Алматыда «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Рисала-йи жанайиз (Жаназа кітабы)» кітаптарының тұсаукесері өтті.
Құлпытас – бір халықтың төлқұжаты
451
оқылды

Аталмыш тарихи еңбектердің таныстырылымы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) ұйымдастырған «Алтын Орда және оның мұрагерлерінің арабжазулы эпиграфикасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми семинары аясында өтті.

«Ақтөбеде «Абат-Байтақ» қорымы бар. Сондағы араб графикасымен жазылған 343 құлпытастың мәтіні осы еңбекте үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланып отыр. Бұл – айтулы ғылыми оқиға. Себебі Ислам өркениетінің ішінде қазақ ескерткіштерінің орны ерекше. «Абат-Байтақ» қорымы Алтын Орданың үлкен қаласы болған Ортақ шаһарының қасында орналасқан. 400 жылдық тарихты қамтиды. Тарихқа ең сенімді дерек – бұл эпиграфикалық жәдігерлер. Себебі тасқа жазылған нәрсені қайта өзгерте алмайсың», – деді Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының Орта Азия бойынша директоры Әшірбек Муминов.

Кітапқа мәтіні енген құлыптастар – ХVIII-XIX ғасырдың ескерткіштері. Құлпытастарды зерттеу Қазақстанда енді жанданып келеді.

«1979 жылы алғаш рет «Қазақ эпиграфикасы» деген кітап шыққан. Онда көне түркілерден қалған руникалық әріптермен жазылған эпиграфтар зерттелген. Араб әріптерімен енді зерттеліп жатыр. Құлпытас – бір халықтың төлқұжаты. Сондықтан оны зерттеу – маңызды», – деді Түркиядан келген профессор Осман Кабадайы.