«– Әскерге кеттім. Елді дұрыстап қорғаймын, әке! – Дұрыстап қорған, балам», «Қазақ тілі курсын 15 қазақ тәмамдадық, Андрей ағайға рақмет!», « – Қыз баласына қол көтеруге бола ма, әке? – Дауыста көтеруге болмайды, балам». Бұл – «Аққұйын» кітабынан келтірілген үзінділер.
Жалғас Қазыбек: Ойлану – ең ізгі жол
864
оқылды

18 жастағы қаламгер Жалғас Қазыбектің осындай қысқа әңгімелер жинағымен жарыққа шыққан «Аққұйын» кітабы бүгінде оқырманын тауып үлгерген. Турасын айтқанда, кітаптың ерекшелігі – бүгіннің ең актуалды тақырыптарын шығарманың негізгі өзегі етуі және оның тым қысқа диалогпен берілуі. Қысқа айтылған ойдан тақырып толық ашыла ма? Оқырман одан не түйеді? Осындай сауал дардың жауабын анық білу үшін жас қаламгердің өзін әңгімеге тартып көрдік.

Өлең, повесть жазуды 13 жасынан бастаған ол 15 жасында әңгіме жазуға бет бұрып, алғашқы кітабын жарыққа шығарды. Шығармашылық жолға келіп, қолына қалам ұстауын анасының ақындығымен байланыстыратынын айтты. Мектеп қабырғасынан бастап домбыраны серік етіп, өлең оқудан республикалық, халықаралық мүшәйралар мен айтыстардан қалмай, қанжығасы жиі майланатынын және өмірлік жолының өзегі өнерде екенін тілге тиек етті.

– Ұлтымызда ышқына, үрей сыйлай соққан желді һәм дауылды «Аққұйын» деп атайды. Менің де өзегімді өртеп, жүрегіме тыным бермеген ойларым түн іші ақ параққа қара қаламмен төгіліп түсетін. Соған орай осылай атаған едім. Атақты Тұрмағанбеттің термесі «Ел үшін туған ер болсаң, Пайдасын ойла халқыңның» деп басталушы еді. Жұртымның жайын, ұлтымның қамын шығармашылығыма қоссам, сол – менің жақсылық қылғаным. Бір қазақ баласына болсын кітап ұстата алсам, сол – менің жазудағы жетістігім. Осы себептер ұлы мақсатқа демеу мен қарқын сыйлады. Нақты айтар болсам, қазір кітап жазу көп уақыт ала қоймайды. Өйткені қысқа әңгімелер болғандықтан солай. Алғашқы кітабым 4 ай көлемінде жазылып, жарыққа шықса, екіншісі сәл ұзаққа созылды. 7 ай жазылып, оқырманға жол тартты, – деді ол.

Қаламгер үшін оқырманға көркем дүние сыйлай алу жеткілікті емес екенін, ащы көріністерді де баса айтып анық көрсетуді дұрыс деп бағамдайтын Жалғас дәл қазіргі күні қоғамдағы ең өзекті деген мәселелерді тақырыптың арқауы еткенді жөн санайды. «Аққұйындағы» көңілсіз диалогтар осы бір қаламгердің позициясын айқын көрсетсе керек.

– Көрмейін десем көзім бар, айтпайын десем сөзім бар. Ойшыл Сократ «Талқыға салған кезде ғана ақиқаттың беті ашылады» дейді. Оқырманға ұсынған әңгіме жақсы бір ой салса, оның несі жаман? Ар мәселесі, ұлттық көзқарас, отбасылық құндылықтар сынды талқылануы, көтерілуі тиіс мәселелер жабулы күйінде қалып кетіп жатқандықтан, ол дүниелер көбейе береді. Есіңізде болсын, ең күйiнiштi ақиқат ең ұнамды адасудан әлдеқайда артық, – деп пайымын жеткізді.

«Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген, небәрі 18 жасында екі қатар диологтан астарлы ой жеткізетін Жалғастың мұндай шығармашылық арнасы не себепті осы бағытқа бұрғанын сұрағанымызда, небір оқиғаны көзімен көргенін мысалға келтірді: кеш кірсе, әкесінен тығылатын аруды, ес кірсе, атасының өлімін күтетін немерені, зират жағалаған жесір әйелді, ешкім қарамаған жетім сәбиді, қара нан аңсаған қара халықты, жағынып шаршаған жемқор басшыны, ұлынан қорыққан кәрі шешей мен жарынан жалыққан жетесіз күйеуді һәм әскерге шабытпен кетіп, табытпен оралған жас сарбазды, өзі өрген арқанға өзі оратылған марқұм туысты көру, сірә, жеткілікті болар.

Қай салада да «ұстаз, шәкірт» ұғымы бар. Не болмаса біреуге қарап бой түзеу, алған бағытына бағдар еткен тұлғалар болатыны рас. Ал Жалғас Қазыбек ешкімге ұқсағысы келмейтінін, әр қаламгердің өзіндік қолтаңбасы болуы керек екенін қадап айтты.

– Мен ешкімге ұқсағым келмейді. Ал бағыт берушілер жөнінде кеңінен, тереңінен қозғай аламын. Алматыдағы Абай атындағы «Дарын» мектебін біреу білсе, бірі білмес. Нағыз таланттар мен білімділердің тоғысқан ортасына топ ете түскен 13 жасар Жалғасқа өлеңді үйретіп, домбыраны ұстатқан ұстаздар бүгінде көзге мақтамаса да, арқамнан қағып, сыртымнан сүйсініп қоятын секілді. Белгілі ақын Серік Қалиев, журналист, шешен Жарқын Сәленұлы, академиялық білім мен өмірлік тағылым ұсынған Динара Ғабитқызы, Алтынбек Ибрагимов сынды ғажап мұғалімдердің мектебінен өттім. Сол кісілердің бағыты әлі жетелеп келеді. Ал стилім – өзімдікі. Толстойдың «Бiз даналықты үш жолмен үйренемiз: ойлану – ең iзгi жол, елiктеу – ең жеңiл жол және үшiншiсі, тәжiрибе жолы – ең ауыр жол» деген жақсы бір сөзі бар. Мен осылардың алғашқысын таңдадым, – деді Ж.Қазыбек.

Әрине, әр жазушының стилі, қолтаңбасы болғаны дұрыс. Өміршең оқиға тақырыбын ғана шығармасының негізгі арқауы ететін Жалғасқа кейбір жазатын диалогтары өзіне ауыр тиетінін жасырмады. Мысалы:

– Өзім бір мұңлы жаңалықты естігеннен кейін туған әңгіме бар еді. «Кеше менің 5 жасар қарындасым газға тамақ пісіріпті. Жұртқа палау ұнады». Өмірге өкпесі жоқ жас бүлдіршіннің газға ас әзірлеуінің өзі қандай, суық еді. Абайсыздықтан апаттың болғаны анық-ақ. Кішкентай қыздың дүние салғанын «палау» арқылы жеткізгім келді. Жақынымыз қайтқанда басылатын палаудың осы әңгімеге сай келгені ғой. Көңіл түспесін. Іні-қарындастарымызды байқайық, аялайық, – деп сөзін түйді ол.

Әдебиетші қауымды біріктіретін шығармашылық ұйым Жазушылар одағында кілең қаламы мықтылар жиылады. Қалың оқырман іздеп жүріп оқитын кітаптардың, адамның ой-өрісін кеңейтіп тың көзқарасқа, биік парасатқа жетелейтін шығарманың авторлары осында деуге әбден негіз бар. Яғни, өзін жазушы ретінде дәлелдегендер мен бұл атаққа лайықтылар ғана осы орталықтан орын табады. Бір ай бұрын ғана Жалғас Қазыбекте аталмыш одақтың мүшелігіне үміткер атанған болатын. Алдағы уақытта жас қаламгердің еңбегі қалай бағаланатыны – уақыттың еншісінде. Десе де, кітаптың жалғасын асыға күтіп, оны іздеп жүріп оқитын оқырманы бар қаламгердің шығармашылық жолы ұзақ болады деп сенеміз.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