Атом электр стансаларының қауіпсіздігін сақтау өте күрделі мәселе. Бүгінде дамыған елдер жаңа АЭС салуды азайтып, олардың АЭС қауіпті екенін түсіне бастағаны Aikyn.kz материалында.
АҚШ-тың атом электр стансаларының айналасындағы үлкен аумақты қарулы қауіпсіздік топтары күзетеді. Фото vis24.lt сайтынан алынды
Атом реакторларындағы ядролық реакциялар мыңдаған адамның өліміне, ауа мен судың жаппай ластануына әкелуі мүмкін. Қауіпсіздік жағынан ең озық деген АҚШ-тың өзінде атом электр стансаларында апатты жағдайлар жиі болып тұрады.
Америка АЭС-терінің қауіпсіздік жүйелері, реакторлардың қызметін бақылайтын операторлардың дайындығы мен дағдылары жоғары деңгейде деп саналады. Стансаларда сынақтар мен техникалық қызмет көрсетуге байланысты нормативтік талаптар мен бақылау да қатаң. АҚШ-тың атом электр стансаларының айналасындағы үлкен аумақты қарулы қауіпсіздік топтары күзетеді. Реакторлардың сырты ауа райының қолайсыз құбылыстары мен жер сілкіністеріне төтеп беруге арналған арнайы қабықшамен қапталады. Осының бәрін АҚШ-тың Ядролық реттеу комиссиясы (NRC) қадағалап отырады.
Қатаң ережелерге қарамастан, АҚШ-тың Есеп беру платасы 2001-2006 жылдары атом электр стансаларында 150-ден астам апатты жағдай болғанын мәлімдеген. Тек 2010 жылы ғана Америка Құрама Штаттарында кемінде 56 ядролық реактор апат тіркелген.
1979 жылы 28 наурызда ауыр апат болған Three Mile Island (TMI) атом электр стансасы тоқтап тұр. Фото newyorker.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Америка Құрама Штаттарының атом энергиясы саласындағы ауыр апат Three Mile Island (TMI) электр стансасында 1979 жылы 28 наурызда болды. Стансаның екінші реакторында салқындатқыш сұйықтық белгісіз себеппен ағып кеткен. Реактордағы апат таңғы сағат 4:00-де басталып, қоршаған ортаға радиоактивті газдар мен радиоактивті йодтың таралуына әкелген. Бұл АҚШ-тың коммерциялық атом энергиясы тарихындағы ең ауыр апат болып тіркелді.
Жеті балдық халықаралық ядролық апаттар шкаласына сәйкес, TMI-2 реакторындағы апатқа 5-ші «көп зардаптары бар апат» деңгей берілді. Апат кезінде реактор ядросының 50% еріп кетті, бұл атом стансасының жұмысы тоқтатылды. Атом электр стансасының ғимараты айтарлықтай радиоактивті ластануға ұшырады.
Төменде тоқтатылған және жаңа салынып жатқан атом реакторларының санын көрсететін диаграмма берілген.
Қорытынды: дамыған елдерде тоқтатылған атом реакторларының саны (206), әлемнің басқа елдерінде жаңадан салынып жатқан реакторлар санынан (59) 3 есе көп.
Тоқтатылған атом реакторларының саны. Сілтеме: https://www.statista.com/statistics/513639/number-of-permanent-nuclear-reactor-shutdowns-worldwide/#:~:text=As%20of%20June%202024%2C%20there,of%20shutdowns%2C%20with%2041%20units
Жаңадан салынып жатқан реакторлар санының диаграммасы. Сілтеме: https://www.statista.com/statistics/513671/number-of-under-construction-nuclear-reactors-worldwide/
TMI-2 реакторын тазалау 1979 жылдың тамызында басталып, ресми түрде 1993 жылдың желтоқсанында ғана аяқталды. Бір ғана реакторды тоқтату мен тазалауға 14 жыл кетті, оның жалпы құны бүгінгі күнмен санағанда 2 миллиард доллар болды.
Апат АҚШ-тың атом энергетикасындағы дағдарысты күшейтіп, қоғамда антиядролық көңіл күйдің өршуіне себеп болды. Бұл апат АҚШ-тың атом энергетикасының өсуін бірден тоқтатпаса да, оның тарихи дамуын тежеді.
