Қазақстандықтар үшін келер ай өте маңызды. Себебі қазан айында референдум болады.
Басты назарда – АЭС-тің пайдасы мен қауіпсіздігі
799
оқылды

Осылайша, АЭС дүбірі бізге де жетті. Атом электр стансаларын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелерінің сөзіне сенсек, бейбіт атом – ел экономикасының өсіміне оң ықпал ететін сенімді және тұрақты энергия көзі. Олардың пайымдауынша, АЭС жобасының аясында өнеркәсіп дамып, жаңа жұмыс орындары құрылады әрі қарапайым халықтың әл-ауқаты артады. Тіпті, АЭС құрылысы жүретін өлкенің инфрақұрылымы жетіліп, аймаққа мультипликативті әсерін береді. Сонымен қатар АЭС-тің пайдалануға берілуі елдегі ядролық технологияның дамуына да серпін сыйламақ. Нәтижесінде, көмірсутегі экспортына деген тәуелділік төмендеп, елдің энергетикалық тепе-теңдігін әрта­раптандырудың реті келеді.

Осы орайда Тараз қаласындағы Минералды тыңайтқыштар зауытының ұжымына жобаның пайдасы мен қауіпсіздігін түсіндірген АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық Халықтық штабтың өкілдері  және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров атом энергетикасын пайдаланудағы дамыған елдердің тәжірибесі, АЭС-тің қауіпсіздігі мен тиімділігі жөнінде жан-жақты сөз етті. Іс-шараға қатысушылар өз еліміздің болашағын өзіміз таңдай алатын мүмкіндік ретінде әр қазақстандықтың алдағы референдумға қатысуының маңызына баса назар аударды.

–  Атом электр стансасы – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің пәрменді тәсілі. Әлемдік экономиканың көшбасшы елдері ондаған жылдар бойы бейбіт атомның энергиясын пайдаланып келеді. Сонымен қатар көмір генерациясы арқылы алынған энергияны пайдалана отырып, өндірілген өнімдерге көміртегі салығы енгізілетінін де ұмытпауымыз керек. Бұл қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілетті болуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бізге ел дамуының кепілі болатын таза энергияның тұрақты әрі сенімді көзі қажет. Біз бәріміз бірігіп, Қазақстанның жарқын болашағы үшін осы маңызды шешімді қабылдауымыз керек, деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.

Сондай-ақ бұл күні жиналғандар атом энергетикасын дамытудың заманауи әлемдік трендтерін талқылап, елімізде бейбіт атомды дамыту бағытында істеліп жатқан жұмыс туралы айтты. Жиын соңында штаб мүшелері зауыт жұмысшыларының сұрағына жауап берді.