Карцаг қаласының мэрі өз сөзінде мажар қыпшақтары мен қазақ халқын байланыстыратын бай тарихы, этнографиялық жәдігерлермен танысу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді.
Мажарстан қыпшақтарының астанасы Карцаг қаласында халықаралық көрме өтті
511
оқылды

Мажарстанның қыпшақ астанасы Карцаг қаласының «Карцаг қазынасы» Өнер және конференция орталығының павильонында «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. 

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған көрмеде мажар көрерменнің назарына Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің бай коллекциясынан 200-ге жуық тарихи экспонаттар ұсынылды. 

Ашылу салтанатына Карцаг қаласының мэрі Тибор Сепеши, Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Мажар қыпшақтары одағының президенті, Парламент депутаты Шандор Ф.Ковач, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова және жергілікті мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Карцаг қаласының мэрі өз сөзінде мажар қыпшақтары мен қазақ халқын байланыстыратын бай тарихы, этнографиялық жәдігерлермен танысу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді. Жәдігерлер мажар қыпшақтарының шығу тегін еске түсіретінін айтты. 

Қазақ Елшісі өз сөзінде бұл көрменің Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға өз септігін тигізетініне сенімін білдірді. Ұлы дала халықтарының тарихы мен мәдениеті оның ішінде қазақ дәстүрлері, тұрмысы, философиясы және дүниетанымы мажар қыпшақтарға жақын екеніне тоқталды. 

Мажар қыпшақтары одағының президенті, Парламент депутаты Шандор Ковач мадиярлардың тарихи шығу тегін зерттеу тұрғысынан көрменің құндылығы өлшеусіз деді. Бұл мажар қыпшақтарының қазақтармен тікелей туыстық қатынастардың дәлелі. Аталған көрме Ұлы даладағы көшпенді халықтар өркениетінің кішігірім көрінісі ғана екен, сондықтан бай мәдени-тарихи мұрамен толық танысу үшін Қазақстанға бару қажет деп түйіндеді.

Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің директоры көрмеге қойылған экспонаттардың тарихы, сондай-ақ іс-шараның маңыздылығына тоқталып кетті. Ол Алматы қаласы мұражайларының көрмесі Мажарстанда алғаш рет өткізіліп отырғанын, сонымен қатар, екі ел арасындағы мәдени көпірге айналған тарихи құндылығы бар мажар қыпшақтарының астанасы Карцаг қаласында ұйымдастырылуында маңызы зор екенін ерекше атап өтті. 

Екі бөлімнен тұратын көрмеде - бірінші бөлігінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін сипаттайтын жәдігерлер, зергерлік бұйымдар және музыкалық аспаптар ұсынылған. Екінші бөлігінде Алматы шаһарының әсем табиғаты мен заманауи келбетінің фотосуреттерін тамашалауға болады. Осы орайда көрмеге қойылған атаулы экспонаттардың бірі - хакім Абай шерткен домбыра да бар.

Көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан 200-ден астам экспонат ұсынылған, олардың ішінде XIII ғасырда Алматы аумағында соғылған күміс теңгелер (дирхемдер) бар. 

Бағдарламаның мәдени бөлімінде белгілі күйші, домбырашы Еркін Құдайбергеннің орындауындағы танымал күйлер мен белгілі қазақ композиторларының шығармалары орындалды. Іс-шара қонақтары қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татты. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.