Осы жылы Түркістан өңірінде мал ұрлығы 43 пайызға төмендеген.
Түркістан облысында мал ұрлығы азайған
www.istockphoto.com
504
оқылды

Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі хабарлады. Қазір Сайрам ауданында 6 блок-бекет қойылып, тәртіп сақшылары тәулік бойы тексеріс жүргізіп жатыр.

Себебі Сайрам ауданы – облыстағы ауыл шаруашылығы өркендеген аудан. Ет өнімдерін өндіру мен мал бордақылауда алдыңғы қатарда. Десе де, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен кездесуде тұрғындар Қарабұлақтағы мал сою орындарында санитарлық талаптардың сақталмайтынын, соның салдарынан ауру тарап жатқанын айтып, дабыл қақты.

Тұрғындардың арыз-шағымын басшылыққа алған облыс әкімі Сайрам ауданындағы келеңсіздіктерді жою бағытында бірқатар тапсырмалар берді. Нәтижесінде аудандық прокуратура, полиция, жергілікті ветеринария қызметі мен басқа да тиісті сала мамандарынан арнайы топ құрылды. Осы блок-бекеттерге бөлінген тәртіп сақшылары күні-түні төлқұжаты жоқ малды, оларды тасымалдаушыларды, сатып алушыларды анықтап жатыр.

Осылайша, блок-бекеттегі полиция қызметкерлері 245 көлікті тексерді, уақытша оқшаулау орындарына 513 бас ірі қара мал, 115 жылқы және 879 бас ұсақ мал орналастырылды. Сондай-ақ құжатсыз мал тасымалдаған 151 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар ҚР ІІМ-нің "Мүлікті қорғау жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жоспарына сәйкес" полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық, рейдтік іс-шаралар жүргізіп, блок-бекеттерде бақылауды күшейтті.