Осы апаттан кейін ядролық энергияға деген қорқынышы күшейіп, АҚШ үкіметі 33 жыл бойы, яғни, 2012 жылға дейін АЭС салуға бірде-бір жаңа лицензия бермеді, бұрын жоспарланған 71 стансаның іске қосылуы кейінге шегерілді. Three Mile Island (TMI) атом стансасындағы апатты тергеу нәтижелері атом электр стансасының қауіпсіздік стандарттарын және ондағы адам факторының рөлін қайта қарауға әкелді. АҚШ-тың Ядролық реттеу комиссиясы (NRC) қайта құрылып, атом стансасының жұмысын қадағалау күшейтілді.
Экономикалық, энергетикалық дағдарысқа қарамастан, Германия барлық АЭС-терін жапты. Фото reuters.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Nadja Wohlleben
BBC News-тің хабарлауынша, Three Mile Island атом стансасының 1-ші реакторы 2028 жылы модернизациядан кейін қайта ашылатынын, осы Пенсильвания АЭС өндіретін электр қуатын сатып алуға Microsoft 20 жылдық келісімшартқа қол қойған. Бұл келісімшарт Microsoft-тың ЖИ мүмкіндіктерін дамытуға қажет екен. Келісім технологиялық алпауыттың энергияны өте көп қажет ететін жасанды интеллект (ЖИ) деректер орталықтарын кеңейту үшін керек. Жоспарды әлі АҚШ-тың реттеуші органдары бекітуі тиіс.
АЭС-тің бүгінгі қожайыны Constellation Energy компаниясы TMI-1 реакторы 1979 жылы апат болған TMI-2 реакторына жақын орналасқанын, бірақ одан «толығымен тәуелсіз» екенін мәлімдеген.
2022 жылы АЭС-тің сол кездегі иесі Exelon табиғи газды өндірудің төмен құны атом энергиясын өндіруді тиімсіз етеді деп мәлімдеген еді.
Қазақстанда табиғи газ да, арзан көмір де бар. Әлемнің ең дамыған елдері атом энергиясынан біртіндеп бас тартып жатқанда біздер қауіпті атом стансасын салуға құлшынып отырмыз. Оның адам өміріне, экологияға қаупінің жоғары екенін сарапшылар да, бүгінгі АЭС-ті жақтаушылар да біледі.
АЭС-тің экономикалық жағынан тиімсіз екенін, оны тоқтатуға кететін шығын бүгін салуға жұмсалатын шығыннан 3,5 есе көп болатынын Aikyn.kz бірнеше материалында жазды. Бірақ АЭС-ті жақтаушылар 40-50 жылдан кейін жұмысын аяқтайтын атом реакторларының шығыны туралы ештеңе айтқылары келмейді, ал экологтер бұл шығындар туралы білмеуі де мүмкін.
Financial Times: атом энергиясының тәуекелі жоғары және технологиялық жағынан күрделі
АҚШ пен Ұлыбританияда жаңа атом стансаларында қиындықтар пайда болды
Атом электр стансасын салатын компания қиын жағдайға тап болды
Қазақстанда АЭС салуға, оның жұмысын тоқтатуға жұмсалатын барлық шығындар болашақ ұрпақтардың мойнына артылады. Олар бүгінгі мемлекет билігіне, АЭС-ті жақтаушыларға алғыс айтпасы белгілі. Фото Facebook-тегі Anti-nuclear movement аккаунтынан алынды
Пайдаланылған реактор отынын сақтау және реакторларды пайдаланудан шығару
Пайдаланылған реактор отынының радиоактивтілігі өте жоғары және бастапқыда арнайы жобаланған су бассейндерінде сақталуы керек. Су отынды салқындатады және радиациядан қорғайды. Реактор пайдаланған отынды арнайы жасалған құрғақ сақтауға арналған контейнерлерде де сақтауға болады. Ескі пайдаланылған отынды құрғақ қоймада ауамен салқындатылған бетон немесе болат контейнерлерде сақталады. Қазіргі уақытта Құрама Штаттардың өзінде жоғары деңгейдегі ядролық қалдықтарды тұрақты көметін орын жоқ.
Реакторларды пайдаланудан шығару тек пайдаланылған отынды шығарумен аяқталмайды. Бұл онша қымбат емес, бір ғана технологиялық мәселе. Ең қиыны әрі қымбаты – ядролық реактор жұмысын тоқтатқаннан кейін ондағы құрал-жабдықтарды залалсыздандырып, пайдаланудан шығару.
Бұл процесс реакторды және радиация сіңіп қалған барлық жабдықты залалсыздандыру және оның радиоактивтілігін төмендетуді қамтиды. Бұл – ондаған жылдарға созылатын, миллиардтаған долларды қажет ететін ұзақ технологиялық жұмыс. Осы жұмыстардың бәрін АЭС-ті салған компания емес, Қазақстан мамандары өздері жүргізуі тиіс. Өзіміздің мамандар жоқ болса, шетелдік компанияларды мол қаражатқа тартып іске асырылады.
Қазақстан Үкіметі атом стансасын салуға 15 млрд доллар қажет деп қоғамды сендіргісі келеді. Станса салынатын 10 жылда бұл цифр 50-60 млрд долларға өсуі мүмкін. Фото pikabu.ru сайтынан алынды
Тағы бір назар аударарлық мәселе. Жаңа АЭС салуға мол қаражат керек. Бүгін біздің Үкімет билігі Қазақстанда атом стансасын салуға 15 млрд доллар қажет деп қоғамды сендіргісі келеді (байқасаңыз 1 жыл бұрын бұл цифр 10 млрд доллар еді).
Ал халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жаңа АЭС салуға жұмсалатын қаржы бастапқы белгіленген бағадан 3-4 есеге өседі, Қазақстан жағдайында 5-6 есе өсуі әбден мүмкін.
Өйткені, стансаны салу ондаған жылдарға созылып, оның бастапқы құнына инфляция, технологиялар мен құрал-жабдықтардың (оның бәрі шетелден алынады) құнының өсуі, қосымша және алдын ала болжанбаған шығындар қосылады. Сонда, шынын айтқанда, қазақ жерінде салынатын алғашқы стансаға 15 млрд емес, 50-60 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Ал оны тоқтатуға тағы 45-50 млрд доллар беруге мәжбүр боламыз. Біз емес, әрине, біздің болашақ ұрпағымыз. Олар бүгінгі мемлекет билігіне, АЭС-ті жақтаушыларға алғыс айтпасы белгілі.
Осылайша, Балқаш көлінің жағасында халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерге өте жақын орналасатын қаупі мен қатері жоғары 1 ғана АЭС салып, оны тоқтатуға еліміздің алтын валюта қоры мен болашақ ұрпақ үшін жинап жатқан Ұлттық қордың (екеуін қоссақ Ұлттық банктің 1 қыркүйектегі мәліметі бойынша 103,1 млрд доллар болады екен) қаражаты жетпей қалуы мүмкін.
Халықтың ақшасын терең «егеуқұйрық шұңқырына» құймай, қоғамды жасырылмаған шынайы ақиқатпен таныстыру қажет. Фото naked-science.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Wikipedia / Telestis Scaevinius
Қауіпсіз табиғи энергия көздеріне (газ, көмір, жел, күн мен су көздері) бай қазақ жерінде Семей полигонының қасіретінен кем емес апат алып келуі ықтимал АЭС салу идеясы – үлкен саяси қателік.
Мұндай ауыр жауапкершілікті тек билік емес, барлық саяси партиялар мен белсенді азаматтар жақсы сезінсе екен. Болашақ ұрпаққа қарызы жоқ бай мемлекет, қауіпсіз, таза қоршаған орта қалдырудан басқа биліктің қандай мақсаты болуы тиіс?!
Бұл талдауды ядролық энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық деңгейде танымал физик Эдвин Лайманның сөздерімен түйіндеуге болады: «Салық төлеушілердің ақшасын терең «егеуқұйрық шұңқырына» құймай, қоғамды жасырылмаған шынайы ақиқатпен таныстыру қажет».
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
