ал қылмыстың қалай болғанын ашық айтқан марқұмның қыздары Бас прокуратурадан көмек сұрайды. Өйткені құзырлы органдар «қысым жасай бастады» дейді жәбірленуші тарап, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

"Мен және сіңлім екеуімізді күні бүгін РОВД-ға шақырып, бізді басынбақ болды. Қорқытып, «сіздер әлеуметтік желіге салғандарыңыз үшін 600 мың теңге айыппұл немесе 15 күн бас бостандықтарыңыздан айыруды талап етемін» деді. Мен және сіңлім құзырлы органдардан қорыққанымыз үшін оларды жазалауларыңызды сұраймыз. Біз іштей жылап, анам мен сіңлімізді қара жерге тапсырып, ішімізді өртеп бара жатқанда, олар бізді қорқытты", – дейді қыздар.

Қанды қылмыс Келес ауданындағы Амангелді ауылында болған. 29 жастағы мектеп қызметкері 16 жастағы қызға қырындап, мұны оқушы қыз анасына айтып барған. Ашуға булыққан әйел бар жағдайды директорға жеткізіп, Абай Аханов осыдан кейін мектептен шығарылған. Осыған кектенген күдікті түн ішінде өзін масқаралады деген әйел мен оқушы қыздың үйіне барған. Сөйтіп 45 жастағы әйелдің басынан кірпішпен ұрып өлтіріп, оның 10-сыныпта оқитын қызын зорлап, ұрып өлтірген. Оқушының шыңғырған дауысын естіген көршілер күдіктіні жазбай таныған. Былтырдан бері мектепте жұмыс істейтін күдіктінің үш баласы мен жүкті келіншегі бар екен. Қазір қанды қылмыстың жай-жапсары тексеріліп жатыр.

"Полиция Түркістан облысы тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында қажетті жедел іс-шара жүргізілуде. Тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілмейді", – дейді Түркістан облысы ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асылжан Қалдарбеков.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз