Бетіне оқ тиген сарбаз Марат Барқұловтың әкесі ұлының өліміне қатысты тың деректерді бөлісті.
"40 минут қиналған": Ақтауда бетіне оқ тиіп, көз жұмған сарбаздың әкесі тың деректермен бөлісті
1,321
оқылды

Маңғыстау облысындағы полигонда қаза тапқан сарбаздың әкесі дәрігерлерді “әрекетсіздік” танытты деп айыптады, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

Бетіне оқ тиген сарбаз Марат Барқұловтың әкесі ұлының өліміне қатысты тың деректерді бөлісті. Оның айтуынша, шақыртуға келген жедел жәрдем қызметкерлерінің ұлын аман алып қалуға мүмкіндіктері болған. 

"Олар оны офицердің көлігімен қалаға апарған. Оларды жедел жәрдем көлігі күтіп алыпты. Осы жедел жәрдемде болған дәрігерлердің де жауапқа тартылуын қалаймын. Тек сөгіс емес, оларды жұмыстан шығару қажет. Жігіттер маған: "Ербол аға, олар келіп, не болды, ол кім, нешеде деп сұрады” деді. Яғни, олар ешқандай медициналық көмек көрсетпеген. Ал менің балам 30-40 минут қиналып жатқан. Оқ бетінен тиіп, басының артқы жағынан шыққан. Яғни, ми жұмыс істеп, бәрін түсініп жатқан. Оның қаншалықты қиналғанын елестете алмаймын", – дейді сарбаздың әкесі видеода. 

Видео TikTok желісінде Yertysbayev.live арнасында жарияланған.

Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысында борышын өтеп жүрген сарбаз полигонда бетіне оқ тиіп, көз жұмғаны туралы жазған едік. Бас әскери прокуратура сарбаз өліміне қатысты істің “қасақана адам өлтіру” бабымен тергелетінін мәлімдеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.