Танымал сазгер, тележүргізуші Арман Дүйсенов өмірінің соңғы күндері Индира Елеместің жертөледегі студиясында тұрып жүрген.
Жертөледегі студияда тұрды: Арман Дүйсеновтің қазасына қатысты тың деректер айтылды
6,778
оқылды

Өкінішке қарай, өнер иесінің ақтық демі де дәл сол ән жазу студиясында таусылған. Бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Индира Елеместің айтуынша, ол Арман Дүйсеновпен туған ағалы-қарындастай қарым-қатынаста болған. Сондықтан әнші сазгердің қазасын ауыр қабылдаған. "Жүрегі тоқтап қалып, бір сәтте кетіп қалды. Ауырып, сырқаттанып, қиналып жатқан жоқ. Балалардың айтуынша, су ішкен. "Қалайсыз, бәрі жақсы ма?" дегенде "иә" депті. Су ішті, жатты, содан кетіп қалыпты. Таңғы сағат 9 шамасында", – дейді Индира Елемес.

Өнер иесі тіпті марқұмның жаназасын өз үйінен шығаруға әрекеттенген көрінеді.

"Туған ағамдай жақсы көрдім. Мұндай нәрсе айту ауыр. Сол уақытта Арман аға қатты күйзелісте жүрген. Жанұясын, бала-шағасын, әйелін қатты сағынды. Егер үй болмаса, жаназасын біздің үйден шығарайық деп ниеттендім, бірақ имамдар қарсы болды", – деп жазды оның сөзін nur.kz.

Арман Дүйсеновтің жаназасы Алматы орталық мешітінде оқылды. Индира Елеместің сөзінше, өмірінің соңғы күндері ол бәрімен қоштасқандай болған.

"Арман аға отбасын, қызын, ұлдарын, әсіресе кішкентайын өте қатты жақсы көрді. Сөйлесіп қалғанда 100-дің 90 пайызында отбасы, әйелі жайлы айтатын. Әйелі Айсұлу ханымды қатты жақсы көретін. Соңғы сәттерде қоштасқандай да болды. "Мен өзіммен мақтанамын, себебі өте жақсы балаларды асырадым. Ұлым Абылай менің орнымды баса алады" деген кезде мен "Аға, қойыңызшы" дейтінмін. Тек қызын қатты уайымдайтын, себебі ол Лондонда оқитын", – деді ол.

Соңғы жылдары Арман Дүйсеновті телеарналардан шеттетіп, сахнадан алыстатқаны туралы да айтылған. Индира Елемес бұл мәселеге қатысты да пікір білдіре кетті.

"Шақырғандар болды, арада не болғанын қайдам, бірақ кейін сол кісілер шақырмай қалды. Арман ағаның атынан "ол кісі сырқаттанып жатыр, ешқайда шықпайды" деп айтқандар да бар екен. Ағаның өзі де таңғалатын", – деді ол.

Айта кетейік, марқұмның отбасы "Астарлы ақиқат" студиясына келуден бас тартқан.