Қазақстандық заңгер Жаслан Аймағанбетов оқушы қыздың орамал таққаны үшін мектеп қабырғасында білім алуына шектеу қою мәселесін көтеріп, Жоғарғы сотқа жүгінген.
Жоғарғы сот оқушының мектепке орамал тағуына салынған тыйымның күшін жойды
Фото: orda.kz
1,837
оқылды

Қазақстандық заңгер Жаслан Аймағанбетов оқушы қыздың орамал таққаны үшін мектеп қабырғасында білім алуына шектеу қою мәселесін көтеріп, Жоғарғы сотқа жүгінген. Осы іс бойынша шешім қабылданды,  – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

«Жоғарғы сот оқушы қыздардың орамал таққаны үшін мектепте білім алуына шектеу қою мәселесіне нүкте қойды. Жоғарғы сот осы шешімімен облыстық сот қаулысының күшін жойып, тыйым балалардың білім алу құқығын бұзатынын мойындады. Мұндай шешімді бұған дейін 4 облыстағы соттар да мойындаған еді. Қалай болғанда да, сот билігі министрліктің ұстанымына емес, заң нормаларына қарайтыны қуантады», — деген жазба жариялады Жаслан Аймағанбетов әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Жоғарғы сот бұл мәліметті растады, - деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Шешім қабылданды, 10 жұмыс күні ішінде қаулы шығады», — делінген Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы хатшылығы таратқан ақпаратта. 

Айта кетсек, мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру мәселесі елімізде бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 

«Конституция бойынша Қазақстан — зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың мектеп формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек», - деген еді оқушылардың мектепке хиджабпен келуіне қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.