Қыркүйек айында-ақ Астанада жылу беру маусымы басталды. Әдетте астана жылуға қазан айында қосылатын.
Астана жылыту маусымына дайын
493
оқылды

Сыртқы ауа температурасының төмендеуін ескерген қала әкімдігі 2024-2025 жылғы жылыту маусымының басталуы туралы қаулы қабылдап, 24 қыркүйектен бастап тұрғын үйлерге кезең-кезеңімен жылу берді. 

Бұған дейін әлеуметтік нысандардан түскен өтінімдер бойынша (мектептер, балабақшалар, емханалар) жылытуға қосылған болатын.

Әдетте жылыту маусымы сәуір айы­ның басына дейін созылады, бірақ нақ­ты мерзімдер ауа райына байланысты өзгеріп отырады. Ал жылыту маусымына дайын­дық жұмыстары әдетте жаз мез­гілінде басталады. Қазандықтардың тех­никалық жағдайы, жөндеу және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Астана қаласы коммуникациялар қыз­метінде өткен онлайн баспасөз-кон­ференцияда жылу энергиясымен қамта­масыз ететін мекемелердің жылы­ту мау­сымына күзгі-қысқы дайындық жұмыстары талқыланды. Белгілі болған­дай, биыл жылыту маусымына дайындық аясында «Астана-Энергия» АҚ негізгі жабдықтарды жаңарту және жөндеу бойынша айтарлықтай жұмыс­тар атқарған.

– Күрделі жөндеу компанияның әр­түрлі энергетикалық блогындағы 5 қазан­дық агрегаты мен 2 турбоагрегатта жүр­гізілді. Биыл энергия жабдықтары, ғи­мараттар мен құрылыстарға ағымдағы жөндеу жасалды, олар жылыту жүйесі жұмысының қауіп­сіздігіне ықпал етеді. Алдағы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында «Астана-Энергия» АҚ негізгі жабдықтарды жаңартты.

2024-2025 жылдардағы қысқы-күзгі кезеңге дайындық аясында қарас­тыр­ылған мәселелердің бірі – дайындықтың бірінші кезеңінде 55 жылу магистралі мен тарату желілерін тығыздық пен беріктікке тексеру мен сынақ жұмыс­тары болды. Сынақтан өткен 55 жылу магис­тралі жалпы жылу магистралі көлемінің 100%-ын құрайды. Сондай-ақ 14 сорғы стансасында және 1 жылу пун­к­т­інде жылыту маусымына дайын­дық жұмыстары өткізілді. Сонымен қатар ұзындығы 1217,95 м жылу желілері ішін­ара ағымдағы жөндеуден өтсе, ішінара жаңадан эксплуатацияға берілді, – дейді Астана қаласының Энергетика басқарма­сының басшысы Нұрлан Көпешов.

Қаланы жылытуда жылу қазандық­тары­ның дайын және қажетті отынның, мазут пен көмір қорының жеткілікті болуы маң­ыз­ды. Жалпы елорда жылына жылыту мау­сымында қанша көмір мен мазут жұм­сай­ты­нын сұрап, Энергетика басқармасы Жыл­умен жабдықтау бөліміне хабарласқан едік. 

Жылумен жабдықтау бөлімінің бас маманы Жарас Болатбектің айтуынша, жылыту маусымына дайындық кезінде толықтай жөндеу жұмыстары жасалған. Жалпы ЖЭО-да  көмір қоры 404 187 тон­на­ны, ал мазут қоры 5 250 тоннаны құрайды.

– Кәсіпорынның негізгі энергоблок­тарындағы 5 қазандық және 2 турбоагрегат күрделі жөндеуден өтті. Нақтырақ айтсақ, 1-ЖЭО-да No3,4 және No4 жылу блок­тары, ал ЖЭО-2-де No1,7 және No4 жылу блок­тары жөнделді. Сонымен қатар энер­гети­калық жабдықтарға, ғимараттар мен құрылыстарға, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір қала­дағы барлық жылыту орталығы тол­ық­тай, 100%-ға дайын.

Ал қауіпсіздік мақсатында көмірмен, мазутпен және газбен жабдықтау электр­мен жабдықтау стансаларында апаттық резервтік және жедел іс-шаралар талап­тарына сәйкес қамтамасыз етіледі. Жаңа технологияларды енгізу жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін әр­түрлі энергия көзін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазір қолда бар жылу қуаты сағатына 3 900 Гкал құрайды, оның ішінде: 1-ЖЭО – 794 Гкал/сағ, 2-ЖЭО – 1917 Гкал/сағ, 3-ЖЭО – 468 Гкал/­сағ, ГВК «Юго-Восток» – 350 Гкал/­сағ, ГВК «Туран» 325 Гкал/сағ. Аудан­дық қазандық– 46,09 Гкал/сағ, – деді маман.

Жылыту маусымында тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттің ал­дын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғын­дарға өрт қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат берді. Бұл ақпарат өрттің алдын алу, өрт болған жағдайда дұрыс әрекет ету және өрт сөндірушілерге қалай кө­мек көрсету керек екені жөніндегі негіз­гі ережелер мен талаптарды қамтиды. Жыл сайын жылыту маусымы қарсаңын­да тұрғын үй кешендерінің өрт қауіпсіз­дігі жағдайы тексеріліп, анықталған кемші­ліктер бойынша тиісті шаралар қабыл­данады. Кез келген адам білуге тиіс өрт қауіпсіздігі мен ыс тиюден сақ­танудың бірнеше қарапайым ережесі бар екенін айтады мамандар. Олар – әр бөл­меге түтін анықтайтын қондырғы орнату және олардың жұмысын үнемі тексеріп отыру, эвакуация жоспарын зерттеу, үйден немесе ғимараттан эвакуация жоспарын қалай пайдалану керегін білу, отпен ойнау­дан аулақ болу, өрт сөндіру бөлімі­не дереу қоңырау шалу, өрттің таралуын бәсеңдету үшін есіктерді жабу, балаларға қауіпсіздік туралы үйрету.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, әрбір үйдің иесі өз үйінің өрт қауіпсіздігінің дұрыс сақ­тал­уы­на жауапты. Үйіндегі пештің, газ плита­сының, электр сымдарының және сол секілді күнделікті үйдегі құрылғыл­ар­дың қарапайым қолданылуын дұрыс сақтап пайдалануы керек.   Азаматтық қорғау туралы заң бойынша Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлерге тексеріс жүргізбейді. Тек  тұрғын үйлерде профилактикалық үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізеді. Нақтырақ айтсақ, өрт қауіпсіздігі туралы жадынамалар, нұс­қаулықтар, ұсыным түбіршіктерін табыс­тайды. Және де үй иесінің рұқ­саты­мен үйіндегі пештерін, газ балон­дарын дұрыс қолдану жайында ақыл-кеңестерін айт­ады. 

Тілек ҚАБЫЛ