Теріскей аймақтарда халық санының жылдан-жылға азаюы тоқтар емес. Жыл сайын ондаған ауыл карта бетінен мүлдем сызылып жатыр.
Көш жүре түзелмей тұр
438
оқылды

Соның салдарынан, әсіресе ауылды аймақтарда халық санының шамадан тыс азайып, қирандыға айналғаны көңіл қынжылтады. 2017 жылдан бастап қолға алынған «Оңтүстіктен солтүстікке көшу» мемлекеттік бағ­дарламасының тиісті нәтиже бере алмағаны да мемлекеттік мін­бер­лер­ден талай мәрте айтылды. Дегенмен «Көш жүре түзеледі» деген қа­ғи­даның іс жүзінде көңілдегідей жүзеге аспай жатқаны ақиқат... 

Халқының саны азайып, солтүстік шекараға жа­қын ауылдары жапан түзге ай­на­лып бара жатқан аймақтардың бойына қайта қан жүгірту мақ­са­тында мемлекеттік бағдарлама 2017 жылдан бастап қолға алын­ған. Әсіресе, Солтүстік Қазақ­стан, Павлодар, Қостанай және Ақ­мола облыстарындағы ха­лық­тың негізінен урбандалудың ағы­нымен қалалы елді мекендерге қо­ныс аударуы, сонымен қатар бас­қа шетелдерге қарай көшуінің сал­дары кері ықпалын тигізген.

Қаңырап қалған ауылдарда ха­лықтың үдере көшуі теріскей ай­­мақтардың экономикалық әлеуе­­тін де едәуір төмендеткені сөз­­сіз. Мәселен, тек Солтүстік Қа­­­­­зақстан облысының халқы 2000 жыл­дан бері ғана 170 мыңға азайғаны байқалған. Яғни, тұтас бір ірі қаланың халқы жоқ болды деуге болады. Бір ғана Ақмола об­лысында соңғы бес жылдың ішін­де 13 ауыл түп орнымен жойы­­­­лып кеткен. Сөйтіп, ше­ка­­ра­лық аймақтардың жаппай жа­лаңаштана бастауына жол аш­қан. 

Бұл орайда оңтүстіктен сол­түс­тікке халықты қоныстандыру бағдарламасының іс жүзінде жү­зеге асырылуында да бірқатар аса үлкен кемшіліктің жіберілгені байқалады. Өйткені теріскей об­лыс­тарға келгенімен, араға аз уа­қыт салып өз еліне қарай кетіп жат­қаны бағдарламаның әлі де бол­са ескерілмей қалған шикі тұ­сының барын аңғартады. Мә­се­лен, көшіп келген күнгейлік аза­маттарды қоныстандыру аса үлкен көлемде түрде жүргізіліп жат­қан Солтүстік Қазақстан об­лы­сында тек былтырғы жылдың өзін­де 4 мыңға жуық адамның қайтадан өз жұртына кетіп қалуы – осыған дәлел. 

Екіншіден, мемлекеттік бағ­дар­ламаның қомақты қаржысы­ның жергілікті жауапты органдар­да жемқорлықтың салдарынан «Бармақ басты, көз қыстымен» жым­қырылғаны да мемлекеттік көш бағдарламасының орын­далуы­на кері ықпалын тигізген. Атап айтқанда, елдің Бас про­кура­турасы жүргізген талдау қо­рытындысына сенсек, оңтүс­тік­тен ерікті түрде солтүстік өңір­­­­лерге кө­шу бағдарламасын жүзеге асы­руға бөлінген мемлекет қар­жы­сы­ның талан-таражға са­лынуы­ның аса зор фактілері дә­­­лел­­денген. Халықты жалған түр­де көшіру жо­лымен 1 мил­лиард теңгеден ас­там мемлекет қар­жысының ұр­ланғаны жария­лан­ды. 

Бұл жайлы газетіміздің өткен санында тарқатып жаздық.

