Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері Алматы облысына келді. Штаб құрамында депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері бар. Олар өңірде кәсіпорын ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және жергілікті жұртшылықпен кездесіп, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум өткізу мәселелерін талқылады.
Жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
660
оқылды

Мәулен Әшімбаев облыс жұртшылығымен кездесуде Мемлекет басшысының АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасының маңызына назар аударды.

«Бүгін біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы бастамасын талқылау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мұндай маңызды мәселені дауысқа салу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын көрінісі екені сөзсіз. Жалпы, бұл қадам еліміздің дамуына тың серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан қазақстандықтар АЭС салу туралы бастаманы қолдайды деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Штаб мүшелері Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің қызметімен танысып, станса мамандарымен және басшылығымен кездесті. Онда елдің энергетикалық секторын дамыту перспективалары талқыланып, отандық кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту мәселелеріне баса мән берілді.

«Қазіргі таңда елдегі барлық электр энергиясының басым бөлігін көмір электр стансалары береді. Осындай жағдайда бізге сенімді және қауіпсіз энергия көзі қажет. Атом энергетикасы осы мәселені оң шешуге мүмкіндік береді. Өйткені ол тұрақты, экологиялық таза және Қазақстанды ондаған жылдар бойы энергиямен қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ өзіміздің атом электр стансамызды салу еліміздің көрші мемлекеттерден электр энергиясын импорттауды айтарлықтай қысқартуға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның толық энергетикалық  тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін айрықша маңызға ие және өте өзекті», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар АЭС салуды қолдау жөніндегі штаб мүшелері DAMU индустриялық-логистикалық аймағында шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті, сондай-ақ GREEN Land ALATAU жылыжайына барды. Кездесулер барысында атом электр стансасын салу ел дамуына мультипликативті әсер ететіні, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды дамытуға тың серпін беретіні сөз болды.

«Атом электр стансасын салу – еліміздің болашағы үшін маңызды шешім. Бұл ретте әр азаматтың даусы үлкен мәнге ие. Сондықтан бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Осы орайда қазақстандықтар АЭС салу бастамасын қолдап, еліміздің дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін», – деп Мәулен Әшімбаев азаматтарды референдумға қатысып, дауыс беруге шақырды.

Дайындаған: Nur Media ЖШС.

Тапсырыс беруші: М.Ж.Оспанов

«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражатынан төленді