2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде биыл 403 бас сиыр сатып алды. Нәтижесінде қосымша 15 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мемлекет басшысы сүт фермасы мен тігін фабрикасының жұмысымен танысты
4,087
оқылды

Мемлекет басшысы Ордабасы ауданының Бадам ауылында орналасқан «Бөрте Милка» ЖШС тауарлы сүт фермасын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорда.

2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде биыл 403 бас сиыр сатып алды. Нәтижесінде қосымша 15 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жобаға мемлекеттен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген 2,4 миллиард теңге несие берілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ферма «DeLaval» швед технологиялық кешенімен жабдықталған.

Ферма тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, 20-дан астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорынның тауары негізінен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Шымкент, Алматы қалаларына жеткізіледі.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі тігін фабрикасын аралап көрді.

Президент Ордабасы ауданында «JNRAY Group» серіктестігі биыл іске қосқан тігін фабрикасының жұмысымен танысты.

Аумағы 6 мың шаршы метр болатын жеңіл өнеркәсіп нысанын ашуға мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрикада киім-кешек, төсек жабдықтары және арнайы киім түрлері шығарылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бүгінде кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Келешекте өнім түрлерін көбейтіп, тігіншілер санын 500-ге дейін жеткізу жоспарланған. Қажетті шикізат көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жеткізіледі.

Мемлекет басшысы тігін цехын аралап көріп, өнім үлгілерімен танысты.