Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Мемлекеттің бағдарын биылғы Жолдауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осылай айқындап берді.
Ұлттық банк ғылымды дамытуға ден қоймақ
779
оқылды

Мақсат – елдегі ғылыми-зерттеуді жандандырып, ғалымдарды ғылыммен айналысуға ынталандыру. Дегенмен ғылымды дамытуды басты бағдар тұтқан мемлекетіміздің жүгі жеңіл болмай тұр. Салаға серпін беруге негізгі қадамдар жасалғанымен, түйіні тарқатылмай тұрған түйткілдер жетерлік. Мәселені шешудің тиімді тетіктері түзіліп қойған. Іргелі істерді ілгерілетуге уақыт пен баянды бастамалар қажет. Бұл істе Ұлттық банк үрдіске айналдырған жұмыстар бар. Бүгінде елдегі ғылым саласын қаржыландырудың базалық, гранттық, мақсатты-бағдарламалық секілді үш тетігі бары белгілі. Орталық банк өз тарапынан зерттеулерге гранттар бөліп, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізуді дәстүрге айналдырды.

 Ұлттық банк биыл да экономика мен қаржы саласындағы зерттеулерге гранттар бөлетінін хабарлаймыз. Жыл сайынғы тәртіппен грант иегерлері конкурс арқылы іріктеледі. Конкурсқа академиялық, ғылыми және зерттеу ұйымдары қатыса алады. Өтінім Ұлттық банк порталында онлайн қабылданады. Жіберілген жұмыстарға тәуелсіз сарапшылар мен Ұлттық банк қызметкерлерінен жасақталған комиссия талдау жасайды. Грант беру туралы шешімді де комиссия қарастырады. Зерттеу жұмыстарының мерзімді немесе академиялық басылымдарда жариялануы тиіс. Үздік шыққан зерттеулер іріктеліп, Ұлттық банк оларды экономикалық процестерді модельдеуде және заңнама әзірлеуде қолданады.

 Бұл Ұлттық банктің қаржы және экономика саласына зейін қойып жазып, зерттеулер жүргізіп жүрген мамандарға көрсетіп жатқан қолдауының бір мысалы. Бас банктің ғылымды дамыту бағытындағы байырқалы бастамасының бірі – ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу. Ақша-кредит саясаты мен қаржы тұрақтылығы саласындағы зерттеулерге арналған ғылыми-тәжірибелік конференциясы жыл сайын үздік ұйымдар мен білікті мамандардың басын қосып келеді. Осы орайда дәстүрлі шараның алдағы жылғы жиынына қатысуға бейілді азаматтардан өтінім қабылдау басталғанын қаперге саламыз. Конференция 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында Алматы қаласында өтеді. Ақша-кредит саясатындағы ұзақмерзімді трендтер мен жаңа қиындықтар, инфляция және инфляциялық болжам, макроэкономикалық өзгерістердің қаржы тұрақтылығына әсері, Орталық банктердің қаржы тұрақтылығын сақтаудағы рөлі секілді тақырыптар ой талқының өзегі болады. Баяндамашы ретінде қатысуға экономика, қаржы және осы салаларға қатысты пәндер бойынша жұмыс істейтін зерттеушілер, сарапшылар және практиктер шақырылады. Баяндама жасайтын тақырыптар мен басымдық берілетін бағыттар, өтінім қабылдау тәртібі туралы толық ақпарат www.nationalbank.kz сайтында.