Ал ұстаздық жол – ұрпаққа білім мен тәрбие беруде жалықпас, шалдықпас ұзақ әрі ұлы жол десек болады. Білім мен білік, қажыр мен қайрат сынға түсетін ұстаздық қызметті өмірінің мәні де, сәні де ете білгендердің бірі – Раушан Тажібайқызы Сапарбаева. 35 жыл ғұмырын білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ұстаздың айтары көп.
Еңбек жолын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Филология факультетінде білім ала жүріп, Шымкент қаласындағы №34 В.Терешкова атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы Атамекен ауылында №23 «Жібек жолы» орта мектебінде өзіне білім берген ұстаздарымен иық тіресе жүріп, мамандығы бойынша қызмет етті. Ауылда жүріп-ақ Мақтаарал аудандық «Өркен» апталық ақпарат-тық-сараптамалық газетінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Болашақ» танымдық-тәрбиелік газетінің, «Қазақ тілі мен әдебиеті» республикалық ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналының авторлар құрамына енді. 2006-2007 оқу жылынан бастап Астана қаласындағы №52 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және мектеп директорының бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Яғни, туған өлкесінде – 17 жыл, Астанада 18 жыл білім саласында үздіксіз еңбектеніп етуде.
«Алты Алаш бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаз еңбегі, ұстаз абыройы бәрінен де биік. Сондықтан да болар, қазақта атадан балаға жалғасып, ұстаздықты мұра еткен әулеттер көп. Раушан Тәжібайқызының да атасы Тәжібек Сапарбаев ұзақ жылдар білім саласында қызмет атқарған. Ол еңбек жолын химия пәнінің мұғалімдігінен бастап, оқу ісінің орынбасары, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы, партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілген, өте сауатты, беделді кісі болыпты.
– Әулетімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, химия-биология, математика, информатика, география пәндерінің және бастауыш сыныптың мұғалімдері де бар. Менің нағашы аталарым Құран ұстаған молда болған. Яғни, өз замандарының ең сауатты жандары, сол кезеңдегі оқытушы, ағартушы ұстаздар болған. Сондықтан ұстаздық менің арман, тілегімнен бөлек, қанмен, текпен дарыған мамандық, атакәсіп деп есептеймін, – дейді ұстаз.
Барлық мамандықтың өзіндік күрделілігі, шешуі қиын мәселелері болады. «Ұстаздық еткен жалықпас» дегендей, мұғалім қойған талап пен талғамға бағыну, оны саналы түрде орындау үшін оқушыны айтпағанның өзінде ата-ананың да көзі қарақты, көкірегі ояу болмағы керек. Раушан Тәжібайқызы ұстаздық кәсібіндегі күрделілік тударатын мәселе ата-аналармен қарым-қатынаста екенін айтады.
– Үйдегі еркелігін мектепке әкелетін оқушы мұғалімнің талабын, ескертуін, жалпыға ортақ тәртіпке шақыруын ауыр қабылдайды да, өз ұғым-түсінігіндегі деңгейде жеткізеді. Ал қазіргі жас ата-аналар мәселенің байыбына жетпей, мектеппен байланысты, мұғаліммен қарым-қатынасты шиеленістіріп жатады. Бабаларымыздың «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген қағидасының дұрыс екендігін жалпы көпшілік қабылдай алмайды. Ешбір ұстаз алдында отырған шәкірттің жаман болғанын қаламайды, керісінше, шәкірттің білім-білігін, бейім дағдысын ілгерілетуге барын салып, жанын садаға етіп еңбектенеді. Менің үнемі қайталап айтатын нәрсем – ұстазға дұшпандықпен емес, құрметпен қараған сайын оқушы да өз кемшілігін түсінеді, – деді ол.
Жалпы, ұстаздың қуанышы – шәкіртімен бірге қуана білуі. Сондай-ақ Р.Сапарбаеваның айтуынша, «Ұстаздан шәкірт озар деген» ұстанымдағы мұғалім үшін оқушының кішкентай ғана жетістігін қолдап, қуаттасаң, «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жанарында жарқ еткен бір сәулені байқап, бейіміне қарай бағыттап жетелесең, шәкіртіңді өзіңнен оздыра білсең, үлкен қуаныш – сол. Дегенмен қоғамда қазіргі балалардың психологиясына қатысты алуан пікір бар. Біреулер бұрынғы бала мен бүгінгі баланың арасы жер мен көктей десе, кейбіреулер бала қай кезде де бала дейді. Біз Раушан Тажібайқызынан «Қазіргі шәкірттеріңіз мен бұрынғы шәкірттеріңізді салыстыра аласыз ба? Олардың айырмашылығы бар ма?» деп сұрағанымызда, «Баланың бәрі білмекке құмар, белсенді, ашық шынайы болады. Десек те, бұрынғы шәкірттерге мұғалімнің, жалпы үлкендердің айтқаны заң болып есептелетін. Үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап, ұлттық құндылықтарды, рухани құндылықтарды жоғары бағалайтын. Кітап оқуға құштар, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, еңбекқор болатын. Ерте есейетін. Олар өз мүддесінен қоғам мүддесін жоғары қоятын. Ұстаз ең сыйлы адам деп құрметтейтін», – деді.
Ұстаз әмбебап болуы керек. Бұл тұрғыда, Р. Сапарбаева заман талабына сай ұстаз керек жерінде әртіс, әнші, психолог, дәрігер бола білумен қатар, жалпы ұстазға тән қасиеттер мен дағдылардың бәрінің толық болуын қолдайды. Оның айтуынша, заманауи ұстаз кемел ұрпақ тәрбиелеуді өмірлік мақсат тұтқан, өзгелерге өнер-білім үйрете жүріп, өзі де өмір бойы оқып, үйрене жүретін сегіз қырлы, бір сырлы жан болуы қажет.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