Сыртқы ауа температурасының төмендеуін ескерген қала әкімдігі 2024-2025 жылғы жылыту маусымының басталуы туралы қаулы қабылдап, 24 қыркүйектен бастап тұрғын үйлерге кезең-кезеңімен жылу берді.
Бұған дейін әлеуметтік нысандардан түскен өтінімдер бойынша (мектептер, балабақшалар, емханалар) жылытуға қосылған болатын.
Әдетте жылыту маусымы сәуір айының басына дейін созылады, бірақ нақты мерзімдер ауа райына байланысты өзгеріп отырады. Ал жылыту маусымына дайындық жұмыстары әдетте жаз мезгілінде басталады. Қазандықтардың техникалық жағдайы, жөндеу және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз-конференцияда жылу энергиясымен қамтамасыз ететін мекемелердің жылыту маусымына күзгі-қысқы дайындық жұмыстары талқыланды. Белгілі болғандай, биыл жылыту маусымына дайындық аясында «Астана-Энергия» АҚ негізгі жабдықтарды жаңарту және жөндеу бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарған.
– Күрделі жөндеу компанияның әртүрлі энергетикалық блогындағы 5 қазандық агрегаты мен 2 турбоагрегатта жүргізілді. Биыл энергия жабдықтары, ғимараттар мен құрылыстарға ағымдағы жөндеу жасалды, олар жылыту жүйесі жұмысының қауіпсіздігіне ықпал етеді. Алдағы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында «Астана-Энергия» АҚ негізгі жабдықтарды жаңартты.
2024-2025 жылдардағы қысқы-күзгі кезеңге дайындық аясында қарастырылған мәселелердің бірі – дайындықтың бірінші кезеңінде 55 жылу магистралі мен тарату желілерін тығыздық пен беріктікке тексеру мен сынақ жұмыстары болды. Сынақтан өткен 55 жылу магистралі жалпы жылу магистралі көлемінің 100%-ын құрайды. Сондай-ақ 14 сорғы стансасында және 1 жылу пунктінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары өткізілді. Сонымен қатар ұзындығы 1217,95 м жылу желілері ішінара ағымдағы жөндеуден өтсе, ішінара жаңадан эксплуатацияға берілді, – дейді Астана қаласының Энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Көпешов.
Қаланы жылытуда жылу қазандықтарының дайын және қажетті отынның, мазут пен көмір қорының жеткілікті болуы маңызды. Жалпы елорда жылына жылыту маусымында қанша көмір мен мазут жұмсайтынын сұрап, Энергетика басқармасы Жылумен жабдықтау бөліміне хабарласқан едік.
Жылумен жабдықтау бөлімінің бас маманы Жарас Болатбектің айтуынша, жылыту маусымына дайындық кезінде толықтай жөндеу жұмыстары жасалған. Жалпы ЖЭО-да көмір қоры 404 187 тоннаны, ал мазут қоры 5 250 тоннаны құрайды.
– Кәсіпорынның негізгі энергоблоктарындағы 5 қазандық және 2 турбоагрегат күрделі жөндеуден өтті. Нақтырақ айтсақ, 1-ЖЭО-да No3,4 және No4 жылу блоктары, ал ЖЭО-2-де No1,7 және No4 жылу блоктары жөнделді. Сонымен қатар энергетикалық жабдықтарға, ғимараттар мен құрылыстарға, ЖЭО-1 және ЖЭО-2 ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір қаладағы барлық жылыту орталығы толықтай, 100%-ға дайын.
Ал қауіпсіздік мақсатында көмірмен, мазутпен және газбен жабдықтау электрмен жабдықтау стансаларында апаттық резервтік және жедел іс-шаралар талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі. Жаңа технологияларды енгізу жылу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін әртүрлі энергия көзін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазір қолда бар жылу қуаты сағатына 3 900 Гкал құрайды, оның ішінде: 1-ЖЭО – 794 Гкал/сағ, 2-ЖЭО – 1917 Гкал/сағ, 3-ЖЭО – 468 Гкал/сағ, ГВК «Юго-Восток» – 350 Гкал/сағ, ГВК «Туран» 325 Гкал/сағ. Аудандық қазандық– 46,09 Гкал/сағ, – деді маман.
Жылыту маусымында тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарға өрт қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат берді. Бұл ақпарат өрттің алдын алу, өрт болған жағдайда дұрыс әрекет ету және өрт сөндірушілерге қалай көмек көрсету керек екені жөніндегі негізгі ережелер мен талаптарды қамтиды. Жыл сайын жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үй кешендерінің өрт қауіпсіздігі жағдайы тексеріліп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданады. Кез келген адам білуге тиіс өрт қауіпсіздігі мен ыс тиюден сақтанудың бірнеше қарапайым ережесі бар екенін айтады мамандар. Олар – әр бөлмеге түтін анықтайтын қондырғы орнату және олардың жұмысын үнемі тексеріп отыру, эвакуация жоспарын зерттеу, үйден немесе ғимараттан эвакуация жоспарын қалай пайдалану керегін білу, отпен ойнаудан аулақ болу, өрт сөндіру бөліміне дереу қоңырау шалу, өрттің таралуын бәсеңдету үшін есіктерді жабу, балаларға қауіпсіздік туралы үйрету.
Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, әрбір үйдің иесі өз үйінің өрт қауіпсіздігінің дұрыс сақталуына жауапты. Үйіндегі пештің, газ плитасының, электр сымдарының және сол секілді күнделікті үйдегі құрылғылардың қарапайым қолданылуын дұрыс сақтап пайдалануы керек. Азаматтық қорғау туралы заң бойынша Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлерге тексеріс жүргізбейді. Тек тұрғын үйлерде профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Нақтырақ айтсақ, өрт қауіпсіздігі туралы жадынамалар, нұсқаулықтар, ұсыным түбіршіктерін табыстайды. Және де үй иесінің рұқсатымен үйіндегі пештерін, газ балондарын дұрыс қолдану жайында ақыл-кеңестерін айтады.
Тілек ҚАБЫЛ