Шымкент қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы құрылыс сала­сындағы заңбұзушылықтарды қатаң бақылауда ұстап отыр.
Құрылыс сапасы бақылауда
288
оқылды

Жыл басынан бері 645 құ­рылы­­­­­­­­с-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабар­лама тіркелсе, оның ішінде 81-і бюджет қаражатымен, 564-і жеке қаржыландырумен жүзеге асқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжанов баяндады. 

Құрылыс нысандарының пайдалануға берілуіне қатысты 781 өтініш қаралып, оның 189-ы оң шешім тапқан. Сонымен қатар басқарма жыл басынан бері 130 ны­­сан­­да тексеру жүргізіп, нәтижесінде 96 ныс­ан­ға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

«Басқарма заңсыз құрылыстарды бақылауды күшейтіп, 205 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, 51,9 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Қазірге дейін оның 37,6 млн теңгесі өн­дірілді. Абай, әл-Фараби, Еңбекші, Қара­тау және Тұран аудандарындағы заңсыз құрылыс объектілері бойынша да әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынды», – дейді басқарма басшысы Мерлан Әбдірахманұлы.

Құрылыс сапасына қатысты да 19 нысан бойынша әкімшілік хаттамалар тол­тырылып, айыппұлдар өндірілген. Сонымен қатар үлестік қатысу заңнамасын бұзған 9 тұрғын үй кешеніне де айыппұл салынған.

Сонымен қатар қаладағы көпқабатты тұрғ­ын үйлердің басқару жүйесі жаңарып, 1 172 тұрғын үй басқару нысаны ретінде тіркелген. Оның ішінде, 142 тұрғын үйде мүлік иелері бірлестігі (МИБ) құрылып, 1 030 үйде жай серіктестік (ЖС) жұмыс іс­теп жатыр. Бұл реформалар тұрғын­дардың өмір сапасын жақсартуға және үйлерді тиімді басқаруға бағытталған.

Мерлан Әбдірахманұлының айтуынша, қалада құрылыс жұмыстарын заң талап­тарына сай жүргізу күшейіп, 2024 жылы лицензия алу бойынша 609 өтініш қаралып, 76 лицензия берілген. Сонымен қатар сарапшылық жұмыстарды орындау үшін 43 сарапшыға аттестат берілді, бұл құрылыс сапасын арттыруға көмектесуде.

Сондай-ақ қаланың кондоминиум ны­сандары «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйе­сіне толықтай енгізіліп, техникалық паспорттар цифрландырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқаруды жеңілдетуге және айқындылықты қамтама­сыз етуге септігін тигізуде.

Жалпы, Шымкенттегі бұл реформалар қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуді арттырып, құрылыс және тұрғын үй сала­сын­­дағы басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруде.

Шымкент қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы газ техникалық инспекция бөлімінің қызмет­керлері және басқа да ұйымдардың қаты­суымен қала тұрғындарына газбен бай­ланысты қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

Дөңгелек үстел өткізілді және 53 500 дана жадына­ма таратылған. 

Үй ішілік газ құрылғыларына қызмет көр­сету мекемелерімен (ВДГО) 109 iKomek ситуациялық орталығы арқылы интеграция жүргізілді. Тұрғындар осы орталыққа хабарласып, ВДГО қызметтері мен сыни ескертпелер туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар «ҚазТранс­ГазАймақ» АҚ арнайы видео роликтер таратуда, ал газ бақылаушылар қауіпсіздік туралы жадынамаларды үй-үйге таратуда. 

Газ және газбен жабдықтау қауіпсіздігі бойынша заң талаптарын бұзу фактілері аясында 2024 жылы 88 адам жауапкер­шілікке тартылып, жалпы айыппұл сомасы 1 212 822 теңгені құрады.

Сонымен қатар Шымкент қаласында лифтілердің қауіпсіздігі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Қалада жалпы 1 233 лифт бар, оның ішінде 941-і тұрғын үй­лер­де, 58-і денсаулық сақтау меке­ме­лерінде, 50-і мектептерде, ал 184 лифт сауда орталықтары мен қонақүйлерде орналасқан.

Жыл басынан бері 70 лифтке комис­сиял­ық сынақтар өткізіліп, 69 лифт ресми тіркеуге қойылды. Қазір жүк көтергіш құралдарды тіркеу Egov.kz  порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылуда.

Лифт шаруашылығының жаңғыртылуы да назардан тыс қалған жоқ. Үкіметтің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрыл­ымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жер­гілікті бюджет есебінен осы жылы 24 лиф­тіні жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС жауапты.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қыз­мет көрсетуші мекемелердің жауапкер­шілігін арттыру мақсатында, тұрғындардан келіп түсетін шағымдар мен өтініштер iKomek 109 байланыс орталығымен инте­грацияланған. Нәтижесінде, лифттердің тоқтап қалуы немесе ішінде адам қалып қою жағдайлары тіркелген жағдайда, қызмет көрсетуші мекемелер жедел әрекет етіп, мәселелерді уақтылы шешуге міндет­телген.

Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын басты назарда ұстап отыр.

Шымкент қаласының билігі құрылыс сала­сындағы тәртіпті нығайтуға және заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарын жалғастыра бермек.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы