Қыс қамыңды жаз ойла
Өйткені былтыр облыстың бірқатар өңірінде, әсіресе Көкшетау, Степногор, Зеренді, Бурабай, Атбасар сияқты аудандарында жылу жүйелерінде ақаулар болып, халық біршама уақыт бүрсеңдеп отырды. Тіпті, Степногор қаласының жылу жүйесінде техногендік сипаттағы апаттың салдарынан халықтың айлар бойы мұздап қалғаны көптің есінде. Бурабайда да жылу қазандығына мазуттың еніп кетуінен аяз күшіне енген шақта біршама уақыт Щучинск және Бурабай кентінің халқы да жылусыз қалған. Жергілікті билік алдағы жазда тиісті шешім шығарып, алда қайталанбауын қатаң назарға алынатынын айтып, ант-су ішкен. Жылу маусымына әзірлік қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы құзырлы органдардан анықтап көрген едік.
Ақмола облыстық әкімдігіне қарасты Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, жылу маусымына әзірлік штаттық режимде жүргізіліп, жылу көздері тұрақты жұмыс істеп тұр. Басқарманың мәліметінше, қысқы жылу маусымының қалыпты жағдайда болуын қамтамасыз ету мақсатында аймақта 1 142 қазандық, 786 білім беру нысаны, 567 денсаулық сақтау нысаны, 2 642 тұрғын үй толықтай жөнделіп, жылу маусымына сақадай-сай әзірленген. Басқарманың дерегінше, тек биылғы жылы өңірдің жеті шақырымға жуық жылу желілеріне ағымдағы жөндеуден, сондай-ақ 20 шақырымнан астам желілер күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ үш шақырым желі реконструкциядан өткен.
Құзырлы орган өткен жылдары апаттық жағдай болып, облыс әкімінен бастап барлық құзырлы органдарды түгелдей аяғынан тік тұрғызған Степногор қаласы мен маңындағы кенттерді жылумен қамтитын «Степногор» ЖЭС-ында де жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілгенін жеткізді.
– «Степногор жылу электр стансасы» ЖШС-ында негізгі жабдықтарды жөндеу кестесіне сәйкес екі қазандық, 4 турбина, 3 қазандыққа ағымдағы және бір қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған еді. Жергілікті жылу электр стансының ақпараты бойынша, бүгінде төрт турбина мен №2 қазандықтағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Дегенмен үш қазандық пен бір турбинадағы жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Жалпы, аталған жылу жүйелерін жөндеуге 7,4 миллиард теңге сомасында қаражат бөлінген, – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақжол Қылышбаев.
Степногор қаласының жылу жүйелерінің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін мұнымен қоса Үкімет резервінен тағы 2,7 миллиард теңге қаражат бөлініп, «УК Строй» мердігер компаниясымен келісімшарт жасалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, аталған қаражатқа 7,3 шақырым, яғни тиісті көлемнің 97 пайызы жөндеуден өткен. Мұнымен қоса, қала әкімдігі ұзындығы 9,6 шақырымдық жылу желілерін жаңғыртудың 2,1 миллиард теңге сомасындағы жобасы әзірленгенін хабарлаған. Қазір республикалық бюджеттен анықтау үшін бюджеттік өтінім берілген. Тиісті қаражат бөлінбесе де, жергілікті билік жобаны жүзеге асыра беруді жөн деп тауыпты.
– Жобаны бастай беру мақсатында облыстық бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, «ҚазЕвроСтрой» ЖШС-мен осы жылдың мамырында 1,8 миллиард теңге сомасына келісімшарт жасалды. Бүгінде 1,3 шақырым ескі жылу жүйесі бұзылып, 0,7 шақырымы монтаждалды, – дейді Ақжол Болатұлы.
Елдегі жылу электр стансасы болмағандықтан «Аристондар қаласы» атанып кеткен Көкшетауда да өткен қыс біршама әбігерге салған. Биыл жылу стансасын салу мәселесі республикалық деңгейде тағы көтеріліп, ресейлік компаниялар арқылы жұмысты бастау жөнінде келісімдер жасалды. Дегенмен жергілікті облыстық бюджет қоржынынан қолда бар жылу қазандықтары мен жылу жүйелерін жөндеуге де қомақты қаражат жұмсалыпты.
Құзырлы жергілікті орган мәліметінше, биыл облыс орталығындағы жылу жүйелерін жөндеуден өткізуге 3,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде күл үйіндісі дамбасын ұлғайту және пульпаөткізгіш жүйелердің реконструкция жұмыстарына 2,3 миллиард теңге қаржы бөлініп, «РИКАЗ» ЖШС-мен келісімшарт жасалған.
– Бүгінгі күнге диаметрі 400 мм пульпаөткізгіштердің тарату жүйесінің ескі құбырлары бұзылып алынып, дамба тостағанының көлемін өсіру үшін негізін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір жұмыстың жартысы жүзеге асырылды, – деп толықтырды басқарма басшысы.
Басқарма мәліметінше, облыс орталығының жылу маусымына әзірлігін қамтамасыз ету мақсатында 559 миллион теңгеге жылу желілеріне жөндеу жұмыстары басталып, «ПромЭнергоНаладка» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытқа дейін 5,3 шақырымдық жылу жүйесі жөнделген.
Қаланың басты жылу қазандықтары РК-1 және РК-2 жылу қазандықтарын жөндеу үшін бюджеттің бүйірінен 816 миллион теңге бөлініпті.
– Келісімшарт «КазЭнергоМонтажLtd» ЖШС және «ПромЭнергоНаладка» компаниясымен жасалып бүгінге дейін жұмыстар 99 пайызға дейін аяқталды, – деді Ақжол Болатұлы.
Қаланың негізгі бөлігінде халық жер үйлерде тұратындықтан, шаһардың көмірге деген сұранысы да үлкен. Тек бір жылу маусымына облыс орталығының қара алтынға қажеттілігі 426,8 мың тоннаны құрайды. Басқарма мәліметінше, қазір қаладағы көмір қоры 15 мың тоннаны, ал мазут қоры 1 470 тоннаны құрайды.
Аймақтағы жылу маусымы кезінде жылда күрделі қиындықтар туындап жататын шаһардың бірі – Атбасар қаласы. Жылу жүйелерінің әбден тозуы салдарынан қала жұртшылығы үйлерінің суық екенін айтып жиі шағымданады. Құзырлы органның мәліметінше, биыл Атбасар қаласында қатты тозып кеткен 8,7 шақырым жылу жүйелерін жөндеу мақсатында Үкіметтің резерв қорынан 0,8 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін 7,8 шақырымына жөндеу жүргізіліпті.
Мұнымен қоса, Атбасар қаласында жергілікті биліктің араласуымен жылу желілерінің құрылысы және реконструкциясы жобасы жүзеге асырыла бастаған. Аталған жұмысты жүргізуге «НС Система» ЖШС-мен 8,3 миллиард теңгеге келісімшарт жасалып, бүгінге дейін бір шақырым жылу жүйелері жөндеуден өткен.
Құзырлы органдар мен жергілікті билік алдағы жылу маусымына әзірліктің қалыпты штаттық режимде жүргізіліп жатқанын айтады. Дегенмен қылышын сүйреткен қысқы уақытта жоғарыда аталған әзірлік сынға түсер шақта тағы да халық жылусыз қалмаса дейміз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы