Тасқыннан кейінгі Құлсары қалыпты өмірге оралып жатыр. Кү­ні кеше Құлсары қаласында су тасқыны кезінде баспанасыз қал­ған 80 тұрғынға жаңа үй берілді.
Тасқыннан кейінгі Құлсары қалыпты өмірге оралды
218
оқылды

Тасқыннан зардап шеккен тұр­ғындар үшін Құлсарының биік жерінен «Болашақ» атты ық­шамаудан салынып, оның алғашқы 80 тұрғыны қоныстойын той­лады. Қалған 20 үйдің кілті жақында иелеріне беріледі. Сон­дай-ақ бүгінде 1 193 азамат өтемақы алып, үйлерін қайта қал­пына келтіріп, жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, жаңа­дан бой көтерген ықшамауданда газ же­лісі толығымен тартылып тұр. 

«Тұрғындарды жылыту маусымына дейін толықтай газбен қамту жоспарланып отыр. «Болашақ» ауданы қаладан 5-6 ша­қы­рым қашық жерде. Сондықтан тұр­ғын­дар үшін 1 қазаннан бастап қоғамдық кө­лік қатынай бастайды. Жарық шамдары мен қосымша абаттандыру жұмыстарын жүр­­гізу де жоспарда бар. 100 үйдің 80-і «Қа­­зақстан халқына» қорының қол­дауы­мен бой көтерді, қалғанына облыстық бюд­жеттен қаражат бөлінді. Ауласы 10 сотық болатын жаңа үйлердің сапасын ар­найы мамандар бақылауда ұстады», – деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова. 

Жаңадан көтерген ықшамауданда кө­ше­лерге толық асфальт төселді. Мектеп пен балабақша, спорт кешенін тұрғызу жос­­­­­­­­парда. Тұрғындарға тапсырылып отыр­­ған заманауи үйлер маусымның соңын­да басталған болатын. Үш ай ішінде құ­рылысы аяқталған үйлердің әрқай­сы­сы­ның ауданы – 100 шаршы метр.

Күләш Машенова – тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғыны. 

«Тасқын кезінде үйіміз бұзылғанымен, шү­кір, түбі қайыр, арты жақсы болды. Үйі­міз апатты деп танылған соң, сүруге тура келді. Әдемі, сәулетті жаңа үй салып ал­дық», – дейді жаңа қоныс иесі. 

Жаңа үйге қол жеткізгендердің қа­та­рын­да құлсарылық Шолпан Назарова да бар. Осыған дейін 60 шаршы метр қуықтай бас­панада тұрған ол кең әрі жаңа үш бөл­ме­лі үйдің иесі атанды. 

«Үйіміз суға кеткеннен кейін қиын­шы­лық болды. Қазір қиын күндер артта қал­ды. Көңіл күйіміз де жақсы. Жаңа үй ал­дық. Қоныстанып жатырмыз», – дейді құл­с­арылық Шолпан Назарова. 

Ерекше атап өтерлігі, «Болашақ» ық­ша­мауданында тұрғындардың барынша жай­лы өмір сүруіне бар мүмкіндік қара­с­ты­рылып жатыр. Қазір жаңа ауданда «Жай­лы мектеп» жобасы аясында «Binom» мек­те­бін салу жоспарлануда. Жылыой ауда­ны­ның әкімі Жұмабек Қаражановтан білге­ні­міздей, ықшамауданды дамыту жоспары жасақталған. 

– Binom мектебі мен балабақша жоба­сын жасақтауды жоспарға алдық. Соны­мен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ-мен ке­лі­сім аясында осы аумаққа спорт кешен са­лынады. Сондай-ақ мұндағы көшелер мен Құлсары қаласына дейінгі тасжол жа­рық­тандырылады, – деді Жұмабек Қара­­­­­жанов. 

Аудан әкімінің айтуынша, ықшамау­дан­дағы құрылыс жұмыстарын бақылау үшін тұрғын үй аумағына 7 камера орна­тыл­ған. Енді оларды қауіпсіздік мақса­тын­да пайдалану үшін орталық жүйеге қо­­сады. Сонымен қатар көше бойына «Сер­­гек» камералары орнатылады. Бұдан бө­лек, жергілікті мердігер мекеменің де­меу­шілігімен ашық спорт алаңы салына­ды. 

Қазіргі уақытта жаңа ықшамаудандағы 12,1 шақырым жолдың 7,5 шақырымы пай­далануға берілді. Ал 1 қазаннан бастап «Бо­лашақ» ықшамауданына қоғамдық кө­ліктер қатынай бастайды. Аталған ық­шамауданға қалаішілік №9 маршрут жүре­ді. Желіге 6 автобус бөлінеді. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта мұнда қо­ғам­дық көліктер қалаішілік 12 бағытта жә­не ауылдық округ және кент бойынша 6 ба­ғытта жолаушыларды тасымалдауда. Ау­дан бойынша тұрғындарға 80 шақты ав­тобус қызмет көрсетіп келеді.

Тасқыннан кейінгі Құлсарыда жақын­да жаңа спорт нысаны пайдалануға беріл­ді. Құлсары қаласындағы №1 ықшамауда­нын­да салынған жаңа спорт кешенінің ау­даны – 1 543,5 шаршы метр. Қос қабат­ты спорт ке­шенінде қала жастары футзал, дзю­до, бокс, күрес секілді спорттың төрт тү­рі бойын­ша жаттығады. Бұдан бөлек, 150 орындық көрермен залы және жаттығу залы бар. Кешеннің негізгі залы футболға арнал­ған. Онда футболға қажетті барлық құрал-жабдықпен, арнайы төсенішпен қапталған.

Айтпақшы, қазір Құлсарыда теміржол вок­­залына күрделі жөндеу жұмыстары жү­ріп жатыр. Ауданы 211,4 шаршы метр ғи­ма­рат заманауи стильге сәйкес жаңар­ты­ла­ды. 

Жөндеу жұмыстары аясында вокзал ау­мағын абаттандыру және шағын алаң салу жоспарлануда. Сонымен қатар пер­рон­ға дейінгі жол жөнделіп, жарық шам­дары орнатылады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін ескі пандус ауыстырылады. 

Күрделі жөндеу жұмыстары келесі жыл­­дың I тоқсанында аяқталады деп кү­тілу­де. Осы уақытқа дейін жолаушылар ес­кі вокзалдың қызметтерін пайдаланады.

Айта кетерлігі, жақында ел Үкіметі ре­зервінен Атырау облысындағы су тас­қынынан бүлінген жолдарды жөндеуге ша­мамен 5,9 млрд теңге бөлінген болатын. Бө­лінген қаражаттың 4,6 млрд теңгесі об­лыстық маңызы бар автожолдардың же­ті учаскесін жөндеуге бағытталады. Бұл ті­зімде «Индер – Қарабау – Сағыз», Қара­бау кентіне кірме жолдар, «Сарытоғай – Ма­хамбет», «Атырау – Индер» және Құл­сары қаласындағы жаяу жүргіншілер жо­лы бар. Сонымен қатар «Индер – Қа­рабау – Миялы – Сағыз» автожолындағы кө­пір мен су өткізгіш құбырлар құры­лы­сына шамамен 1,3 млрд теңге бөлінеді. 

Қазіргі уақытта тасқын өтінде болған Жы­лыой, Индер, Махамбет аудандары жә­не Атырау қаласында бұзылған жолдар­ды қалпына келтіру, көпір салу, баспанасы суға кеткендерге жаңа үй тұрғызу, өтемақы тө­леу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы