Ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады.
"Әкемізден айырылып қалдық": депутат жедел жәрдемнің науқасқа жететін уақытын қайта қарауды ұсынды
Фото: orda.kz
771
оқылды

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков әкесінің қазасынан кейін елімізде жедел жәрдем қызметінің пациентке жететін уақытын қайта қарауды ұсынды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.     

Ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады.

"Еліміздегі жедел медициналық көмек көрсету ережесін қайта қарау өте маңызды. Ереженің 2-тарауының 11-тармағында дәрігерлік бригаданың диспетчерден пациентке дейін жету уақыты айқын белгіленген. Дегенмен ірі қалалардан бастап, кенттер мен ауылдарға дейін нормамен белгіленбеген уақытта жедел жәрдем қызметі жетпейтінін жиі естиміз. Мұндай жағдай жақында біздің әулетімізде де болды. 23 шілдеде әкем кенеттен ауырып, сағат 13.50-де жедел жәрдем шақырдық. Алайда жәдел жәрдем 30 минуттан астам уақытта келді. Бұл аралықта әкемнің жағдайы нашарлап кетті. Шымкент қаласы "Жедел медициналық жәрдем көрсету стансасы" ереже бойынша пациеттің жағдайы екінші жеделдік санатта болғандықтан, 15 минутта жетуі тиіс еді. Бірақ кешіккеннен кейін тиісті жәрдемін көрсете алмай, әкемізден айырылып қалдық", – деді депутат.

Айтуынша, жедел жәрдем өз уақытында келетін болса, көп азаматты ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік бар.

"Міне, ереженің осы нормалары көп жағдайда сақтала бермейді. Кейде жедел жәрдем 1 сағаттан аса уақытта жетеді. Мұны қалай жедел жәрдем деп атауға болады? Мәселен, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Аустрия, Ирландияда жедел жәрдем қызметінің басты ерекшелігі – олар өте шұғыл, шұғыл деп екіге бөлініп, науқастарға қызмет көрсетеді. Осы тәжірибені бізге де енгізу қажет", – деп жалғастырды ол.

Мәжіліс депутаты жедел жәрдемнің пациентке жететін уақытын қайта қарап, әлем елдерінің тәжірибесін зерттеуді ұсынып отыр. Сонымен қатар жедел жәрдем саласына жекеменшік секторды енгізіп, сервистік қызмет саласын жетілдірген жөн, – дейді ол.

Бұдан басқа Данабек Исабеков министрден барлық жедел жәрдем бригадасының жұмыстарына тексеру жүргізуді, мамандардың біліктілігін қатаң бақылауға алуды сұрады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.