Президент көктемдегі су тасқыны кезінде «AMANAT» партиясының өкілдері ел үшін күндіз-түні еңбек еткенін атап өтті.
«AMANAT» партиясының барлық мүшесі көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсетті. Олар бөгеттер салуға және азаматтарды эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинап, елге таратуға бірге қатысты. «Ауыл» партиясының бастамасымен тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін студенттердің құрылыс жасақтары жедел құрылды. «Ақ жол» партиясы су тасқынымен күресуге екі жүзден астам арнайы техника жеткізді. Respublica, ЖСДП және Қазақстан халық партиясының белсенділері де шет қалмай, зардап шеккен азаматтарға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Әлбетте, бұл ауқымды жұмысқа партиялардан сайланған, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған мәслихат депутаттары да белсенді атсалысты. Ең алдымен, осы мақсатқа бөлінген қаржының жұмсалуын бақылауға көмектесті.
Әрбір партия өз қызметінде, негізінен, электоратына бағдар ұстай отырып әрекет ететіні түсінікті. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, сайлаушылардың дауысы үшін күресетінін көріп отырмыз. Алайда партиялар жалпыұлттық міндеттерді шешу үшін күш-жігер біріктіруге дайын. Саяси ұйымдар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде дәл осындай бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Тоғыз мыңнан астам отбасы су басқан үйлерін жөндеуге және қалпына келтіруге төлем алды, алты мыңға жуық отбасына баспана сатып алуға қаржы бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан астам жаңа үй салынды. Жоспарланған 2680 үйдің 2620-сы пайдалануға берілді.
Мұның барлығы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлесе атқарып жатқан жұмысының нәтижесі. Мен саяси партиялар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.