Орал қаласындағы әлеуметтік нысандар жылыту маусымына 100 пайыз дайын, ал қаланың өзі жылыту маусымына 95 пайыз дайын. Бүгінде қаладағы барлық әлеуметтік нысан арнайы тексерістен өтіп, жылыту маусымына рұқсат беретін құжатын алып отыр.
Қауіп пен сақтық
295
оқылды

Биыл БҚО-да жылыту маусымына дай­ын­дық барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бұйрығымен облыстық штаб құрылған болатын. Осы штаб мүшелері облыстың жылыту маусымына дайынды­ғы­мен айналысты. Жылдағы дәстүр бойынша көк­тем шығып, жер аяғы кеңіген бойда алдағы қысқа дайындық басталады. Мұндай дайын­дықтар кезінде  электр желілері мен жылыту желі­леріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Биылғы жазда 288 шақырым инженерлік желілерге жөндеу жүргізілген. Мұның 4,2 шақырымы жылыту желілері, ал қалғаны су мен газдың желілері. Біздің облыс жылы­ту жүйесіне газды пайдаланады, осы ретте 4,5 шақырым газ өткізу желілері жөнделгенін атап өтейік. 

– Биылғы жылыту маусымына дейін бюджет есебінен бірнеше нысанға жөндеу жүргізу жоспарланған болатын. Қазір су бұратын төрт басты кәріздік сору станса­ларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұлардың ішінде екінші және үшінші кәр­із­дік сору стансаларының құрылысы биыл аяқталады. Қалғаны 2025 жылға ауысады. Бұдан басқа, №5 жылу магис­траліне және «Жайықжылуқуат» АҚ-ның №1 турбоагрегат­ын қайта жаңғырту жұ­мыс­тары аяқталуда, құрылыс монтаждау жұмыстары 80-95% орындалып отыр. №2 жылу магистраліне мердігер мекемені анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ақсай қаласында 4, 5 және 10-шағынаудан­дарын сумен жабдықтау желілеріне қайта жаңғырту жұмыстары 30-50% аяқталды. Барлық жоба толық қаражатпен қамтамасыз етілген, жылыту маусымына дейін аяқтауды жоспарлап от­ыр­мыз, – деп атап өтті БҚО Энергетика және ТҮКШ басшысы Мирас Мүлкай.

Жылыту маусымы үшін Орал қаласында  газ ғана қолданылады. Ал көмір негізінен аудандағы, ауылдағы әлеуметтік нысандар үшін пайдаланылады. 

Штаб отырысында айтылғандай, жылыту маусымына білім беру нысандары мен мәдениет нысандары 97 пайызға дайын. 

БҚО-да негізі жылыту маусымында аса бір қатты қиындықтар бола бермейді. Апталап, айлап жылусыз қалған кездер соңғы жылдары болмаған. Бірақ Оралда  кейбір көпқабатты үйлер қыста жылусыз қалатын кездері болады. Қаланың дәл ортасында отырып, «бізде жылу жоқ» деп тұрғындар талай дабыл қақты. Біз осы мәселені «ЖайықЖылуҚуат» мекемесінің басшысының орынбасары Бекболат Камешовке айттық.

– Иә, былтыр Зашағандағы бір-екі үй жылусыз қалды. Бірақ ол орталық жылу стансасының проблемасы емес. Біз жылуды үйге дейін жіберіп тұрмыз. Жертөледегі құбырлардың бәріне жылу барып тұрды, талай тексердік. Бұл үйлердің жеке мәселесі. Сол үйлердің пәтер иелері кооперативі өз­ара келісуі керек, – деп атап өтті «Жайық­ЖылуҚуат» мекемесі басшысының орын­басары Бекболат Камешов.

Орал қаласы бойынша 1 210 көпқабатты тұрғын үй бар екен. Ал осы үйлер жылыту маусымына тек 37 пайыз дайын болып шықты. 

«ЖайықЖылуҚуат» мамандарының айтуынша, көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындық кезінде басты кедергіні адамдардың өздері келтіреді. Біріншіден, өткен жылыту маусымының қарыздарын уақытылы төлемейді. Екіншіден, күндіз көбі жұмыста, кешкісін бәрін бір уақытта ара­лап шығу мүмкін емес. Ол аздай, көпқа­батты тұрғын үйлердің көбінде пәтерді жал­ға алушылар тұрады. Оларды ұстауда, қарызды қайтаруда да қиындық бар.

Орал қаласындағы «Жайықжылуқуат» АҚ  1 667 нысанды жылу энергиясымен қамтамасыз етеді, оның ішінде 1 215 тұрғын үй, 42 балабақша, 85 оқу орны, 33 денсаулық сақтау нысаны, 5 әлеуметтік қорғау нысаны, 23 мәдениет нысаны бар, 268-і басқа ұйым­дар. Биылғы жылы қаладағы жөндеу жұмыс­тары үшін 569,267 млн қаржы бөлінген.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА