Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерін Конституция нормаларына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда талқыланады. Конституциялық сот «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның 13-бабын Конституцияға қайшы келеді деп тапты. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғаларға қатысты қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер олардың құқықтарын бұзатыны анықталды. Осыған байланысты заң жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мәселелерін реттейтін түзетулер енгізу көзделген.
Сондай-ақ депутаттар сотталған адамдарды беру туралы Қазақстан-Вьетнам арасындағы шартты ратификациялау туралы заң жобасын да қарайды. Құжат бас бостандығынан айыру жазасына кесілген адамдарды өз азаматтығы бар мемлекетте жазасын өтеу үшін елдер арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған. Сонымен қатар жалпы отырыста палата комитеттері бірқатар халықаралық шартты ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдайды.