Қорғаншылық және патронаж органдары бұл отбасын барып тексермеген, ол жерде 4 кішкентай бала бар.
Леңгірде 10 бала қауіпті үйде өмір сүріп жатыр – Балалар омбудсмені
Фото: @zakiyevadinara
398
оқылды

Түркістан облысында 10 бала аш-жалаңаш қауіпті үйде өмір сүріп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысына сапармен барған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Түркістанда әйел мүгедек баласын базарға шығарып, қайыр сұратқан. Леңгір қаласында 10 кәмелетке толмаған бала антисанитария жағдайында қауіпті үйде өмір сүріп жатыр. Көршілерінің айтуынша, шешелері араққа салынып кеткен. Қорғаншылық және патронаж  органдары бұл отбасын  барып тексермеген, ол жерде 4 кішкентай бала бар. Балалар аш, ас-сусыз, жарығы жоқ сыз үйде өмір сүріп жатыр», деп жазды ол.

Зәкиева бүкіл ауданда кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын комиссия жұмыс атқармайтынын айтып, сынады.

«Мәселен, Отырар ауданында 36 отбасы полицияның есебінде тұр, бірақ бірде-бір отбасының жағдайын комиссия қарамаған, отбасыларға көмектесу, оларды жұмысқа орналастыру жоспары жоқ. Басқа аудандарда жәрдем беру, жұмыс ұсыну жоспарынсыз ескерту жазып береді. Мұндай проблемаларды шешу үшін Отбасын қолдау орталықтары қажет»,  деді Динара Зәкиева.

Айта кетейік, бұған дейін Балалар омбудсмені 13 жасар қыздың босанып, мектепке бармағаны туралы хабарлаған болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.