Президент тапсырмасына, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағ­дарламасына сәйкес, тұтынушылар құқығын қорғау саласында көп­тен күткен реформа қолға алынды. Ол жаңа заң қабылдаудан бас­тала­ды.
Тұтынушы тұтылмасын десек...
коллаж: Елдар ҚАБА
555
оқылды

Заң елге біраз жаңалық әкелмек, құзырлы органдарға тың өкі­леттіктер бермек. Мысалы, енді дәрі-дәрмекті дәріханаға қайтаруға тыйым жойылады. Әуекомпаниялардың құны қайтарылмайтын билеттер сатуына жол берілмейді. Өзге де ізгі өзгерісі жетерлік. Солардың жайы­на тоқталсақ.

Шағым өсті, заң «пісті»

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында тұтынушылар мо­нополистердің адал емес, алақол ком­паниялардың шырмауында жалғыз қалмауы тиістігін нық­тады. Қазақстан Президентінің ай­туынша, тұтынушылардың құ­қығы қорғалса, оның өзге са­ла­ларға игілігі мен мультипликативті тиімділігі зор болады. Мысалы, на­рықты арамза фирмалардан арылту арқылы адал бәсе­келес­тік­ке жол ашылады. Барлық бизнес субъектісі чек, электронды шот-фактураларды дұрыс берсе, салық то­лыққанды әрі уақытылы жи­на­лады. Бұл өңірлердің өр­кендеп, абаттануына, әлеу­мет­тік нысан­дар­дың көптеп са­лынуы­на мүмкін­дік береді.

Тұтынушылар құқығын қорғау са­ласында қордаланған мәселе көп. Мұны түрлі құзырлы органға тү­сіп жатқан арыз-шағым легінен бай­қауға болады. Мәселен, Ұлт­тық экономика министрлігінің Та­­биғи монополияларды реттеу ко­­митетінің төрағасы Асан Дар­баев­­тың айтуынша, тек осы ко­ми­тетке және бір жылдан аз уақытта аза­маттардан 8,3 мың өтініш келіп түскен. Бұл былтырғыдан 52,3% көп.

– Реттелетін коммуналдық қыз­мет саласындағы тұтынушы­лар­дың құқығын қорғау заңмен қа­рас­тырылған. Құқықты қорғау, сон­дай-ақ кеңес алу үшін біздің ко­митетке хабарласу қажет. Бізге есеп­теуіш аспаптарының мәсе­ле­лері, электр энергиясы, су, жылу жә­не газбен жабдықтау тарифтері бойынша, сондай-ақ комму­нал­дық қызметтерге сараланған та­риф­тер, шарттар жасасу, техника­лық шарт­тарды беру және басқа сұрақтар бойынша хабарласады, – деді ко­митет төрағасы.

Өтініштер электронды түр­де жолданады. Асан Дар­баев­тың сендіруінше, жүйе сұра­ныс­тың адресатқа 100% жет­кі­зілуіне кепілдік береді және жіберілген сәт­тен бастап жауап алынғанға дейін оның қарастырылу мәр­те­бесін бақылауға болады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлермен жеке кездесуге алдын ала жазылуға рұқсат.

Комитетке түскен 8,3 мың ха­бар­ламаның 4,9 мыңы – арыз (ал­дыңғы жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда бірден 94,8% кө­бейген!), 881-і – шағым (11,9% өсті), 85-і – ұсыныс (66,7% артты), қал­ған 2,4 мыңы түрлі сипаттағы өті­нім-сұраулар. 

Шағымдар негізінде жүргі­зіл­ген 152 жоспардан тыс тексеру ба­­­­­рысында 102 монополистің қыз­­метінен бұзушылықтар анық­тал­ды. Осыған орай табиғи моно­по­лия субъектілеріне 591,15 мил­лиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 180,51 мил­лиард теңгесі бюджетке өн­ді­ріл­ді, 410,63 миллиард теңгенің айып­пұлы сотта қаралып жатыр.

