Фотокөрмеде көпшілік назарына еліміздің атом өнеркәсібіндегі негізгі кәсіпорындардағы мамандардың күнделікті жұмысы туралы сыр шертетін бірегей кадрлар ұсынылған.
Астанада Атом саласы қызметкерлері күніне арналған фотокөрме ашылды
391
оқылды

Бүгін Астанадағы Атырау көпірінде Қазақстанның атом саласы қызметкері күніне орай ұйымдастырылған фотокөрме жұмысын бастады. Көрмені Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі ұйымдастырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Фотокөрмеде көпшілік назарына еліміздің атом өнеркәсібіндегі негізгі кәсіпорындардағы мамандардың күнделікті жұмысы туралы сыр шертетін бірегей кадрлар ұсынылған. Экспозицияда «Ұлттық ядролық орталық» РМК, Ядролық физика институты РМК, «МАЭК» ЖШС және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жұмыскерлерінің, сондай-ақ ядролық қондырғылар мен саладағы бірегей тарихи сәттердің фотосуреті қойылған. Қазіргі уақытта Қазақстанның атом өнеркәсібінде 17 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Көрмеде олардың еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесіне тиісті құрмет көрсетілген.

– Атом саласы қызметкерлерінің күні – осы салада еңбек ететін адамдардың басты кәсіби мерекесі. Бұл көрме – жұмысымыздың нәтижесін көрсетіп, еліміздің игілігі үшін күн сайын еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетуге деген мүмкіндік. Біз атом өнеркәсібінің дамуына үлес қоса алатынымызды мақтан тұтамыз», – деді ҚР ЭМ Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Ғұмар Серғазин.

Фотокөрме атом саласы қызметкерлеріне ізгілік көрсетуге арналған. Көрме барлығына ашық әрі 29 қыркүйекке дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі еліміздің атом өнеркәсібінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін барлық қызметкерлерге алғысын білдіреді. Азаматтарды осы сала қызметкерлерінің жұмысымен жақынырақ танысу үшін көрмені тамашалауға шақырады.