26 қыркүйекте кішкентай қызға ота жасалған.
"Көп қан жоғалтқан": Батыс Қазақстанда 4 жасар қыз отадан соң қайтыс болды
574
оқылды

Батыс Қазақстанда төрт жасар бала отадан соң төрт күн өткенде көз жұмды. Қазір баланың өлімінің нақты себебі анықталып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz mgorod.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала 25 қыркүйекте облыстық көпсалалы аурухананың ЛОР бөліміне түскен. Анасының айтуынша, қызының мұрнымен тыныс алуы қиындап, жиі суық тиген, түнде қорылдаған, тамағы жиі ауырған, ұйқысы бұзылған. Ал 26 қыркүйекте кішкентай қызға ота жасалған.

Төрт күн өткен соң бала көп қан жоғалтқан және ұйыған қан құса бастаған.

– 30 қыркүйекте сағат 00:35-те ота бөліміне ауыз қуысынан қан кету белгілері бар қыз бала түсті. Ауыз қуысы мен жоғарғы тыныс жолдары қалпына келтірілді. Сағат 00:40-та оның жүрегі тоқтап қалды. Оған реанимациялық іс-шаралар жасалды, бірақ нәтиже болмады, – деп хабарлады ведомство.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баланың өліміне не себеп болғаны екі аптадан соң, патологиялық (гистологиялық) зерттеудің қорытындысы шыққан кезде белгілі болатынын айтты.