Дәріхана доқ көрсете алмайды

Елімізде тұтынушылар құ­қы­ғын қорғау үшін тұтас мем­лекеттік орган 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Алайда азамат­тар­дың шағым легінің артуына қара­ғанда, оның азусыздығы, құ­зы­рының кемдігі байқалады. Бас­қаны айтпағанда, мысалы, билік пен халықтың сұхбаттастығы үшін «Электронды Үкімет» саясында ашыл­­­ған «Ашық диалог» порта­лын­дағы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы Асқар Тынысбековтың блогында бірде-бір жазба жоқ: «Автор әзірге бірде-бір жазба жазбады!» деген ұятты ескертпе он­да әлі күнге тұр. Бұл комитет та­­­рапынан тұтынушыларға құ­қы­ғын түсіндіру ісінің кемшін екені байқатады.

Мұны аз десеңіз, ведомство­ның тұтынушыларды жаңылыс­ты­рып жатқанын аңғаруға болады. Атап айтқанда, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында 2022 жылдан бері: «Айыр­бастауға және қайтаруға жат­пайтын тауарлар» деген түсі­нік­­теме ілінген. Онда комитеттің спи­кері азаматтарға қандай тауар­ларды, тіпті ақауын анықтаса да сату­шыға қайтара алмайтынын түсіндіреді.

«Тауарлардың мынадай түр­лері қайтаруға және айырбастауға жатпайды: дәрілік заттар мен ме­ди­­циналық бұйымдарды, іш киім­дер­ді, шұлық-ұйық бұйымдарын, жануарлар мен өсімдіктерді, ұялы бай­ланыстың абоненттік құрыл­ғы­ларын, метрлеп сатылатын тауар­­­­­ларды (тізімі келтірілген) қайтара алмайсыз. Тіпті, аталған тауар түр­­­­лерін дүкеннен немесе дәрі­ха­на­дан шықпай-ақ айырбастау жә­не қайтару шарттарын бұзбай-ақ айырбастауға немесе қайтаруға әрекет жасасаңыз, сатушы сіздің өтінішіңізден бас тартуға құқы­лы!», – делінген.

Шынында, бұл түсініктеме ес­­­­кіріп қалды. Денсаулық сақтау ми­нистрінің 2023 жылғы 2 мау­сым­дағы №98 бұйрығымен «Дәрі­лік заттар мен медициналық бұ­йым­дар­­ды көтерме және бөл­шек сау­да­да өткізу қағидалары» өз­ге­рістер ен­гізілді. Сөйтіп, қа­ғи­­далардың жаңа 16-1-тармағы бойынша: «Дәрі­лік заттар мен ме­дициналық бұйымдар «Тұ­тыну­шы­лардың құ­қықтарын қорғау туралы» заңы­ 30-бабының 1-тар­мағының 1) тар­мақшасына сәй­кес, жарам­ды­лық мерзімі өт­кен немесе тұты­ну­шы дәрілік зат­­тар мен медици­на­лық бұйым­дар­­ды өткізу же­­­­­тіс­пеушілігін (ақау­ларын) анық­тау жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттар мен ме­дициналық бұйымдар айырбас­тауға және қай­таруға жатпайды». Басқаша айт­қанда, егер жарам­ды­лық мерзімі өтіп кетсе немесе ақауы анықтал­са, қайтаруға бо­ла­ды. 

Осы құқығын білмей, қапы қал­­ған азаматтардың бірі алма­ты­лық Ирина Шипилова НҚА-ға өз­­геріс енгізілгенін еш жерде оқы­ма­ғанын айтады. 

– Дертім жаныма батқан соң бә­рін тастап, дәрігерге жүгірдім. Ол «Дона ерітіндісін» сатып алып, шұ­ғыл еккізуге кеңес берді. Содан жандәрмен дәріханаға жүгіріп, пре­паратты сұрасам, удай қымбат екен, 15 мың теңге сұратты. «Жан тәт­ті» деген, ертесіне таныстардан қа­рыз алып, дәріхананың сұра­ға­нын тауып бердім. Ұсынған па­ке­тін ала салып, емханаға аяңдадым. Мейі­р­бике қорапты көзімше аш­ты, кейбір ампула баяғыда сынып, кеуіп те қалыпты. Төбеден жай түс­кендей болды. Еңіреп жылап қоя бердім, – дейді Ирина.

Қорапты алып, дәріханаға кері бар­са, алмай қойған. Дәріханашы касс­а терезесінде ілінген ескерт­пе­ні нұсқайды. Онда «Тұтыну­шы­лар­дың құқықтарын қорғау тура­лы» заңының 30-бабы бойынша дәрілік заттарды қайтаруға тыйым салынады» делінген екен. 

Енді мұндай қысастықтарға тоқ­тау салынуы мүмкін. Мә­жіліс «Тұ­тынушылардың құ­қық­тарын қор­ғау туралы» негізгі жә­не «Кей­бір заңнамалық акті­лер­ге тұты­ну­ш­ы­лардың құқық­та­рын қорғау мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» ілеспе заң жобаларын бірін­ші оқы­лым­да, концептуалды түрде мақұлдады.

Өйткені дәріханада провизор ұсын­ған пакетті ашып тексермей, асығыс ала салған азаматтар үйіне келген соң ашып қарағанда, қорап ішін­дегі шыны құтының сынға­нын біліп, сан соғады. Блистердегі ұя­шықтардың әлдебір қысыммен жа­рылып кетіп, таблеткалары ша­шы­лып, үгітіліп қалған жағдайлар да болады. Тіпті, қолданыс мерзімі өтіп кеткен дәріні сату деректері кез­дескен. Алайда ақаулы не жа­рам­сыз медикаментті ала салып, ке­рі жүгірген тұтынушы «тыйым­ға» маңдай соғып, тоқтайды. Дәрі­хана желілері қағидалардың өз­ге­ріп кеткенін жасырады. Сон­­­­­дықтан Үкімет олар сілтеме жасайтын заң нор­масын толық жоюды жөн көр­ді.  

Ынталанбаса, айыппұл салынады

Сауда және интеграция ми­нист­рі Арман Шаққалиевтің ай­туын­ша, қолданыстағы «Тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау тура­лы» заңға соңғы түзетулер 4 жыл­дан астам уақыт бұрын енгі­зіл­ген. Демек, бұрынғы министр­лер оны уақытылы жетілдіру жұ­мыс­тарын жүргізбеген. 

– Құқық қолдану тәжірибесі бұл заңның қазіргі уақыт талабына сәй­кес келмейтінін және тұты­ну­шы­ларды қорғаудың тиімділігіне әсер ететін құқықтық кем­ші­лік­те­рін көрсетті. Біріншіден, тұ­тыну­шылардың шағымдарын қарау мен шешудің қолданыстағы 4 ке­зеңдік тәртібі тұтынушының сотта қорғануға деген конституциялық құқығына кедергі келтіреді. Өйт­кені бүгінде тұтынушылар сотқа жү­гінбес бұрын жоғарыда аталған ке­зеңдерден өтуге міндеттелген, – деді Арман Абайұлы.

Жаңа заң қабылданса, одан екі саты ғана қала­ды. Тұ­тынушы құқығының тап­тал­ғанын анықтаса, оны қалпына кел­тіріп, шығынды өтеу туралы өті­нішпен алдымен өнім берушіге, қыз­мет көрсетушіге жүгінеді. Биз­нес нысаны клиентінің шағымын қа­нағаттандырудан бас тартса, яғ­ни дау сотқа дейінгі тәртіппен ше­шілмесе, тұтынушы әрі қарай ме­диаторларға, тұтынушы құқы­ғын қорғау ұйымдарына, басқа еш жер­ге арызданып, табанын тоз­дыр­май-ақ бірден оны сотқа бере ала­ды.

Кәсіпкерлер шағымын қара­ма­ған адамдардың бәрі сотқа жү­гі­ніп, судьялар миллиондаған та­лап-арыздың астында қалмауы үшін «азаматтық-құқықтық айып­пұл» енгізілмек. Ол бойынша тұ­тыну­шы мен сатушы (қызмет көр­сетуші) сотқа дейінгі сатыда ше­шімге келе алмаса, сатушыға сот­та жеңілген жағдайда қосымша санк­ция (айыппұл) салынады. Сот­қа жібермей, келісе алса, санк­циядан құтылады.

Тағы бір маңызды жайт, Әкім­­­­­шілік құқық бұзушы­лық туралы кодексінде тұтынушы­лар­дың құқығын қорғау саласын­да­ғы әкімшілікқұқық бұзу­шы­­лық­тар үшін тек ескерту көзделген. Пар­ла­мент жаңа заңда бұдан былай сал­мақты жаза, айыппұлдар ен­гізу­ге тиіс.

Салмақты жауапкершілік көз­делмегендіктен, бизнес және бас­қа­сы тұтынушысын басынады. Ста­тистика жосықсыз бизнестің іс-әрекеттеріне жыл сайын тұты­ну­шылардың шағымы артып жат­қанын көрсетті. Мысалы, 2023 жыл қорытындысында жалпы ша­ғым саны 50 мыңнан асқан. Ми­нистр А.Шаққалиев тұтыну­шы­лардың өтініштері жыл сайын 50-70%-ға жүйелі түрде өсіп бара жат­қанын жеткізді. 2024 жылдың 6 айында шағым 89% ұлғайған. Жаңа заң салдарлармен күреспей, ха­лық наразылығына себеп бо­латын жайттарды азайтып, алдын алу­шы тетіктерді енгізуі қажет.

«AMANAT» фракциясының мү­шесі, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қоғам үшін маңызды осы заң жобасын әзірлеуді Президент Қ.Тоқаев 2021 жылы тапсырғанын айтты. 

– Елдегі дау-дамайдың көбі кіш­кене проблемадан басталады. Электр бағасы негізсіз көтеріледі, тауар­лар жетпейді, ел комму­нал­дық не медициналық қызметтен ал­данады. Бұған дейін де тұтыну­шы­лар құқығын қорғайтын заң бол­ды, бірақ ол сапалы қызмет ат­қармады. Себебі лоббистік нор­масы көп болды, құзырлы органға ананы тексерме, мынаған барма, мы­наны сотқа берме деп шектеді. Жаңа заң жобасы сапалы дайын­далды. Депутаттар 360-тан астам ұсы­ныс берді. Ол арқылы тұты­ну­шы құқығын қорғайтын омбудс­мен институты енгізілмек. Сотқа дейінгі бітісу шаралары ынталан­ды­рылады. Ынталанбаса, айып­пұл­дар салынады, – деді депутат.

Ұлттық статистика бю­ро­сы­ның дерегінше, 2024 жылғы 1 та­мызда Қазақстан халқының саны 20 миллион 182 мың адамнан ас­ты. Ендеше, Қазақстанда осынша тұтынушы бар. Алайда азық-түлік, киім-кешек, керек-жарақ, түрлі қыз­метте ауқаты мол, мүмкіндігі зор қазақстандықтардың ең сапа­лы­сын таңдау өрісі де кең. Салда­ры­нан негізінен таңдауы жоққа тән қарапайым бұқара зардап ше­геді. Олай болса, пәрменді, са­па­лы болып шықса, бұл заңды шын мәнінде «халықты қорғайтын ха­лықтық заң» деп атауға болар.

Айхан ШӘРІП