Сондай-ақ күрес тетіктерін нығайту үшін заңнамалық түзетулер пысықталып жатыр. Оның аясында суперадминистраторлар, антипарсерлер, антибот-жүйелер қызметіне бақылау енгізілмек. Жыл сайын хакерлерді тартып, ауқымды кибероқыту жүргізіледі.
Қазақстанда бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн көрсетіледі. Оның 85%-ын eGov mobile арқылы смартфоннан лезде алуға болады. Банк секторында, онлайн саудада, мемлекеттік қызметтер көрсетуде цифрлық сервистердің серпінді дамуы ел тұрғындарының өмірін қолайлы етеді, мәселелерін жеңіл шешуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге мұның бәрі қаптаған интернет-алаяқтар үшін де кең өріс ашады. Олар мысалы, қазақстандықтардың үстінен әп-сәтте онлайн-кредит рәсімдей алады немесе олардың бүкіл жинағын көзін ашып-жұмғанша өзге шотқа қотарып алады. Тиісінше, цифрландырудың артуымен бірге кейінгі жылдары киберқылмыстар саны күрт өсті және олардың айла-шарғылары күн сайын жетілдіріліп, күрделенеді.
Мұның кең ауқым алғаны сонша, ондаған жылдар бойы кемеліне келтірілген дәстүрлі алаяқтық түрлері интернет-алаяқтыққа ысырылып жол берген. Қазіргі кезде алаяқтық деректерінің жалпы санында бір ғана интернет-алаяқтықтың үлесі жартысына жетті. 2023 жыл қорытындысында жалпы 43 895 қылмыстың 21 637-сінде (50%) құрбан интернет арқылы тұзаққа түскен. Бұлар елдегі бүкіл қылмыстың шамамен бестен бір бөлігін (18,7%) құрайды. 2024 жылдың бірінші жартысында осындай 9 462 қылмыс тіркелген. Бұл мысалы, 2017 жылғы – бір жыл бойғы көрсеткіштен 4 еседей көп. Яғни, алаяқтықтың осы түріне тосқауыл қойылса, қылмыс көрсеткіші күрт жақсарар еді.
Кейінгі 7 жылда интернет-алаяқтық саны 10 еседен көп артқан. 2017 жылы – 2 046, 2018 жылы – 4 287, 2019 жылы – 7 733, 2020 жылы – 14 175, 2021 жылы – 21 275, 2022 жылы – 20 444, 2023 жылы – 21 637 осындай қылмыс тіркелді. Тіркелмей қалғаны қаншама? Азаматтарға келтірілген шығын 21 миллиард теңгеден асты. Бұл цифрлардың ар жағында тапқан-таянғанынан айырылып, теперіш көрген тағдырлар, құқық қорғау органдарынан қорған таппай, өмірден түңілген адамдар, баспана алуға сайлаған қаражатын жоғалтып, күйреген шаңырақтар тұр.
– Халықтың қаржылық сауаттылығы төмен. Соның аясында интернет пен ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, хромакей технологиялары және басқалары алаяқтар үшін қолайлы орта құрды. Олар тіпті видеоқоңырау шалғанның өзінде бет-жүзін жасыра алады. Біз алаяқтыққа жол беретін алғышарттармен, себептерімен емес, тек салдарларымен күресудеміз. Азаматтарымыздың 48,2%-ы ақпаратты әлеуметтік желіден алатынын айтқан. Онда негізінен зорлық-зомбылық, атыс-шабыс не әзіл-әжуа басым. Елдің сауатын ашу жұмыстарын сол жақта жүргізу керек. Қаржылық сауаттылық мектептен басталуы тиіс, – деді сенатор Евгений Больгерт.
Мысалы, шетелдегі алаяқтар «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» сияқты танымал ұйымдардың терісін жамылып, жалған инвестицияға ақша жинайды. Қарапайым азаматтың бұларға қоңырау шалып, шын-өтірігін анықтай алмайтынын пайдаланады.
Қалай алданып жүрсіз, азамат?
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті енді интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстардың құрылымы туралы деректерді жариялай бастады. Бұл ақпарат аңғал азаматтардың қаскөйлердің қандай айла-шарғысына көбірек сеніп қала беретінін түсінуге көмектеседі.
Статистика бойынша, интернет-алаяқтықтың ең танымал тәсілдеріне келесілер жатады: біріншіден, тауар не қызмет туралы жалған онлайн хабарландыру орналастырылады. Мысалы, жиһаз жасайтыны туралы хабарландыру беріп, алдын ала төлемді алған соң жоғалып кетеді.
«Азаматтарға жиһаз жасау цехына баруға, қызметін пайдаланған клиенттердің пікірлерімен танысуға кеңес береміз. Сонымен қатар компанияның толық деректемелері, мөрлері көрсетілген келісімшарт бекіту керек. Жиһаз қолға тигенге дейін толық төлем жасамау қажет», – деп кеңес берді астаналық полиция.
2023 жылы жасалған бүкіл 21 637 интернет-алаяқтықтың 8 191-і тауар-қызметтер туралы жалған онлайн жарнама арқылы жүзеге асырылған. 2024 жылғы қаңтар-шілде айларында мұндай шағымдар саны шамамен 3,2 мың болды. Ол интернет-алаяқтыққа қатысты барлық тіркелген биылғы қылмыстың төрттен бірін (24,5%-ы) құрады.
Екінші орында қылмыскерлердің сайттар, электронды пошта немесе смартфонға арналған қосымша арқылы азаматтардың құпия деректеріне қол жеткізуіне қатысты шағымдар тұр. Үлесі – 24,2%. Дербес деректердің ұрлануының немесе қазақстандықтардың оны өз еркімен жазып қалдыруының соңы үлкен шығынға соқтыруы мүмкін.
Үшіншіден, олар халықты өмірде жоқ жобаларға инвестиция жасап, мол табыс табуға қызықтырады. Төртіншіден, өзін банктің, прокуратураның, полицияның, арнайы органдардың және басқасының қызметкері ретінде таныстырып, қоңырау шалады. Түрлі қулықпен құрбанының қаражатын қалтасына басады, онлайн кредит рәсімдетеді.
Сондай-ақ киберқылмыскерлер аңқау жандарды құрығына түсіру үшін жалған лотереялар, конкурстар, викториналар ұйымдастырады. Адамдардың әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұзып, меншіктеп алады, солар арқылы оның таныстарына, туыс-туғанына жалған хабарламалар жолдап, қарыз не әлдебір проблемадан құтылуға ақша сұрайды.
Ұялы байланыс операторлары нөмірді ауыстыру (мысалы, дисплейде нақты бір банктің төрт саннан тұратын шынайы нөмірі шығып тұрады) арқылы телефон соққан шетелдік алаяқтардың жүздеген мың қоңырауын бұғаттайды. Бірақ бұл сүзгіні алаяқтар SIP-телефония немесе SIМ-бокс арқылы айналып өтеді: олар телефон трафигін интернетке ауыстырады. Болмаса, WhatsApp, Telegram арқылы қоңырау шалатынды шығарды.
Күрес шаралары жетілдіріледі
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің депутаттарға ұсынған ақпаратына жүгінсек, Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірге киберқылмыстарға, соның ішінде онлайн-алаяқтыққа қарсы тұру бойынша ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қабылдап жатыр. Тиісті ведомстволық және ведомствоаралық нормативтік актілер іске асырылады. Осы бағытта алғаш рет жеке тұжырымдама, бағдарлама және жол картасы қабылданды.
Банктер цифрлық қауіпсіздіктің қосымша тетіктерін қолдануға міндеттелді. Мысалы, бұдан былай қосфакторлы аутентификациядан және биометриялық идентификациядан өтпеген клиентке несие берілмеуі тиіс. Алаяқтар онлайн несие рәсімдегенде, аутентификациядан өту үшін клиенттердің смартфонындағы галереядан ұрлаған немесе әлеуметтік желіден алған фотосын немесе видеосын пайдаланады екен. Алаяқтар терминалдың камерасына құрбанның сондай фотосуретін не бейнежазбасын тосып тұрмауы үшін банктер мен МҚҰ-лар қарыз алушыдан белгілі бір бірізділікпен қайталанатын «бақылаулық қозғалыстарды» орындауды сұрауға міндетті.
Заңнама да жетілдіріліп жатыр. Азаматтардың дербес деректерінің сыртқа ағып кете беруіне тоспа құру үшін заңнамамен қарастырылған жағдайлардан басқасында, жеке куәліктердің, сондай-ақ жеке басты куәландыратын өзге құжаттардың копия-көшірмесін алуға заңмен тыйым салынды. Дербес деректерді жинайтын ұйымдар олар сыртқа ағып кетсе, бұл фактіні уәкілетті органға дереу хабарлауға міндеттелді. Бір күн ішінде құлақтандырмай, жасырса, айыппұл салынады. Дербес деректерінің қолды болғаны туралы халықты хабардар ету тәжірибесі қолданылады. Азаматтардың сыртынан онлайн несие рәсімделмеуі үшін банк заемдарын алудан ерікті бас тарту тетігі енгізілді.
Жаңа заңнамалық түзетулер аясында суперадминистраторлардың қызметіне, антипарсингке, сондай-ақ антибот-жүйелерге бақылау енгізу жоспарланған. Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне ұсынылған жаңа түзетулер дербес деректер, электронды құжат және электронды цифрлық қолтаңба саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапқа тартудың «ескіру мерзімін» (срок давности) арттыруды, айыппұл көлемін 3 есе көтеруді қарастырады.
Жұрттың «Қаржылық сауатын» арттыру үшін 17 облыста, Астана, Алматы және Шымкентте оффлайн, бетпе-бет кездесу форматында жаппай оқыту іске қосылды. 2024 жылдың басынан қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан 54,4 мың адам өтіпті. Оның 81%-ын ауыл мен аудан тұрғындары құраған.
Өскелең ұрпақты қаржылық тұрғыдан оқу-ағарту үшін AMANAT партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырады. Оның аясында, Олжас Бектеновтің айтуынша, 2024 жылы оқушылар мен студенттерге арнап, қаржылық сауаттылық жөніндегі оқулықтар мен әдістемені жасау жоспарланған. Соның арқасында мектеп, колледж бен жоғарғы оқу орындарында жыл сайын шамамен 550 мың шәкірт оқытылады.
Сөйтіп, Үкімет пен құзырлы құрылымдар интернет-алаяқтармен «майданның» барлық бағытында айқасып жатқанға ұқсайды. Мемлекеттің де, халықтың да тағдыры осы тайталаста қай жақтың жеңетініне тәуелді болады.
Елдос СЕНБАЙ