Омбудсменнің айтуынша, әйелдің үлкен ұлы балаларды қолдау орталығына орналастырылды, ал анасы кенже ұлын ертіп, ауруханадан қашып кеткен.
"СҚО тұрғыны ұлын ұрлап кеткенін мәлімдеді": Динара Зәкиева мән-жайды айтты
Фото: press.kz
691
оқылды

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Instagram желісіндегі парақшасында Солтүстік Қазақстан облысындағы ауруханада жатқан 4 жасар ұл балаға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Динара Зәкиеваның айтуынша, 23 қыркүйекте Петропавл тұрғынының кенже ұлы төрт жасар бала ауруханаға "оң жақ білектің екі сүйегінің жабық сынуы, кеуде, арқа, жамбас және тізе буындарының, жыныс мүшесінің көгеруі" диагнозымен түскен. Анасының айтуынша, бала баспалдақтан құлаған.

"Алайда дәрігерлер бұл жарақаттардың тек құлау салдарынан болуы мүмкін еместігін және бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы 8-тармағы бойынша ("Кәмелетке толмаған балаға қатысты денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру") қылмыстық іс қозғалғанын айтты", – деді Зәкиева.

Омбудсменнің айуынша, әйелдің үлкен ұлы балаларды қолдау орталығына орналастырылды, ал анасы кенже ұлын ертіп, ауруханадан қашып кеткен.

"Бірнеше күннен кейін олар табылып, бала қайтадан ауруханаға жатқызылды. Тергеу барысында анасы Полиция департаментінің қаулысымен баланың мүддесін қорғаудан шеттетілді", – деді Динара Зәкиева.

Сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі уәкіл денесінде көгерген жерлері бар баланың фотоларын жариялады. Омбудсмен  суреттердің астына "Баланың денесінің сау-тамтығы жоқ"  деп жазды.

Еске сала кетейік, демалыс күндері әлеуметтік желіде Петропавл тұрғынының видео хабарламасы пайда болды. Әйелдің айтуынша, ол кенже ұлымен ауруханада жатқанда, қамқоршылық органдары оның үлкен баласын ұрлап кеткен. Қазақстандық әйел кенже ұлы баспалдақтан құлап, ауруханаға түсті деп сендірді. Алайда жағдайға түсініктеме берген полицейлер денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағанын айтты.

Қамқоршылық органдары да айыптауларға жауап берді. Олар баланың үлкені ата-анасының қарауынсыз қалғанын, сондықтан оны арнайы орталыққа орналастырғанын мәлімдеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.