Оған қоса, теріскей ай­мақ­тар­ға алғашқылардың бірі болып қоныс аударып, оңтүс­тік­тен көшіп келушілерге барын­ша көмегі мен кеңесін беріп жүр­­ген азаматтар да бағдар­ла­ма­ның әуелден тиісті түрде зерттеп-зер­деленбей жүзеге асырылғанын алға тартады. Оның ішінде, әсі­ре­се өңірге қажетті болып отыр­ған мамандарды тартудың аса ақ­сап тұрғаны айтылмай қал­ма­ды. Теріскейге жұртқа сіңісіп, ха­лықты солтүстікке қо­ныс­тан­дыру әрі қазақыландыруға бел­сен­ді түрде кірісіп жүрген азамат­тың бірі – Бурахан Даханов «оң­­түс­тіктен солтүстікке көшу» бағ­­дарламасының бірнеше кем­шін тұсын атап өтті. 

– «Оңтүстіктен солтүстікке кө­­­­шу» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы­­мен көшіп келгендерге қомақ­ты қа­ра­жат беріледі деген қате тү­сі­нік бар. Бірақ іс жүзінде қара­жат аса мәз емес. Адам басына 260 мың теңгеге жуық қаражат бері­­ле­ді. Мемлекет үй алуына 50 пайыз­дық сомада көмектесуімен шаруа бітті деп санайды. Ал іс жү­зін­де келген азаматтардың осын­­дағы халықпен араласып ке­туі,  рухани әрі моральдық кө­мек бағ­дарламада қа­рас­ты­рылмаған. Сонымен қа­тар бағ­дар­лама ая­сын­да көбіне мұға­лім, дәрігер сияқ­ты маман­дар келіп жатады. Ал іс жүзінде осы те­ріскей өңірдің табиғаты мен же­рінің құнар­лы­лығын пай­да­ланып, экономика­сын өркен­дету­ге мүмкіндік бере­тін малшы, ме­ханизатор, жыл­қы­шы, егінші, биз­нес ашамын деген аза­маттар­дың келуіне көбірек мүм­кін­дік берілгені жөн, – дейді Бура­хан Даханов. 

Солтүстік Қазақстан облы­сын­да теріскей аймаққа қоныс аударушыларға арнайы кеңес беру орталығын ашқан Әнуар Тоқпанов керісінше бағ­дар­лама бойынша келіп жатқан аза­маттардың қарқыны баяу­ла­ға­нымен, іс жүзінде барынша қол­дау көмектің беріліп жатқанын айтады. 

– Өз басым дәл биылғы жылы кө­шіп келген адамдардың қайта ке­тіп қалғанын естімедім. Биыл­ғы квотаға сәйкес, Солтүстік Қа­зақстан облысына 2 900-ден сәл аса адам келуі керек. Бағдар­ла­ма бойынша 258 мың теңге кө­лемінде әр жан басына қаражат беріліп, сатып алынатын үйдің 50 пайызын мемлекет төлейді. Қазір 2000-ға жуық адам көшіп келіп, 70 пайызға орындалды. Оларға біз білім-біліктілігі туралы ақпа­рат алып, алдын ала қандай елді ме­кенге көшіп барғаны әрі не іс­теу қажеті жөнінде кеңес бере­міз. Көп жағдайда алдын ала біл­мей келіп, қиналып жататындар бар. Әрине, бірінші кезекте бөтен елге көшіп келгендіктен, ол аза­маттардың жинақтаған белгілі бір қоры болуға тиіс, – дейді Әнуар Тоқпанов. 

Қоныстанушылардың кері қа­рай кетіп қалу себебін одан әрі анық­тау мақсатында жекелеген ауыл­дардағы жағдай мен табыс дең­гейін байқамақ болдық. Күн­гей­ден келген азаматтар көбірек қо­ныстанған елді мекендердің бірі – Солтүстік Қазақстан облы­сына қарасты Қызылжар ауылдық округі. Бүгінде 3 200 адам тұра­тын ауылдық округте жалпы саны 6 ауыл бар. Ауылдарда ірілі-ұсақ­ты 23 шаруа қожалығы 30 мың гек­тардан астам алқапқа егін еге­ді. Негізінен, астық өндіру­мен ай­налысатын ауылдардың әлеу­меттік жағдайы да біршама тұрақ­ты. Ауыл әкімі көшіп келген адам­­­дарды жұмыспен де, бас­па­на­­мен де қам­тамасыз етудің жол­ға қойыл­ғанын атап өтті. 

– Тек 2009-2011 жылдардың өзін­де 244 үй салынып, «Нұрлы көш» бағдарламасымен 200 қан­дас отбасы қоныстанды. Бәй­те­рек ауылында ірі ауыл шаруа­шы­лы­ғымен айналысатын «Элита СК» фирмасы жұмыс істейді. Жы­­­­лыжай арқылы көкөніс өсірі­ліп, өнімдер облыстан тыс жер­лер­ге де шығарылып жатыр. Соң­ғы бес жылда Бәйтерек, Ча­паев, Подгорное ауылдарында кө­шіп келген адамдарға бағдар­ла­ма бойынша үйлер құрылысы басталған. Бәйтерек ауылына кел­ген қандастар мен оңтүстіктен кел­ген 9 отбасына 9 үй, Подгор­ное ауылында көшіп келген 37 отбасына 37 үй, Чапаев ауылында 24 үй салынды. Бүгінде біздің ауыл­дық округте жалпы саны 80 от­басы, яғни 320 адам көшіп кел­ді. Дегенмен Чапаев ауылында 9 отбасының кері көшіп кетуінен қа­зақ тілінде оқытатын сынып­тар­дың жабылу қаупі төніп тұр. Оң­түстіктен көшіп келген аза­мат­тарды қабылдауға әрі олардың осында қалып жұмыс істеуіне мол мүмкіндік бар, – дейді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ринат Шұғайыпов. 

Бұл уәжбен кезінде өзі осы мемлекеттік бағдарлама ая­сында теріскейге көшіп келіп, бү­гінде Бугровое ауылдық окру­гі­нің әкімі атанған Нұрсұлтан Хуа­тов та келіседі. Ол аймақта жұ­мысшы маман кадрлардың аса тап­шы болып отырғанын тілге тиек етіп, өз кезегінде теріскей ай­мақ­қа келетін азаматтарды қа­был­дауға әзір екенін жеткізді. 

– 2019 жылы Түркістан облы­сы Арыс қаласында болған апат­тан кейін отбасымды алып Прес­нов­ка ауылына көшіп келдім. Ма­мандығым бойынша ветери­нар­лық стансада еңбек еттім. Кейін Подгорное ауылына көшіп келіп, Бескөл құс фабрикасына мал дәрігері болып орналастым. Осы жылы Бугровое ауылдық ок­ругіне сайлау арқылы әкім болып сай­ландым. Оңтүстіктегі жерлес­те­рімді теріскейге қоныс ауда­рып, өңір экономикасын көтеру­ге шақырамын. Мұнда 30 мыңнан астам егістік алқаптың 13 мың гек­тарына егін себіледі. Қазір тек «Шағала Агро» холдингінің өзіне аг­роном, механизатор, инженер, есеп­ші сияқты 100-ден аса жұ­мыс­шы қажет болып отыр. Мә­селен, малшы болып келсе, 1 мил­лион 200 мың теңгеге дейін жала­қы алатын мүмкіндік бар. Яғни, көшіп келетін адамға қо­лайлы әлеуметтік жағдай қарас­тырыл­ған. Бугровое ауылдық ок­ругі маңайдағы басқа ауылдарға қа­рағанда жағдайы анағұрлым бай ауылдардың қатарында. Сон­дық­тан күнгейден көшіп келетін от­басыларды шақырамын, – дейді Нұрсұлтан Хуатов. 

Расында да, «Оңтүстіктен – Сол­түстікке» мемлекеттік бағдар­ла­масының іс жүзінде жүзеге асы­рылуында жоғарыда аталған­дай бірқатар аса маңызды мәсе­ле­нің ескерілмей қалуы «теріс са­льдо» болуына алғышарт бол­ған сияқты. Бұл орайда құзырлы ми­нистрлік пен жергілікті ат­қару­шы органдардың өткен қа­те­ліктерді ескере отырып, бағдар­ла­маның іс жүзінде жеміс беруі үшін жан-жақты талдап келген адамдардың түпкілікті қалуына жағ­дай туғызатын өзгерістер ен­гізуі жөн болар деген ойдамыз. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы