Жиында кәсіподақ мүшелері атом станциясы құрылысы, кадр әлеуеті және ядролық энергияның әсері жайлы сауалдарын жолдап, ой пікірлерімен бөлісті.
Әлемдегі ең тиімді АЭС өміршеңдігін дәлелдеп, тәжірибеден өтті – Мархабат Жайымбетов
1,068
оқылды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері «Ассоль» мекемесінің ұжымына түсіндірме жұмысын жүргізді,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

1997 жылы негізі қаланған "Алтын Орда" ЖШС компаниясы  йодталған ас тұз өндіру саласындағы қазақстандық нарық көшбасшыларының бірі. 

2016 жылдан бастап компания барлық талап пен сапа стандартқа сай "Ассоль" және "Сафия" брендтерімен ас тұзын өндіреді. 

Кездесуде штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов атом станциясы елге керек екенін дәлелдеп отыр.

- Елімізде көптеген өндіріс зауыты бар. Олардың өзі электр энергиясын шамадан тыс қолданады. Оған қоса жеке тұрғын үйлер мен көше жарықтары, тағы басқа электр қуатын қажет ететін салалар жетерлік. Мәселен, жел мен судан алатын электр қуаты да бар. Бірақ олар тұрақсыз. Ал атом электр энергиясы жоғарғы технологияға жатады. Бізде мамандарымыз, оларды оқытатын институтымыз бар,-деді.

Кездесуде тұрақты электр қуатының қажеттілігін жақсы түсінетін компания ұжымы АЭС салуды қолдайтынын жеткізді. Олар ең бастысы халыққа қауіпсіз болғаны дұрыс деп санайды.

 

АЭС: Сенат депутаттары "Қазақтелеком"АҚ ұжымымен кездесті

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов  «Қазақтелеком» АҚ  Қызылорда филиалының ұжымымен кездесті.

Байланыс саласының мамандары бүгінде өңіріміздің барлық елдімекенін жоғары байланысты мобильді оператормен және ғаламтор желісімен қамтып отыр. 

Басқосуда штаб мүшесі Наурызбай Сейтқалиұлы:

- Оңтүстік өңірлерде электр қуатының жетіспеушілігі сезіледі. Сондықтан жетіспейтін энергия көзін Ресейден сатып алып отырмыз. Оның үстіне қазір барлық зат электр қуатының көмегімен жұмыс істейді. Мәселен, Алматының өзінде 5000-нан аса электр қуатымен жүретін көліктер бар екен. Демек заман алға жылжып жатыр, соған сай біз де уақытында әрекет еткеніміз дұрыс.

Өткен жылы Корея еліне барғанымыздағы сондағы ғалымдардың 2050 жылға қарай сұраныста болатын мамандықтарды оқытып бастап жатқанын көрдік. Жаһанның алға ұмтылысы өте жылдам, демек талап солай болып отыр. Сол секілді, көрші елдердің біразы атом станциясын салуға кірісіп кетті. Оның ішінде Моңғолия, Өзбекстан секілді мемлекеттер, алыстағы Араб әмірліктері мен Египет секілді елдер бар,-деді.

Кездесуде ұжым тарапы көмірден, күннен, желден өндірілетін электр қуаты жайлы да сауалын жолдады. 

Бұл жайында штаб мүшесі Руслан Рүстемұлы:

- Мәселен, 4,5 грамм уран таблеткасы 100 тонна көмір беретін электр қуатын бере алады. Сонымен қатар көмірден тарайтын улы газдар әлемдік экологиялық ахуалға кері әсерін беруде. Көмірден шығатын күлдің өзінде бірнеге улы металдар, химиялық элементтер бар.  Жаһан елдері 2060 жылға қарай көмірді қолдануды мүлдем тоқтатуға бел байлады. 

Ал біз айтып отырған атом энергиясы «жасыл энергия» қатарына кіреді. Соңғы шыққан  ІІІ+ буыны қолданыста тиімді екенін көрсетіп отыр. Ең басты мәселе - атомға деген фобия. Бізге тарихтан мәлім, атом апаттары станцияның І буындары кезеңінде адами фактор әсерінен болғанын ұмытпаған абзал. ІІІ+ буыны өзінің қорғаныш қабаттарымен, қашықтан басқарылатындығымен өзінің қауіпсіздігін дәлелдеген,-деді. 

Ұжым тарапы атом энергетикасына байланысты толғандырған сауалдарын жолдап, штаб мүшелерімен пікір алмасты.

 

Кәсіподақ ұжымы энергетикалық тәуелсіздік үшін АЭС қажет деп санайды

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов Облыстық кәсіподақ ұжымымен кездесті. 

Басқосуда Атом энергетикасы саласының еліміздегі ахуалы мен оның тиімділігі талқыланды. 

Кездесуде штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов Атом станцияларының ел әлеуетіндегі маңызына тоқталды.

«Бүгінде атом станциясының құрылысын жүргізуге Корея, Франция, Ресей мен Қытай ниет білдіріп отыр. Біздің ғалымдар атом энергетикасын іске асыруда тәжірибесі мол елдермен жұмыс істейді. Әлемде ең тиімді атом станцияларының ІІІ+ буыны негізге алынып отыр. Себебі бүгінге дейін аталған нұсқа өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, тәжірибеден өтті»,-деді.

Жиында кәсіподақ мүшелері атом станциясы құрылысы, кадр әлеуеті және ядролық энергияның әсері жайлы сауалдарын жолдап, ой-пікірлерін ортаға салды. 

Бүгінгі таңда Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы 12 салалық кәсіподақтарда 1007 кәсіподақ ұйымдарын, 96 812 кәсіподақ мүшелерін біріктіреді.