Биыл – Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы. Қаламгердің мерейлі ме­рекесі туған жерінде кең көлемде ата­лып өтті.
Бердібек әлемін барлаған
1,744
оқылды

Бердібек Соқпақбаев  де­се, «Менің атым Қожа», ес­ке түсетіні жасырын емес. Повес­ть 1957 жылы жазылды, ал фильм 1963 жылы көрерменге жол тартты. 1967 жылы француздың әйгілі Канн фес­тивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алады. Бұл – қазақ кино са­ла­сын­дағы тұңғыш жүлде. 

«Менің атым Қожа» повесті ең ал­ғаш «Өзім туралы повесть» деген атпен жарық көргенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Алғаш осы ат­пен жарық көргенде әдебиет­ші­лер арасында талас тудырған. Бұ­за­қы Қожаның шәлкес қылық­та­рымен танысқан балалар бұзылып ке­теді деп қорыққандар да бо­­­лып­ты. 

Балаларға арналған шығар­мадан неге қорықты екен деп ойлаған едік. Оған «Өзім ту­ра­лы повесть» туралы жазылған дү­­­­ниелерді ақтарып отырып, мы­на­дай жазбаны оқып көз жет­кіз­дік.  

«Елуінші жылдардағы бала­лар­ға арналған санаулы повестерді шолып шықсақ, балғын кейіп­кер­лер негізінен тәртіптілігімен, ере­сек­тер алдында инабаттылығымен, социалистік меншікті сақтауға жә­не қорғауға, қоғамдық еңбекке шама-шарқына қарай ұм­ты­лу­шы­лығымен ерекшеленетін. Мі­не, осы кезеңде бойындағы табиғи бол­мыс-бітімімен, өзіндік қарама-қай­шылықтарымен әдеби аренаға шы­ға келген Қожа тәрізді бейнені көр­генде әдеби қауымның тосы­лып қалуы түсінікті еді. Бірақ по­­­­­весть орыс тіліне аударылуы мұң екен, қазақтың сүйкімді де сот­қар ба­ласы дүниежүзін аралап кете бар­ды» деп жазады. 

«Өзім туралы повестьке» бір­не­ше рецензиялар жазылған. Оның бірі 1958 жылы 24 қаңтарда (ян­варь) «Социалистік Қазақ­стан­да» жа­рық көреді. Авторы – Ө. Жа­­қы­пов. «Сын мен биб­лиог­ра­фия» ай­дарымен берілген.

«Бердібек Соқпақбаевтың «Өзім туралы повесі» де оқушы ойы­на қонымды, әрі ұтымды жа­зыл­ған. Жазушы өмір құбылыс­та­рын зерттеп, одан өз керегін алып, әде­би көркем образдар жасай ал­ған. Оның жаңа повесіндегі кейіп­кер­лер, оқиғалар нақты өмір шын­­­­­дығынан алынған. Сон­дық­тан да, повесть мектеп балалары үшін өте қызықты. Басты кейіпкер Қожаның атынан жазушы өзі сөй­лейді. Повесте колхоздағы мек­тептің оқушысы Қожаның 5-клас­ты бітіріп, жақсы демылас­қа шық­қанынан бастап, жаңа оқу жы­­лының алғашқы айларына дейін басынан өткен жайлары бая­­ндалады» деп жазады автор.

Повестегі ең басты образ Қожа еке­ніне, оның әкесі Ұлы Отан со­ғы­сында қайтыс болғанын, туған ше­шесі Миллат колхоз ферма­сын­да сауыншы болып істейтінін, Қожаның қарт әжесі Балжанның қо­лында оқитынына тоқталады. 

«Қожаны ұнамды образ деп білу керек. Өйткені ол Сұлтан сияқ­ты емес. Екеуінің кейпі екі бас­қа. Сұлтан нендей кесапатты бұ­зық қимыл жасаса да, біле тұра әдейі істейді. Ал Қожа болса, он­дай оқыс қимылдардың кесірінен жа­манатқа ұрындырып, шу бо­лып, ұятқа қалдыратынын біл­мей­ді. Қожа Сұлтанның жас жағынан да кіші. Сұлтанның соңынан қан­ша­ма ермейін десе де, кейде оның же­тегіне кетіп қалады. Тәр­тіп­сіз­дік­ті қалай істегенін өзі де аңда­май­ды. Оқу үлгерімі жағынан еш оқу­шыдан кем емес. Қожаның еңбегін тәртіпсіздігі жуып кетеді. Ал повестің соңында Қожа тү­зе­лу­ге бет бұрады» дейді рецензент. 

Жазушының повесінде оқыр­манды еріксіз күлдіретін юмор, те­ріс қылықтарды келемеждейтін иро­ния бар. Бірақ қаламгер күлкі үшін күлкі жасамағаны анық. Күл­діріп отырып ойландыратын, «кеңес» баласының образын жа­сау­дан аулақ болғанын байқайсыз. 

Сыншы қаламгердің балалар пси­хологиясын жақсы меңгер­ге­нін, әр кейіпкерінің өзіне лайық­ты ісі барын, сөйлеген сөздері де бір-біріне ұқсамайтынын жазады.

Ал сол жылы тағы  «Социа­лис­тік Қазақстанға» (4 июль, 1958 жыл) жарық көрген мақала да «Өзім туралы повестің» ерекше­лі­гіне тоқталады. «Кітап оқушының пікірі» айдарымен берілген мақала «Өзім туралы повесть» деп атала­ды. Авторы – С. Қабылбаев. 

«Көріп отырсыздар, Бердібек бас­­қаға үлгі боларлықтай тәртіпті ба­­ланы жазып отырған жоқ. Тәр­тіп­сіз сотқар баланың өмірін баян­­­дап отыр. Тақырыпты батыл таң­дап алған. «Мына бала тәртіпті еді, бұдан үлгі алуға болады. Ақы­лы мол, сабақты жақсы оқиды» деп ақылгөйсінбей, жаңа бір жайт­ты суреттейді.

Повесть оқып отырғанда өзің­нің де балалық кезде­рің еріксіз еске түседі. Қожа сияқ­ты тентек те бір бет балалардың әр мек­тептерде болатыны сөзсіз. Со­нымен бірге сабақты жақсы оқып келгенде білгіштігімен көзге тү­сіп қалғысы келіп, «мен айта­мын» деп отыратын, оқымай кел­ген­де бір 45 минутты болдыра ал­май, әбігерленетін жағдай әр­кім­нің де басында болған» деп си­­­паттайды автор. 

Одан әрі Қожа образын талдап шы­ғады. Оның Сұлтанмен досты­ғына да ерекше тоқталған. Сөйтіп оқу­шының сотқарлығы үдей түс­ке­нін, өзін оқытып жүрген мұға­лім­дерге бағынбай, оқушылық қа­лыпқа жатпайтын тәртіпсіздікке жол беретінін айтады.

«Шығармада бастан-аяқ сөй­лейтін Қожаның өзі. Тәртіпсіздігін көр­сететін күлкілі, мысқыл сөздер шы­ғарманың өн бойынан өріс ал­ған. Бірақ бұл сөздер сөкет күлкі  ту­дыру үшін қолданылған емес, Қо­жаның тәртіпсіздігін әшке­ре­леу үшін қолданылған кекесінде, зілді сөздер. Шығармадағы басты кейіпкер Қожа өзінің бастан кешкен бар жағдайын өзі баяндап, өз қылығын өзі жұртқа әшкерелеп бе­ріп отырады. Кітапты оқып отыр­ғанда қай бала болмасын өз араларында жүрген Қожа сияқты жол­дастарын дұрыс жолға сал­ғы­лары келеді. Б.Соқпақбаевтың орыс­тың ұлы жазушысы, сатиригі Н.Гогольден көп үйренгені байқа­ла­ды» деп жазады. 

Сыншы ұнамды тұстарын ға­на емес, кемшіліктерін де тізіп өтеді. Оның көзқарасында Қожаның шек­тен шыққан бұзық болуына әсер еткен жағдайлар жа­­­­­зылмай қал­ған. «Ол туған бой­дан бұзық бо­­­лып тумаса керек. Адамның әртүрлі болуына тәрбие әсер етеді. Осы жерлерін дәлдең­кі­­­­ресе, өте жақсы болар еді. Соны­мен бірге тәрбие, ортаның ықпалы көмескі көрсетілген» деп жазады. 

«Өзім туралы повесть» кейін «Ме­нің атым Қожа» болып өзгер­ді. Оған себеп болған – жазушы­лар­дың арасында талас тудырғаны. Ол туралы жазушының өзі: «Өмір­де адам басында болатын жайттар­ды, қиын-қыстау оқиғаларды тағ­дыр қабырғасы қатпаған қар­ша­дай кезімнен аямай-ақ үстіме үйіп-төкті. Сегіз жасымда, бірінші сыныпта оқып жүргенде шешем өліп, жетім қалдым. Колхоз­дас­тыру­дың алғашқы қиын жылдары болатын. Содан соң басымнан кешкендерді ойлай бастасам, осы күн­нің өзінде жүрегім қақ айрыла жаз­дайды. Япыр-ау, қалай тірі қал­дым, осы күнге қалай жеттім?! «Өзім туралы повесть» – осы тол­ға­ныстан туған дүние. Кейін оның аты «Менің атым Қожа» болып өз­­­­гертілді. Алыстан арбалап ма­те­риал тасымаймын, архивтің шаңын жұтпаймын. Жақыннан өз басымнан кешкенді, өзім байқап-түйгендерімді, өз айналамды дор­ба­лап жинаймын. Бір сөзбен айт­сам: өзін жазатын жазушымын. Мі­нез-құлық жағынан Қожа өзге емес, менің өзіме ұқсайды» дейді. 

Біреулер «Менің атым Қо­жа­да» жазушы өзін жазды десе, енді біреулер балалық шағының ащы көріністерін «Балалық шаққа сая­хат» кітабы толығырақ көрсететін се­кілді дейді. Көрнекті ақын Қа­дыр Мырза Әлінің «Үлкен жазушы болу үшін бақытсыз балалық шақ керек» деп айтқаны бар еді. Бер­дібек Соқпақбаевқа оқырманға сон­шалықты шыншыл болуды үйрет­кен де сол балалық шағында тат­қан кермек дәмі болса керек. 

Өзі туралы толғаныстан жа­зыл­­ған шығарма көркем фильмге ұлас­ты. Оның киноға айналу та­ри­хы да қызық. Бұл туралы жазу­шы  бір әңгімесінде ақын Сей­фол­ла Оспанға өзі айтып беріпті.

«Бір күні жұмыс орнымда отыр едім. Бастығым Ақтақаш та  отырған, кенет біреу хабарласып, Тахаңмен сөйлесіп еді. Ол: «Өзің келсеңші, мына Бердібек те отыр. Не нәрсені де шешуге болады ғой», – деп трубкасын қойды да:

– Бердібек, сен осы, ана ба­ла­лар­ға арналған шығармаларыңды киноға бейімдесең қалай болар екен? – деді. – Мен жаңа анау Аб­дол­ла деген режиссерді шақы­рып едім. Кино жағынан ол үлкен та­лант. Ол саған нағыз таптыр­май­тын адам, – дегенінше, екі мұр­ты едірейіп Абдолла да жетіп кел­ді. 

Тахаң әй-шәй жоқ Абдол­ла­ға: – Мына кісінің үлкен жа­зушы екенін білесің ғой, – дей­ді. Ол да: – Иә, иә, – деп жатыр қал­бақтап. Тахаң шамалы аңырып қалды да, Абдоллаға бір қарап, маған бір қарап:

– Осы сендер тізе қосып жұ­мыс істесеңдер қайтеді? – деп жа­уап күткендей бізге тағы алма-ке­зек қарады. Алдымен Абдолла жауап берді:

– Бұл кісінің «Менің атым Қо­­­­жасын» өзім де көптен бері меже­леп жүр едім. Енді бұл кісінің өзі ке­ліссе? – деп маған қарады.

– Бұрын-соңды сценарий жа­зып көрмегенмін, – деп едім. 

Ақтақаш:

– Жазып көрмесең, жазасың. Ана алдыңдағы сценарийлердің қай­сысының жақсы, қайсысының жаман екенін көріп отырған жоқ­сың ба? Оның үстіне, мына Абдол­ла­дай іс-тәжірибесі ысылған адам­­мен бірігіп жасайтын бол­саң­дар, бұл қадамдарың сәтсіз бол­мас. Әумин, – деді де:

– Жүріңдер, мына істеріңнің оң­ға басуына деп таза ауада сыра-пыра ішіп қайтайық, – дегені. Одан кейінгі істі Ақтақаш заң­дас­ты­рып берді де, Әбекең екеуміз кірі­сіп кеттік. Шындығы керек, ме­нікі тек, көбінесе Әбекеңді тың­­­­дау болды. Былай ет десе, бы­лай етем, олай ет десе, олай етем. Бәрібір Абдоллаға төрт аяғы тең дүние беруге жарамадым. Соған шыдамады ма білмеймін, бір күні сценарийді қолымнан алып алды да, әй-шәй жоқ Әбекеңнің өзі кірі­сіп кетті. Бірақ мені автор­лық­тан алып тастаған жоқ. Ол да бір ерекше азамат екен. Көп ұзамай бас-аяғы жұп-жұмыр «Менің атым Қожа» атты фильм менің атым­­ды барша әлемге жайды. Әри­не, оған себепші болған деп ал­дымен өзімнің Ақтақашымды ай­тар едім. Одан кейін құдай ме­нің бағыма Абдолланы тап кел­тір­ге­нін қарасаңызшы. Одан кейін де Абдолланың мәрттігімен «Бала­лық шаққа саяхат», «Жүйрік бол­саң озып көр» тағы-тағыларына ұла­сып жүре берді» дейді Сей­фол­ла Оспан.

 

P.S. 

Сарғайған сары қағаздар…

Реттеулі жатқан рецензиялар.

Соларды осылай ақтарып тұр­ған да дұрыс екен. Алтын көмбе іс­пет­тес осындай еңбектерді қайта зер­делеу арқылы біз тұлғаны да, тарих­ты да терең тани аламыз.

Гүлзина БЕКТАС