Жүргізілген есептеулерге сәйкес, атом электр стансасының қажеттілігі үшін су тұтыну көлемі Балқаш көлінің деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді. Бұл туралы Қазақстанның су секторын дамыту жөнінде әріптестердің Үйлестіру кеңесінің отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
«Салқындату үшін бір су бірнеше рет пайдаланылады. Сонымен қатар пайдаланылған су басқа су нысандарына жіберілмейді. Біздің министрлік көл деңгейі мен атом электр стансасының су тұтыну көлемін тұрақты мониторингін жүргізетін болады. Оның ішінде су ресурстары ақпараттық-талдау орталығында деректерді жинау және есепке алу құралдарын енгізу арқылы да есеп жүргізетін болады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл қалыпты деңгейді ұстап тұру үшін жеткілікті көлем болып саналады.