Бюджет қаржысын оң­ды-солды шашу, негізсіз тө­лем жүргізу тоқтамай тұр. Сөзіміз дәлелсіз емес. Батыс Қазақстан облысында ревизиялық комиссия мүшелері Сырым, Ақ­жайық, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласының құрылыс бөліміне аудит жүргізген. Аудит қорытындысын естіп, еріксіз бас шайқадық.
Бюджет қаржысын  бейберекет жұмсау қашан тыйылады?
410
оқылды

Белгілі болғандай, Бәйтерек ауданына қарасты Красноармейское, Чеботарева деген ауылдарға ауызсу жүргізу керек болған. Құ­рылыс жұмыстары 2023 жылы басталған. Бір қызығы, осы ауылдарға жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары бітпей жатып Бәйтерек ауданының құрылыс бөлімі қомақты қар­жыны аударып жіберген. 

– Бәйтерек ауданының құрылыс бөлімі Engineering and construction group ЖШС-ға Красноармейское, Чеботарева ауылдарына су құбыры салынды деп, жұмыстарды іс жүзінде емес қағаз жүзінде қабылдап, шарт­тың жалпы сомасының 99 пайызын, яғни бюджет қаражатының 142 млн теңгесін негізсіз ауда­рып жіберген. Алайда екі ауыл­дың су құбыр­лары әлі күнге дейін қолдануға берілмеген, – деп атап өтті БҚО ревизиялық комиссия мүшесі Қайрат Жапақов. 

Көріп тұрғандарыңыздай, ауданның құрылыс бөлімі жоқ дүниені бар деп көрсетіп, бюджет қаржысын аударған. Біз материалды дайындау барысында Красноармейское ауылына хабарласып, бір тұрғынмен сөй­лес­тік. Мақсатымыз – ауылға су барған-бар­ма­ғанын анықтау. Себебі ревизиялық ко­миссия тексерісті маусым айында жүр­гізген. Содан бері ауылға су барып қалған шығар деп үміт­тенгенбіз. Онымыз бекер болыпты. Ауыл хал­қы әлі сусыз отыр. Содан бұл қалай болды деп Бәйтерек ауданының құрылыс бөліміне хат жолдадық. 

– Бәйтерек ауданының сәулет, қала құ­рылысы және құрылыс бөлімінің тапсырыс беруімен 2022 жылы Жаңатаң ауылын, 2023 жылы Красноармейское, Чеботарева ауыл­дарын сумен қамтамасыз ету бойынша құры­лыс жұмыстары басталды. Жаңатаң, Чебо­тарева ауылдарына ауызсу берілді, тұрғындар ауызсу пайдалануда. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары 98 пайызға аяқталып тұр. Крас­ноармейское ауылы бойынша бүгінге дейін ауылға су берілген жоқ. Ұзақ созылып кетудің бір себебі көктемгі су тасқыны әсер етті. Су тасқынынан насостық құрылғылар, су ұңғы­малары істен шықты. Аудит тексерісі кезінде былтыр актімен қабылданған кейбір құрыл­ғылар нысан басында орнатылмады. Себебі нысан то­лықтай қолданысқа беріл­меген­діктен, ұрлап кетуден сақтау үшін уақытша мердігердің қоймасында сақтадық, – деген тілдей жауап хат келді Бәйтерек аудандық құрылыс бөлімінен. 

Бізге тексеру комиссиясының қоры­тындысын айтып берген Қайрат Жапақовтың айтуынша, жалпы осындай құрылыс жұмыс­тары кезінде құжат бойынша қымбат құ­рылғы­ларды жазып, іс жүзінде арзан құрыл­ғыларды орнату фактілері жиі кезде­сетін көрінеді. Бұл да бюджет қаржысынан бірдеңе жымқырып қалу үшін жасалатын түрлі қи­тұрқы әрекеттер болса керек. 

Біздің шенеуніктер қаржыны жалған актілерге қол қойып, аударып отырғаны аздай көпе-көрінеу құжаттар жасап, құрылыс жұ­­мыс­тарына рұқсат бере беретіні де анық­талыпты. 

– Орал қаласының Самал шағын­­ау­да­нында кәріз желілерінің құрылысы жұ­мыс­тарын орындау барысында «Жайық Сити» ЖШС-ға 33,7 млн теңгеге негізсіз төлем жа­са­ған. Бұдан бөлек, Орал қаласының сол­түстік-шығыс бөлігін сумен жабдықтауға ар­налған көтергіш сорғы стансасын салу жұ­мыс­тарын орындау барысында «Көлсай Строй» ЖШС-ға 3,1 млн теңгеге негізсіз төлем жасаған, аталған құрылыс объектісінің құрылыс жұмыстары бітпей жатып тех­ни­калық қадағалау қызметі үшін «Музтау» ЖШС-ға 1,3 млн теңге, авторлық қадағалау қызметі үшін Smartech ЖШС-ға 479,4 мың теңге 100% келісімшарт сомасы толықтай төленіп отыр, – дейді облыстық ревизиялық комиисия мүшесі Қайрат Жапақов. 

Ақша төленгені бір бөлек, «енді сол жұмыстар аяқталды ма?» деген сұрақ шығады тағы да. Өкінішке қарай, жауап қуантпай отыр. Облыстық ревизиялық комиссия мүшесі Қайрат Жапақовтың айтуынша, «Орал қаласының Самал шағынауданында кәріз желілерінің құрылысы аяқталды» деген актіге 2022 жылдың желтоқсан айында қол қойы­лып, төлем жасаған. Алайда жұмыс актілерінде көрсетілген жұмыстар геоде­­зиялық құрылыс торын бөлу жұмыстары, жер жұмыстары, құ­бырларды төсеу жұ­мыстары орындалмаған. Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігін су­мен жабдықтауға арналған көтергіш сорғы стансасын салу нысаны бойынша 2021 жылғы қараша айында орындалған жұмыстар акті­лерінде көрсетілген абаттандыру жұмыс­тары әлі орындалмапты. Ал оның қаржысын мердігер 2021 жылы алып алған. 

Оқиға былай болған. Ақжайық ауда­­нының құрылыс бөлімі «Ақсуат ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасаймыз» деген шешім шығарады. Сол жердегі бас­шы­лардың бірі кабинеттен шығып, сол ауылдағы Мәдениет үйін бір көріп келсе болар еді ғой. Жоқ, олар олай етпеген. Кабинетте, жылы жерде отырып, мемлекеттік сатып алулар ар­қылы мердігерді анықтап, оған «сен Ақсуат ауылындағы мәдениет үйіне жөндеу жүргіз» деп 2022 жылдың қыркүйек айында 25,4 млн теңге аванс төлепті. Содан әлгі мердігер құры­лысшыларды жинап алып, ауылдағы Мәде­ниет үйінің төбесін ашу жұмыстарын бастап кетеді. Сөйтсе, саман тастан салынған Мәде­ниет үйінің қабырғасы опырылып ортасына түсіпті. Шамасы әбден тозып, тасы үгітіліп тұрса керек. 

– Біздің кейбір басшылар құжатқа тек кабинетте отырып қол қоя салады. Құрылыс басына бармайды. Ақсуат кентіндегі ауылдық Мәдениет үйі ғимаратын қайта жаңарту жұ­мыстарын жүргізу үшін 91 млн теңгеге шарт жасалған. Заң бойынша саман тастан салын­ған ешбір нысанға күрделі жөндеу жүргізуге болмайды. Ол тек апатты деп танылып, сүрілуі тиіс. Орнына жаңа ғимарат салынуы керек. Қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу мүмкін болмағандықтан жұмыс тоқтатылған, 2023 жылдың тамыз айында мердігер 19,9 млн тең­­гені бюджетке қай­тарған. Бұл бюджет қара­жатын 95,6 млн теңгеге тиімсіз жос­­пар­лауға және Ұлттық қордан қаражатты негізсіз бөлу­­ге алып келген, – дейді облыстық ревизиялық ко­миссия мүшесі Қайрат Жапақов.

Енді басты сұрақ: Осы олқылықтардың бәрін осылай жылы күйінде жауып қоямыз ба? Тиісті мекемелер неге уақытында тексеріс жүргізбеген?

– Біз жоғарыда аталған фактілер бо­йынша тиісті мекемелер – Прокуратура, Эконо­­мика­лық тергеп-тексеру депар­­та­ментіне хат жолда­дық. Енді істі солар қарайды. Бұдан бөлек, аудит барысында әкімшілік құқық­бұзушылық белгілері бар 6 факт бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жолданды, – деп жауап қайтарды Қ.Жапақов.

Жасалмаған жұмыстарға қаржы аудару, құрылыс аяқталды деп жалған құжатқа қол қоюдың артында жемқорлық әрекеттері тұр­ған жоқ па? Мердігер компанияға екі ауылға су тартылды деп 142 млн теңге қар­жыны оп-оңай аударып жіберу мүмкін бе? Сұрақ көп, ал бұл сұрақтарға ревизиялық комиссия жауап бере алмады. Бұл жерде жемқорлық фактісі бар-жоғын енді тек Экономикалық тергеп-тексеру департаменті анықтайды.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы