Қорықшы болып қызмет еткен Эдуардтың денесі былтыр жазда судан табылған еді.
"Он қабырғасы сынған": Орал тұрғыны ұлының өліміне кінәлілерді іздеп жүр
Фото: astanatv.kz
374
оқылды

Орал қаласының тұрғыны Алексей Победимов қапыда қаза тапқан ұлының өліміне кінәлілерді іздеп жүр. Арыстай азаматынан айырылған ата-ана баласының оқыста опат болғанына сенбейді. Астаналық мамандардың көмегіне жүгініп, марқұмның денесін қабірден қайта қазып алып, сараптама да жасатқан. Анықтай келгенде қорықшының өліміне қатысты тың деректер анықталып, бір әріптесі қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Астана арнасына сілтеме жасап.

Қорықшы болып қызмет еткен Эдуардтың денесі былтыр жазда судан табылған еді. Әріптестерінің айтуынша, оның катері өшіп қалып, жәрдем сұрапты. Бірақ көмекке аттанған жігіттер судан қайықты ғана көріпті. Ал бір күннен кейін жігіттің денесі судан табылды. Қайғыдан қан жұтқан ата-анасы ұлының оқыста өлгеніне сенбейтінін айтады.

 «Бізге бейтаныс біреу хабарласып, ұлың жоғалып кетті деп суық хабар жеткізді. Күйеуім бірден көлікке отырып, су қоймаға кетті. Басында жұмыстастары баламның балық аулап жүріп, батып кеткенін айтқан. Кейін бұл сөз теріске шыққасын, әлдебіреулердің қатысы бар деген күдік күшейді», – деді марқұмның анасы Люция Победимова.

Полиция дерегінше, Эдуард абайсызда өлген. Яғни, мас күйінде суға құлап, батып кеткен. Әрі сот-дәрігерлік сараптамада мүрденің шіріп кеткені, еш зақымдалмағаны да айтылған. Бірақ әкесі катердің терезесі жоғын әрі бүлінгенін байқап, Эдуардты басқа біреу қайықпен соғып, құлатқанына көз жеткізеді. Сараптамаға марқұмның жеке заттары берілмей, тиісті зерттеу жүргізілмегеніне наразы азамат қайта шағымданған. Осылайша, сараптама қайта жасалады.

«Әуелі сот сарапшысы жалған ақпарат берді. Тергеуші де істі біржақты қарады. Сондықтан өз ісіне салғырттық танытқандар заңмен қатаң жазалануын сұраймын. Сонда ғана ұлымның өліміне кімнің қатысы бары анықталар еді», – деді марқұмның әкесі Алексей Победимов.

Мәйітке қайта сараптама жасалды. Астаналық мамандар мүрдеде жарақат барын, он қабырғаның сынғанын анықтады. Осыдан кейін кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен Эдуардтың әріптесі тұтқындалды.

 «Сот-дәрігерлік сараптамасын жүргізген маманның үстінен Қылмыстық кодекстің 420-бабы бойынша іс қозғалды. Қазір бұл іспен Орал қалалық Полиция басқармасы айналысып жатыр. Бәрі бақылауымызда. Тергеу аяқталғасын, тиісті шешім қабылдаймыз», –  деді БҚО Тергеу басқармасының бастығы Әлібек Салықов.

Егер сот сарапшысының кінәсі дәлелденсе, 5-10 жылға сотталуы мүмкін. Қазір марқұмның әкесі құзырлы органдарға шағымданып жатыр. Ол ұлының өліміне қатысы бар адамдарды  анықтап, әділдікке қол жеткізбек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.