Бұл бағдарлама Түркі әлемінің мәдени мұрасын басқарумен байланысты мекемелердің қатысуымен ұйымдастырылған. Тәжірибелік жоба 23 қыркүйекте басталып, 27 қыркүйекке дейін жалғасады.
Тәжірибе алмасу мақсатында іске асырылатын бағдарламаға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Венгрия, Өзбекстан және Түрікменстаннан осы саладағы жоғары білікті мамандар қатысуда. Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова осы аталған қор түркі мұрасының сақталуына ықпал ететінін атап өтті.
«Біздің ұйымның мақсаты – түркі әлемінің мәдениеті мен мұрасын қолдау, насихаттау және сақтау. Біз мемлекеттер басшыларының тапсырмаларына сәйкес, жалпы түркі мұрасын, оның ішінде материалдық және материалдық емес мәдени мұра ескерткіштерін сақтау және насихаттау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар түркі ұйымдарымен бірге көптеген ғасыр тарихы бар жазушыларымыздың, ғалымдарымыздың, бүкіл түркі әлемі ақындарының жалпы түркі мұрасын басып шығаруға және насихаттауға қатысқанымызға өте қуаныштымыз», – деді ол.
Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, Қордың негізгі жұмысы – каталогтау, жүйелеу, сондай-ақ түркі мұрасын сақтау мен насихаттауға ғылыми көзқарас қалыптастыру.
Түркі әлемінің мәдени мұрасын басқару бойынша тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Баку қаласында «Физули – 530 жол» кітабының тұсаукесері өтті. А.Райымқұлова Мұхаммед Физулидің шығармашылығына арналған Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының қолдауымен шығарылған кітаптың тұсаукесері туралы айта келе, Әзербайжан мен әлемде ұлы ақын, ойшылдың құрметіне іс-шаралар өтіп жатқанын атап өтті.
«Оның керемет поэзиясы бүкіл әлемге танымал. Бакуде орналасқан Мәдениет және мұра қоры Физули мұрасын насихаттауға көмектесіп, оның ғазалдарын, өлеңдерін қазақ тіліне аударғанына қуаныштымыз. Бұл тәжірибе бізде бар: біз түркі әлемінің барлық ұлы туындыларын түркі әлемінің барлық тілдеріне аударып жатырмыз: қырғыз, өзбек және басқа тілдерде аудармалар жарыққа шығады», – деді ол.
Қор президенті қазірдің өзінде түркі ақындары мен жазушыларының туындылары түркі тілдеріне аударылып, қолжетімді бола бастағанын негізге алды. Айта кетейік, тәжірибе алмасу бағдарламасының серіктестері қатарында Түрік ынтымақтастық және Үйлестіру агенттігі (TIKA), Фатих муниципалитеті, Ыстанбұл коммерциялық университеті және түркі бейбітшілік қоры бар.
Сымбат БЕГІМБАЕВА