Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақтөбе облысының Бадамша ауылына барды
323
оқылды

Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру барысын тексерді. Атап айтқанда, Бадамша ауылындағы бірқатар нысандарды көріп, Үкімет басшысы энергетика секторындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және білім беру сапасын жақсарту ісімен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Италиялық ENI энергетикалық компаниясының жел электр стансасына барған кезде Премьер-Министрге «Бадамша», «Бадамша-2» ЖЭС-нің жұмысы туралы баяндалды. Бұл жобаларды іске асыруға 69 млрд теңге жеке инвестиция салынды. Қазіргі уақытта «Бадамша-2» турбиналары Қазақстандағы ең ірісі саналады. Жоба шеңберінде жыл сайынғы электр энергиясын өндіру шамамен 195 ГВт/сағ-ты құрайды, бұл шамамен 37 мың үй шаруашылығының энергия тұтыну көрсеткішіне тең және CO2 қалдықтарын жылына 172 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Премьер-Министрге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлескен жоба – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы гибридті электр стансасының іске асырылу барысы туралы баяндалды.

Arm Wind өндірістік қуатын тексеру барысында Олжас Бектенов экономикалық тұрақтылықты экологиялық тұрақтылықпен үйлестірудің маңызды екенін баса айтты және көміртексіздендіру мен шығарынды мөлшерінің төмендігін ескере отырып, энергетика инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. 

Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша тұтынылатын электр қуатының орташа мөлшері 947 МВт, оның ішінде жергілікті көздермен генерациялау 496 МВт-ты (52%) құрайды. Электр энергиясының тапшылығы – 451 МВт (48%). Жүктеменің өсу динамикасына, сондай-ақ KEGOC болжамына сүйене отырып, 2028 жылға қарай Ақтөбе облысында электр энергиясын тұтыну көлемі 1 270 МВт-ты құрайды деп жоспарланып отыр.  

 «Жел және күн электр стансалары Қазақстандағы «жасыл» энергия үлесін арттыруға бағытталған жалпы жұмыстың маңызды бөлігі саналады, олар бүгінде еліміздегі жалпы электр энергиясы көлемінің 6%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздегі энергетика секторының 70%-ға жуығы көмір электр стансаларына тәуелді. Өкінішке қарай, елімізде ЖЭО тозуының жоғары деңгейі және қажеттілік көлемінің артуы энергияға тәуелділікке алып келеді. Біз мұны Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Ресейден электр қуатын сатып алып отырған Ақтөбе облысының мысалынан көріп отырмыз. Ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін елімізге энергияның орнықты баламалы көзі қажет», – деп атап өтті Премьер-министр.

Өздеріңіз білетіндей, 6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша республикалық референдум өтеді. Халық қолдаған жағдайда, атом энергетикасын дамыту елімізді тұрақты әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.