Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Батыс Қазақстан облысына келді.
Халықтық штаб: Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындары АЭС құрылысын қолдады
690
оқылды

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Батыс Қазақстан облысына келді. Штаб мүшелері өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен, волонтерлермен, белсенді азаматтармен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді.

Осылайша, Орал қаласындағы «Достық» үйінде өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында Штаб мүшелері жиналған көпшілікті атом энергетикасын пайдаланудағы дамыған елдердің тәжірибесі және АЭС-тің қауіпсіздігі мен тиімділігі жөнінде жан-жақты хабардар етті.        Іс-шараға қатысушылар өз еліміздің болашағын өзіміз таңдай алатын мүмкіндік ретінде әр қазақстандықтың алдағы референдумға қатысуының маңызына баса назар аударды. Осылай жаңа саяси мәдениет қалыптасады.

Осы күні Халықтық штаб мүшелері облыстың белсенді жастарымен атом энергетикасын дамытудың заманауи әлемдік трендтерін талқылап, елімізде бейбіт атомды дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыс туралы айтты. Сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. АЭС құрылысы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, лайықты жалақысы бар онмыңдаған жаңа жоғары білікті жұмыс орындары құрылады. Осы мақсатта атом энергетикасын дамытудың болашақ мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кадр даярлау жоспары жеке әзірленеді. Соның негізінде қажет мамандар даярланады.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясының» және «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының қызметкерлерімен өнеркәсіптік нысандардың жүйелі жұмыс істеуі және бизнестің дамуы үшін тұрақты энергиямен жабдықтаудың маңызын талқылады. Бүгінде Қазақстан шамамен 4 млрд кВт/сағ электр энергия импорттайды.

«Атом электр стансасы – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің пәрменді тәсілі. Әлемдік экономиканың көшбасшы елдері ондаған жылдар бойы бейбіт атомның энергиясын пайдаланып келеді. Сонымен қатар көмір генерациясы арқылы алынған энергияны пайдалана отырып, өндірілген өнімдерге көміртегі салығы енгізілетінін де ұмытпауымыз керек. Бұл – қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілетіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бізге ел дамуының кепілі болатын таза энергияның тұрақты әрі сенімді көзі қажет. Біз бәріміз бірігіп, Қазақстанның жарқын болашағы үшін осы маңызды шешімді қабылдауымыз керек», – деді Мәжіліс депутаты, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Өңірдегі саяси партиялардың активімен кездесуде Штаб мүшелері алдағы референдумға халықты жұмылдыру жұмысы ең алдымен белсенді азаматтарға тікелей байланысты екенін атап өтті. Саяси партиялардың мүшелері Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының қоғамдық белсенділігін арттырып, оларды референдумға қатысуға шақыра алады.

Штаб мүшелері елімізде күн және жел электр энергиясы жетекші орынға ие болғанына қарамастан, олар тұрақты қуат бере алмайтынын атап өтті. АЭС қауіпсіздігі туралы айта отырып, АЭС жобалау, салу және пайдалану кезіндегі барлық қауіпсіздік стандарттарын МАГАТЭ халықаралық компаниясы тексеретіні ерекше атап өтілді.

Әңгімелесу барысында АЭС-тің қауіпсіздігі туралы сөз қозғалды. Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев АЭС құрылысын жобалау, салу және пайдалану кезіндегі барлық қауіпсіздік стандарттары МАГАТЭ тарапынан жіті тексерілетінін атап өтті. Сондай-ақ ол қазіргі заманғы үшінші буын ядролық реакторлардың қауіпсіздігі, сенімділігі, экологиялық тазалығы және тиімділігі туралы жан-жақты мәлімет берді.

 «Адамзат осы күнге дейін ең арзан электр энергиясын қолданып келді. Алайда заман дамыған сайын біздер тек арзан емес, сонымен қатар экологиялық таза, әрі тұрақты энергияны қолдануымызды ойлауымыз қажет. Ал бұл энергия көзін бізге қазіргі уақытта атом электр стансасы ғана бере алады. Халық арасында осы мәселе бойынша бірнеше пікір бар, ол әрине орынды. Бірақ менің маман ретінде айтарым, қауіпсіздігі мен экологиялық жағынан бұл атомдық энергия көзі ешқандай залал келтірмейді. Сондықтан біздер Штаб болып, кәсіби маман ретінде дәлелденген ақпаратпен барлық өңірде бөлісіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Алайда түпкілікті шешімді халық өзі қабылдайды», – деді ол.

 Жалпы, Халықтық штабтың барлық кездесулерінде өңір тұрғындары АЭС құрылысына жоғары қызығушылық танытып, алдағы референдумға қатысуға дайын екенін жеткізді.