Алматыда Әл-Бейне Зарипованың бұрынғы күйеуіне үкім шықты.
Алматыда ер адам 15 жыл отасқан жарын өлтіргені үшін сотталды
Фото: nemolchikz_official/Instagram
411
оқылды

Алматыда ер адам 15 жыл отасқан әйелін өлтіргені үшін 15 жылға сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алматыда Әл-Бейне Зарипованың бұрынғы күйеуіне үкім шықты. Әйелін өлтіріп, ұрлық жасағаны үшін сот оны кінәлі деп тапқан. Сотталушының аффект жағдайында қылмыс жасадым деген уәжі де дәлелденген жоқ. Жәбірленуші тарапқа жалпы 20 миллион теңге моральдық шығын өтеуге де міндеттелді.

Қыста болған қылмыстың нүктесі бүгін қойылды. Бұған дейін «қызымызды асқан жауыздықпен өлтірді» деген Әл-Бейненің жақындары бұрынғы күйеу баласын 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бірақ сот Сабыржан Зариповтың әйелін өлтіргенін мойындағаны үшін жазасын жеңілдеткен.

"Сот Сабыржан Зариповты ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігінде және 188-бабының 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп тануға үкім шығарды. 99-баптың бірінші бөлігі бойынша, 11 жыл үш ай, 188-баптың 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша, 4 жыл 8 ай, түпкілікті 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді", – судья Бақытхан Бәкірбаев.

Әл-Бейненің әкесі мен шешесіне, екі інісі мен бір әпкесіне 4 миллион теңгеден моральдық шығын өтеуін міндеттеді. Сондай-ақ марқұмның телефонынан ұрлаған компанияның 4 миллион 700 теңгесін де қайтаруға тиіс. Судья бір айға созылған сот отырысында Сабыржан Зариповтың қылмыстан кейінгі әрекетін көріп, оның аффект жағдайында болмағанын нақтылады. Яғни, сотталушы әйелін өлтіремін деген оймен қасақана жанын алған.

"Ыдыс-аяқ сылдырламай қоймайды дейді. Қайырымды, кешірімді болу керек деген сияқты. Жоқ. Ол балаға өмір бір-ақ рет беріліп отыр. Сондықтан түйедей байлық бергенше, түймедей бақ берсін. Сол, бағын үзіп, қазір баламыздан айырылып отырмыз, өкінішке қарай", – дейді марқұмның әкесі Балапан Жүсіпов.

42 жастағы Әл-Бейне Зарипова өзін қатаң қыспақта ұстаған күйеуінен біраздан бері ажырасамын деп жүріпті. Бірақ үлгермеді. Биыл 31 қаңтарда шетелден келгеннен кейін екеуінің арасындағы кезекті ұрыс-керісте ажал құшты. 48 жастағы Сабыржан Зарипов қызғаныштан қолына пышақ алып, әйелінің денесіне бірнеше мәрте ұрған. Әл-Бейне сол жерде жан тапсырған соң, күйеуі оның телефонын ақтарып, есепші болып жұмыс істеген компанияның шотындағы 4 миллион 700 мың теңгені өзіне аударып алған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.