Жетісу өңірінде өткеннен сыр шертетін, жер мен елдің өткенін бүгінге күнге аман жеткізген құнды жәдігерлер тұнып тұрған тарихи орындар жетерлік. Солардың ішінде ежелгі жазулар мен суреттер қашалған, таңбалар ойылып, таңбаланған қасиетті әрі қастерлі орындар да көптеп кездеседі.
«Тасбақа тастың» тағдыры шешілді
373
оқылды

Басқа аймақтарды айтпағанда, облыс орталығы Талдықорған қала­сы­ның төңірегінде де ежелгі қорым­дар мен обалар, петроглифтер таң­ба­ланған тұтас шатқалдар мен жоталар, тау қойнаулары баршы­лық. Бір өкініштісі, бақылаудың болмауынан, дер кезінде мемлекет қорғауына алынбағандықтан, тона­лып, тозғаны, жартастары құрылыс материалдары үшін пайда­ланыл­ғандары да жетіп артылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын экологтар мен тарихшылар, археологтар шулап жүріп Кербұлақ ауданындағы Арқа­рлы тауларындағы петрголифтер­ді тас-талқан етіп, тақта тастарды құ­рылыс материалдарына айнал­дырып жатқандарды әрең тоқтатқан еді. Кейінгі жылдары осындай сорақы жағдай Талдықорған маңын­­дағы Қызылтас жоталарын­дағы петроглифтер таңбаланған жартастарға және сол аймақта орналасқан табиғаттың тамаша тартуы «Тасбақа» пішініндегі алып тасқа қатысты да қайталанды. Облыс­тағы алпауыт кәсіп­орын­дардың бірі осы аймақты меншігіне қаратып алып, құрылыс материал­дарын өндіру мақсатында ойран-топырын шығара бастаған. Эко­белсенділер мен еріктілер, тарихқа жаны ашитындар БАҚ жұмыл­дырып, Астана мен Алматыда бас­пасөз мәслихаттарын ұйымдас­тырып, облыс пен қаланың атқа­ру­шы билігіне жүгініп жүріп бұл бассыздықты сәл саябарсытқан болатын. Оған біздің газет те өзіндік үлесін қосқан. Ақырында тарихи орын кері қайтарылып, мемлекеттің қорғауына алынғаны белгілі болды. Бұл туралы осыдан біраз бұрын облыс басшысы айтып, қорғауға алынған алқапта тазалық акциясын өткізіп, көгалдандырып, жасыл желек отырғызу жайлы бастама көтерген. 

Осы орайда күні кеше Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды әрі аса маңызды шара ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, Талдықорған қаласында «Қызылтас – Тасбақа» экологиялық акциясы өткізілді. Шарапатты шараға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, қала басшысы Ернат Бәзіл және қоғам белсенділері мен жастар, экоеріктілер, «Жасыл ел» еңбек жасақтары белсене қатысты. Тарихқа жаны ашитын, экологияға жүрегі ауыратын жұрт­шылық өкілдері де қызу атсалысты. Экоакция өткізілген аумақта Қызыл­тастағы сирек кездесетін пе­тро­глифтердің жергілікті маңыз­дағы қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілгені жайлы тақтайша орнатылды. 

Қызылтастағы петроглифтерге қатысты түсінбестіктер басталған­нан бері осы дау-дамайлы істің бас-қасында жүріп, тарихи орын­ның талқандалуына қарсылықтарды ұйымдастыруға белсене қатысқан экобелсенді Динара Бакирова жергілікті жерде шешімін табуы тым күрделеніп кеткен мәселеге дер кезінде назар аударған Мемлекет басшысына, облыс жетекшісіне ха­лықтың алғысын жеткізді. Жоғары­да жазғанымыздай, осыдан біраз бұрын облыс әкімі Бейбіт Исабаев қоғамдастықтар мен экологтардың және тиісті құзырлы ұйымдардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде «Тасбақа» тас пен сол маңдағы жар­тастарға таңбаланға петроглифтерді сақтап қалу мақсатында нақты шаралардың жүзеге асқанын және соның арқасында кенішті игеру заңды негізде тоқтатылғанын, бұл мәселеге түебегейлі нүкте қойыл­ғанын мәлімдеген еді. 

Экоакцияға қатысқан «Қазақ­стан студенттері альянсы» Жетісу облыстық филиалының төрағасы, экоерікті Ескендір Аманқостың айтуынша, бүкіл еліміз бойынша өткізіліп жатқан тазалық акция­сының маңызы аса зор. Ортақ игілік­ті істен үлкен де, кіші де шет қалмай, бір кісідей атсалысуда. Мұндай шарапатты шаралар өсіп келе жатқан жас ұрпақтың туған елдің тарихына деген қызығу­шылы­ғын оятып, табиғатты аялауға тәр­биелейді. Адамдардың экологиялық сауатын арттырып, қоршаған ортаға қатысты жауапкершілігін барынша күшейтеді. 

Талдықорғанда өткен акциядан текеліліктер де шет қалмады. Кен­шілер қаласында Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, қаламы қарымды журналист, ақын Торғын Тұрлыбекованың қатысуымен «Жан мен тән тазалығы – рухани тазалықтың өзегі» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Жергілікті ақынмен жүздесуге экоеріктілер мен жастар жиналып, табиғат пен тарихқа қатысты пікір ал­масып, қоршаған ортада тазалық­тың сақталуы аса маңызды екенін талқылады. Осы орайдағы ұсыныс­тарын ортаға салды. 

Жалпы, Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өңір аумақтарын тазарту, жасылдандыру шаралары жалғасуда. Қазірі кезге дейін жалпы жұрттың қолдауына ие болған эко­логиялық акцияларға облыстың 200 мыңнан астам тұрғыны қатысқан. Күні бүгінге дейін сол адамдардың көмегімен, 161 техника пайда­ланы­ла отырып, 7 793 тонна қоқыс шы­ғарылып, 30 726 тал егілген. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы