Қарағайдың түбінен қайырып алған, қобызым.
Үйеңкінің түбінен үйіріп алған, қобызым.
Желмаяның терісін шанақ қылған қобызым.
Ортекенің мүйізін тиек қылған қобызым…
Қылқобыз бен сым қобыз
facebook.com/dalasazy
3,348
оқылды

Қазақ музыка тарихында қобыздың орны ерекше. Қобыздың пайда болуы жайлы аңыздар аз емес. Көпшілік білетін бір аңыз бойынша, қобызды Қорқыт өлімнен қашып жүріп, жасап шыққан дейді. Күйлердің шығу тарихының өзі бір-бір аңыз. Дәстүрлі қоғамда қобызды қасиетті санап, тек бақсы-балгерлер ғана қолдану керек деген ұстанымды да білеміз. Осы ұстанымның бір себебі болса керек, домбыраға қарағанда қобыз қазақ даласында өте аз тараған. Тіпті ХХ ғасырдың ортасында саусақпен санарлық өнерпаздар ғана қалған дейді. Кейін осыны көріп, сол кездегі консерватория ректоры Еркеғали Рахмадиев қобыз үйрету сыныбын ашып, жоғалуға шақ қалған қобыз тарту өнерін сақтап қалған екен.

Құрметті оқырман, біз қобыз деп отырғанымызды сіздер «қыл қобыз» деп білесіздер. Оқу бағдарламасына еніп, түрлі концерттерде де осылай аталып жүргендіктен күнделікті қолданысқа еніп кетті. Ал оркестрге қажетті дыбыстарды алу үшін жасалған аспап «қобыз» ретінде танылды. Бүгінгі мақаламыз осы екі аспап жайлы болмақ.

Әуелі халық арасында «қыл қобыз» деп танылған аспап жайлы бірер сөз.  Ел аузында жетіп, түрлі жерге жазылған аңыз-әпсаналарға қарасақ, Қорқыт жылан сипатында келген өлімді дуалап, өзіне жолатпайды. Ол үшін осы қобызды пайдаланды-мыс. Осыдан кейін қобыз қазақ даласына жайылған дейді. Өткен ғасырдың ортасына дейін жер-жерден бірді-екілі қобыз ұстаған өнерпаз (бақсы) кездестіруге болған екен. «Қазақтың ұлттық аспабын қалайда кәсіби ортаға енгіземін» деген Еркеғали Рахмадиев 1970 жылдары, алдымен Жаппас Қаламбаевты (бір жылдан кейін денсаулығы нашарлап, жұмысты жалғастыра алмай қалады), кейін Дәулет Мықтыбаевты консерваторияға алдырады. Осыдан кейін қобыз тарту дәстүрі екінші демін алыпты.

 

Ендігі сөз сымқобыз жайлы. Кәсіби өнерпаздардың арасында «прима қобыз» деп аталып кеткен аспап жайлы Ахмет Жұбановтан оқиық. Ахаң былай дейді:

“...Қазақтың қолтума қылқобызы тембрлік, т.б. қасиеттері жөнінен қаншама жақсы болғанымен халқымыздың өскелең талабына сәйкесе алмады… Сондықтан да оркестр құрамына енгізу үшін қобызды бұдан жиырма жылдай бұрын өңдеп, көптеген бөлшегін жетілдіріп, толықтырып, жаңа сапалы аспап деңгейіне көтергенбіз. Аспапты жасау тәсілінің өзі кәсіби жолға қойылды: ол ендігі жерде арнауы шеберханада маман адамның қолымен жасалатын болды. Бұдан келіп аспап үнінің сапасын жақсартуға, сыртқы түрін әшекелеуге мүмкіндік туды. Ал, аспаптың көркі дегеніміздің өнер саласында едәуір мәні бар. Сонымен қатар, қыл ішектің орнына қобызға тарамыс және сым ішектер тағылатын болды. Соның арқасында аспаптың үні ұлғайтып, бұрын халық музыканттары көріп, білмеген үлкен залдардан да жақсы естілетін болды. Бұрынғы екі ішектің орнына үш ішек тағу арқылы да аспап үнінің жалпы диапазоны арта түсті».

Ахмет Қуанұлын өткен ғасырдың 30-жылдары жайлы жазып отыр. Ғалым көмекке Қамар Қасымов пен ағайынды Рамоненколар сынды музыкалық аспаптар жасаудың хас шеберлерін шақырды. Түрлі эксперименттер нәтижесінде жалпы пошымы қылқобызға келетін, бірақ бетіне тері емес ағаш салынып, үш ішекті сым тағылған «прима қобыз» дүниеге келеді. Алғашқы орындаушыларының бірі Гүлнафис Баязитова болса керек. Ахаңды ары қарай оқиық.

«Бұрынғы кварта жүйелі бұрауды квинта бұрауына келтірудің де прогресшіл мәні болды; қобыздың мүмкіндігі симфония оркестріндегі ысқышты (смычок) аспаптарға біршама жуықтады. Бұл арада халық өнерпаздары шығарған кейбір қобыз күйлерінің ежелден-ақ квинта жүйелі бұраумен тартылатындығын да ескерте кеткеніміз жөн».

Бұл жерде Ахаңның сөзін түсіндіре кетейік. Кварта дегеніміз – оң бұрау, ал квинта дегеніміз – сол бұрау. Екеуі де күйшілік дәстүрде кездессе де, негізгісі оң бұрау екеніне ешкімнің таласы жоқ. Ал «жаңа» қобыздың құлақ күйі теріс бұрауға келтіріліп, реформа жасалды. Әңгіме үш ішекті прима қобыз жайлы еді. Нақтырақ айтсақ, Ахмет Жұбанов төртінші ішекті тағып көрген. «Ән-күй сапары» еңбегінде бұл эксперимент жайлы кеңінен тоқталады. Десе де олар көңілден шықпай, прима қобызын үш ішекті етіп шектеледі. 

Уақыт өте келе қобыздың бұл түрі де жетілдіріледі. Оны қолған алған Досымжан Тезекбаев есімді ұстаз еді. 1980 жылы оның «Қобыз үйрену мектебі» оқулығы жарыққа шықты. Төрт ішекті прима қобызға арналған еңбектің алғы сөзінде композитор Латиф Хамидидің мынадай пікірі бар.

«Республикаға еңбегі сіңген мұғалім, мол орындаушылық тәжірибесі бар Досымжан Тезекбаевтың жасап берген сызбасы бойынша музыкалық аспаптар жасайтын шеберлер А. Першин мен А Тұрдыбаев жаңа төрт ішекті прима қобыз жасап шығарды. Ол үш ішекті қобызбен аспаптың айырмашылығы тек қосылған төртінші ішегінде емес, оның құрылысына, жасалуына айтарлықтай жаңалық қосылды. Дыбыс көлемі өсті. Аспаптың мойны қысқарып, ойнау тәсілі жеңілдетілді. Сол қолдың саусақтарын ішекке дұрыс ыңғайлы қалыптастыруға жағдай туды».

Осылайша, бүгінгі күнгі прима қобыздың нобайы келген. Кейде кәсіби мамандар арасында оны «аударылған скрипка» деп те аталып жүреді. Шанағы скрипкаға ұқсас болғанымен, орыншаулық тәсілі өзгеше. Әсіресе, сол қолмен дыбыс алу тәсілі әлдеқайда қиын. Оны да айтып өтуіміз керек.

 

Енді біз жазған «сым қобыз» деген атауға қатысты тоқталайық. Бұл атауды ойлап тапқан біз емес, кәсіби музыканттар арасында ауызекі тілде жүрген термин. Ал соңғы жылдары бұл терминді арнайы қолданып жүрген – профессор, дирижер Айтқали Жайымов. Астана филармониясы ұлт аспаптар оркестрінде Айтқали Тілепқалиұлы ресми түрде прима қобыз тобын «сым қобыз» деп ауыстырған екен. Бүкіл ноталарда «сым қобыз» деп жазылып жүр.

Әңгіменің орайы келген соң жаза кетейік. Айтқали Жайымов соңғы жылдары ұлт аспаптар оркестріне үлкен реформа жасады. Реформа деп қобыз бен сым қобыздың орнын ауыстыруын айтып отырмыз. Егер оркестрдегі аспаптардың отыру тәсіліне мән берсеңіз, домбырашылар дирижердің сол қолы жағында, ал сым қобызшылар оң қол жағында отырады. Қыл қобызшылар орны – дирижердің дәл алды. А. Жайымов «домбыра мен қобыз қазақтың екі ұлттық аспабы, алдыңғы қатарда отыру керек» деген ниетпен қобыз мен сым қобыздың орнын ауыстырған. Бұған бірнеше жылдың жүзі болды.  Ұлттық аспаптарды насихаттаудың ұтымды жолы деп есептейміз. Өзге оркестрлер де даңқты Жайымовтың жасаған реформасын жалғаса деген үмітіміз бар.

 

Бұл мақала барысында оқырманға қобыз атаулының екі түрін ажыратып бердік деген үміттеміз. Әрине, бұдан өзге «бас қобыз» бен «контрабас қобыз» тағы бар. Жұбанов заманында олардың түр-сипаты өзгеше болса да, бүгінгі күні әлем таныған виолончель мен контрабастан еш айырмашылығы жоқтығын көріп жүрміз.

«Қыл қобыз» атауы ертеде болмағаны анық. Өкінішке қарай, «осы атауды ең бірінші кім қолданды?» деген сұраққа жауап таба алмадық. Дегенмен Ахмет Жұбановтың өзі болуы әбден мүмкін. Жаңа дыбыстарды алуға икемі келгендіктер сым ішектіні «прима қобыз» деп, ал ішегі қылдан тағылғанды «қыл қобыз» деп екіге бөлген деп есептейміз. Бүгінгі күні әркімнің өз пікірі бар, қалай айтса да өзі біледі. Дегенмен аспап атаулары қайта қаралып, өңделген аспапқа «сым қобыз» деп анықтауыш сөзді қосып айтып, ал байырғы аспабымызды қыл қосымшасын қоспай-ақ «қобыз» деп атап жүрсек ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші